Биылғы қыс өткен жылмен салыстырғанда суығырақ. Еліміздің солтүстігі ғана емес оңтүстігінде бораны көбейіп, аязы күшіне мінген. Ауа райының жайсыз болуы жолдағыларға, алыс сапарға аттанған жолаушыларға қиындық тудырады. Осындай қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалғандарға, қар құрсауынан шыға алмағандарға көмекке келетін, қол созым жер көрінбейтін алапат боранда адасып кеткен жандарды құтқаратындар Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері. Біз құтқарушылармен тілдесіп, қазірге дейін атқарылған жұмысқа қатысты мәліметтермен қанықтық. Бұдан басқа боран мен қатты аяздың тұтқынында қалғандардың аман қалуы үшін табиғаттың дүлей күшіне қалай қарсы тұруы керектігі жөнінде құтқарушылардың ақыл-кеңесіне құлақ түрдік. Ескертуді елемейтіндер көп Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, биылғы қыс басталғалы елімізде 700-ден астам жол учаскесі қолайсыз ауа райына байланысты жабылған. Оның ішінде 351-і республикалық, 346-сы облыстық деңгейдегі жол. Осы кезде ауа райына байланысты 663 ескерту жарияланған. Тұрғындарға 1,2 мыңнан астам SMS хабарлама жолданған. Қыс басталғаны қар құрсауында қалған көліктерден 2 847 адам құтқарылып, эвакуацияланған. Оның ішінде 328-і бала. Құтқарушылар жолда қалған 350 техниканы қардан шығарды. Көлік жүре алмай жабылып қалған жолдарға 720 арнайы техника жіберіліп, осы учаскелерде 1,2 мыңдай төтеншелік және полиция қызметкерлері кезекшілік жасады. Ведомство мамандары «алдағы уақытта табиғат тосын мінезі танытса оған қарсы әрекет жасауға әзірміз» деп отыр. Өйткені қыс басталмай тұрып, республика аумағында 37 мың адам мен 13 мың техникадан тұратын құтқару қызметінің тобы жасақталған. Айта кетерлігі, қалың қар жауып, боран соққан кезде жолдарды қардан тазарту кешіктіріледі. Бұл жолда көліктердің кептелісіне әкеліп соғады, сонымен қатар ТЖМ бөлімшелерінің құтқару жұмысын жүргізуін қиындатады. Бұдан басқа, ауыл, аудан орталықтарына кіретін жолдар қардан аршылмаса шұғыл қызметтердің келіп жетуіне көп уақыт жұмсалады. Қазірде қар құрсауында қалып қойған адамдарды құтқарушылар жол таңдамайтын техникамен ең жақын жылыту пунктіне эвакуациялайды. Яғни қар басқан жолдар аса кедергі емес. Ал жолда қалған көлік тек қардан тазартылған соң ғана әкетіледі. Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, қыста боран мен қатты аяз кезінде жоғалған адамдарды іздеу қиынға түседі. Бұл кезде көбінесе қысқы балықшы, бақташы және туристер, сондай-ақ ескертуді елемеген адамдар адасып кетеді екен. Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде елімізде қолайсыз ауа райы кезінде қар басып, көлік кептелісі болатын 3 мыңнан астам күрделі жол учаскесі анықталған. Олар Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Мамандардың айтуынша, қар құрсауында қалатындардың басым бөлігі ауа райына қатысты ескертуді ескермейтін, сондай-ақ қысқы-жазғы дизель отынымен жүретін жүргізушілер болып шығады. Былтыр қазан айында «Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары» өзгертілді. Соған сәйкес, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбаған жағдайда, жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша шаралар қолданылады. 