Australian Open финалына шыққан Елена Рыбакина 1 миллион 625 мың аустралия долларын алды
Australian Open финалына шыққан Елена Рыбакина 1 миллион 625 мың аустралия долларын алды
© kick-league.ru
1,303
оқылды
Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты. Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 24-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Индиан-Уэллсте (АҚШ) қазақстандық теннисші басым түскен еді. Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте В.Азаренко брейк жасап, алға кетті. Дегенмен  Елена қатарынан үш геймді алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Әйтсе де, өзі доп бергенде, сетболды пайдалана алмады. Тай-брейкте Елена дегеніне жетті – 7:6 (7:4). Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Дегенмен Елена матчқа доп бергенде, В.Азаренко қайыра брейк жасады. Бірақ қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен матчты түйіндеді – 6:3. 1 сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 9 эйс жасап,11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шығып, 1 миллион 625 мың аустралия долларын жеңіп алды. Егер финалда жеңсе, 2 миллион 975 мың аустралия долларын алады. Е.Рыбакина финалда әлемнің 5-ракеткасы, тағы бір белоруссиялық Арина Соболенко немесе рейтингіде 45-сатыдағы Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.