30 айлық есептiк көрсеткiш (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады не 5 тәулікке дейін әкiмшiлiк қамауға алынады. Бұл жағдай қайталанса 20 тәулік беріледі. Жыл басынан бері осы норма бойынша 8 адам жауапкершілікке тартылған. Қарағанды облысында – 5, Абай облысында – 2, Ақмола облысында 1 адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылыпты. Екібастұз бен Риддер қаласында жылу және электр жүйесінде апат салдарынан тұрғындар ауыртпалықты бастан кешті. Бұл тұста да қатып қалған қаладағы тіршілікті бұрынғы қалыпқа келтіру жұмысына арнайы қызметтермен қатар төтеншеліктер де жұмылдырылды. Сондай-ақ біршама тәжірибе қалыптасқан. Айталық, ТЖМ мәліметінше, осындай жағдайда елді мекендегі тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі төтенше жағдайды жою барысындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Осыған қоса халықтың да іс-қимыл алгоритмі әзірленді, онда келтірілген залалды өтеу тетігі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Министрлік, «егер осындай ахуал қалыптасқан кезде қажеттілік туындаса, төтенше жағдай салдарын жоюға қосымша жұмыс тобы жіберіледі» деп отыр. Сонымен қатар осы аумақтарда халықты және жұмыс бригадаларын жылыту үшін көшпелі жылыту пункті мен далада ас әзірлейтін орындар ашылады. Мамандар үйлерді аралап психологиялық көмек көрсетілетін әлеуметтік осал топтарды белгілейді. Ведомствоның психологтары жылусыз қалған халыққа көмек көрсетеді. Олар еріктілермен бірлесіп көмекке мұқтаж жандарға жылы заттар, төсек-орын жабдықтары мен ыстық тамақ береді.
«ТЖМ күштерінің тобы төтенше жағдайдың салдарын жоюмен айналысады (жертөледен су сору, жылу мен су, кәріз желісін жылыту, пәтерлерді жылыту және құрғату т.б.). Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп адамдарды эвакуациялаймыз. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік материалдық резерв қоймаларындағы қажетті құралдарды броннан шығарылып, сонда жеткізіледі», – дейді Данияр Дүйсембаев.Осы тұста, құтқарушыларды техникамен, құрал-саймандармен, заманауи байланыс құралдармен қамтамасыз ету қаншалықты деңгейде деген сауал туындайды? Министрліктің мәлімдеуінше, қазір құтқару бөлімшелері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға жеткілікті мөлшерде жарақтандырылған. Жыл сайын ескірген арнайы техника паркін ауыстыру үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа материалдық-техникалық жарақ сатып алынады.
«Айта кету керек, министрлік мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды сатып алу қағидаттарына негізделеді. Осыған байланысты жедел бөлімшелердің практикалық қызметіне енгізу мақсатында төтенше жағдайларды жою саласындағы инновацияларға ұдайы мониторинг жүргізіліп отыр», – дейді төтеншеліктер.
«Таяуда бізге 900-ден астам техниканы жаңарту қажет. 2022 жылы біз шамамен 235 техниканы ауыстырдық. Егер мұндай ауыстыру қарқыны сақталса, техниканы жаңартуға шамамен 4-5 жыл қажет», – дейді Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Бауыржан Ахметалин.Оның айтуынша, алдағы уақытта министрлік қосымша қаржыландыру бөлу туралы мәселесі бойынша Үкіметке жүгінбек. Тағы бір ұсыныс, техника мен жарақтарды алу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен лизинг тарту.
«Бұл жағдайда біз техниканы алып, содан кейін оның қаржысын кезең-кезеңімен өтейміз. Көптеген әкімдіктер бұл схеманы сынап көрді. Менің ойымша, бұл оң әсер етеді. Соңғы уақытта техниканың бағасы өте жоғары өскенін ескеру қажет. Автоцистернаның құны 110 млн теңгеге жуық, 50 метрлік иінді көтергіштің құны 500 млн теңгеге жуық, ал 90 метрлік көтергіштің құны миллиард теңгеден асады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай техника өндірілмейді, біз оны шетелден сатып алуға мәжбүрміз», – дейді Бауыржан Ахметалин.Адасқандарға жадынама Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл қыста құтқару бөлімшелері тауда адасып кеткен 147 туристі іздеп табу үшін 14 іздестіру-құтқару жұмысын жүргізген. Туристерге қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек? Тауда адасып кеткен жағдайда қандай әрекет жасауы тиіс? Оы тұста құтқарушы мамандар туристердің қауіпсіздігіне қатысты ақыл-кеңесін айтты. Яғни, турист маршрутқа шығар алдында бағдар-бағыттың шарттарымен танысуы тиіс. Маршруттың ерекшелігіне қарай жеке заттарды, қажетті байланыс және навигация құралын, алғашқы медициналық көмек заттарын әзірлеп алады. Әрі құтқару қызметтерінің нөмірлерін білу қажет. Маршруты және саяхаттан қайтатын уақыты туралы әріптесі не отбасы мүшелеріне, тым құрыса көршісіне хабардар етуі қажет. Туризмнің белсенді әрі қауіпті түрі болса ТЖМ аумақтық органына баратын бағыты туралы хабарлайды. Суықта, қатты желде, қалың тұманда, қалың қар жауғанда саяхатқа шығуға болмайды. Сапар барысында ауа райы күрт бұзылса, жағдай жақсарғанға дейін қауіпсіз жерде паналау ұсынылады. Тауда адасып кеткен жағдайда қаншалықты шаршадың соны, айналаны, киім және аяқ киімнің жағдайын, жолдың қаншалықты көрінетіні, тамақ, сіріңке, су, байланыс құралдарының бар-жоғын ескере отырып, сосын кейін ғана алға жылжу жөнінде шешім қабылдаған жөн. Жол бойы адамдарға уақыт және кеткен бағыт туралы қағазға жазып, көрінетін жерге қалдыру керек. Байланыс пайда болса 112 немесе 101 телефондарына дереу хабарлаңыз. Боранда көлікпен далада қалғандарға қажетті кеңес қандай болмақ. Мамандар, қатты аяз немесе қар жауған кезде жолдағы бірнеше көлік бірлесіп жүруі керек дейді. Өйткені біреуі тоқтап қалса, лектегі жүргізушілер көмекке келеді. Ал боран немесе қатты аязда елді мекеннен алыс жерде немесе бейтаныс жерде тоқтауға мәжбүр болсаңыз арттан келе жатқан көлікті күту қажет. Байланыс болса 112, 101 телефондарына қай жерде тұрғаныңызды айтып хабарлаңыз. Тұрған жерді өтіп бара жатқандар тез байқауы үшін ашық түсті матаны көлік антеннасына немесе басқа жерге іліп қойған жөн. Сонда іздегендер тез табады. Мүмкіндік болса көлікті ық жерге қою керек. Көлік қозғалтқышы қатып қалмас үшін, оны матамен бүркеп жабылғаны дұрыс. Жанармай үнемдеуге тырысыңыз. Анда-санда сыртқа шығып, көлікті қар басып қалмас үшін аршып отырған жөн. Егер машинаны қар басып қалса, қозғалтқышты іске қоспаңыз. Өйткені улы газ көлік салонына жиналады. Сондықтан түтін шығаратын түтікті қардан тазарту керек. Тек осыдан кейін ғана оталдыруға болады. Бұл жағдайда улы газ көлік астына емес, ауаға тарайды. Сондай-ақ өте қатты боран соғып тұрса, жіп не арқан байлап содан ұстап сыртқа шығып, салоннан ұзамауға тырысу керек. Өйткені көлігінен жарты метрге ұзап, көлігін таппай адасып кеткен адамдар өте көп. Сосын, әрбір көлікте дәнекерлеу шамы, аккумляторды жалғайтын кабель, күрек секілді аса қажетті заттар болуы тиіс. Сөз соңында айтарымыз, ауа райы жайсыз кездегі ескертуді жадыдан шығармай, жоспарланған сапардан бас тарту, тәуекелге бармау қажет. Өйткені қыстағы табиғаттың тосын мінезі – аяз бен боран солтүстік және шығыс өңірлерде аса қауіпті.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