Сәуле Чарыш: Бақыттың кілті – әркімнің жүрегінің түбінде
Сәуле Чарыш: Бақыттың кілті – әркімнің жүрегінің түбінде
609
оқылды
«Жүрегіңіз өкпе-ренішке толы болса, одан арылыңыз. Жүрек – қоқыс салатын қапшық емес. Ол – тәтті естеліктер мен қуанышты сәттерге арналған қоржын» дегендей, адамды күйзеліске түсіріп,  сағын сындырып, барынан айыратын ішкі жан дүние. Егер адамның ішкі жан дүниесімен үйлесім болмаса, тыныштығын жоғалтады. Ал адамның өзін-өзі тауып, бақыттың сыры неде екенін Charysh атты отбасылық психология орталығының негізін қалаушы Сәуле Чарыш 40 жылдық тәжірибесімен бөлісті. – Қазір жұрттың көпшілігі депрессия түсіп кеткендей көрінеді. Әсіресе, қыз-келіншектердің өз өміріне көңілі толмай жатқанын жиі байқаймыз. Бұған не себеп? – Жалпы, ел ішінде депрессияның күшеюі – ең әуелі бойдағы эмоцияны жасырудан, яғни ашуды басудан басталып отыр. Мәдениеттілікке салып, өз-өзімізді ұстап, ашу-ызаны көп жағдайда көрсетпеуге тырысамыз. Қандай да бір келіспеушілік туындаса, соның басын ашып, нүктесін қоймаймыз. Іштен бүгіп қала береміз. Ал іштегі жиналған ашу-ыза-запыранға айналатынын ойға да алмаймыз. «Шыдамның да шегі бар» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Бүгін болмаса да, ертеңгі күні іштегі запыран атом бомбасы секілді жарылады. Адам ашуына ерік берсе, өзін-өзі ұстай алмауы мүмкін. Тіпті, біреулерге дауыс көтеріп, айқайлауы да ықтимал. Ол кезде оның кесірі өзгеден гөрі өзіңізге ауыр тиеді. Ондай әрекетіңізді көрген ортаңыз сізді «эмоционалды тұрақсыз» деп санауы мүмкін. Ел-жұрттың сөзіне қалмас үшін іштен тынады. Ал оның соңы депрессияға әкеледі. Сол себепті, бойда жиналған ашуды, ешкімге кесірін тигізбестен шығару керек.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Центр Психологии CHARYSH (@charyshcentre)

– Бойдағы ашудан арылудың қандай жолы бар? – Шынын айтсақ, «ел-жұрт» деген сылтаумен іштей өз-өзімізді тежей береміз. Мысалы, жұмыс барысында әйел заты жұмсақ, біреудің ығына жығылып, тез келісімге келіп, қарсылық білдірмейді деген дағды қалыптасып қалған. Алайда әйел затының жұмыстағы кәсібилігін оның генетикасымен шатастырмау керек. Білікті маман ретінде заңдық тұрғыда өз міндеттерін жақсы біліп, жүктелген тапсырмаға қатысты өз пікірін білдірген жөн. Ал бізде қалай? Үндемей, айтқанға келісе салады. Сөйтіп, іштен тынып, өкпе-ренішті жинай береді. Үйде де, отбасында да тағы осы жағдай. Балаға жақсы ана боламын деп, бала-шағасының күтушісіне айналып кеткенін аңдамай қалады. Бір күні одан  да шаршайды. Содан ашуға бой алдырады. Негізі әуелден баланың өзіне-өзі жауапкершілік алуды үйретуі тиіс. Мәселен, үш жасар баланың өз ойыншығын өзі жинап, киімін кие алуы керек. Сондықтан баланы тәрбиелеу ананың жатырында жатқаннан басталады. Егер уақытында көрсетіп, жауапкершілікті өзіне артса, ашуланудың да жөні болмайды. Не болмаса көп әйел күйеуіне аспаз, үй күтушісіне айналады. Арада ұрыс-керіс болмас үшін, әуелден басын ашып алу керек. «Менің де жұмысым бар. Қарайтын бала бар. Саған күні бойына ыстық тамақ дайындап отыруға үлгермеймін. Үйдің кейбір жұмысын сен өзіңе алып, көмектеспесең болмайды» деп түсіндіруге болады. Міне, осындай ұсақ-түйек нәрсені уақытылы шешіп отырса, арада түсініспеушілік, өкпе-реніш болмайды. Керісінше, сабырлылыққа келіп, жаны тыныштық табады. Ал тыныштықтың арты қуаныш әкелетінін ұмытпаңыз.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Центр Психологии CHARYSH (@charyshcentre)

– Бүгінде үлкен-кішісіне қарамай суицидке барып жатқандар көп. Оның арасында тұрмыстың қиындығынан не болмаса қаржының тапшылығынан өзіне-өзі қол салып жатқан жоқ. Онда суицидке не түрткі? – Жалпы, суицид  дегеніміз – кек қайтару.  Ең алдымен, әке-шешесіне, жақынына кек қайтарған түрі. Себебі, ол өмірден өткенде үй іші мен жақындары қиналады. Сөйтіп, жақындарын қинағысы келеді. Іштегі ашу кекке айналып, адам өзін-өзі құртуға итермелейді. Оған қоса, негізі суицид аяқасты жасалмайды. Медициналық тұрғыда айтсақ, адам мұндай шешімге үш жылда келеді. Екіншіден, ата-ананың баласын шектен тыс еркелетіп жіберуі. Қит етсе айтқанын орындап, басына шығарып алады. Сол себепті, баланың қажеттілігін 70 пайызын ғана орындап, шектеу қоя білу керек. Онда да өзіңізбен теңдей көріп, неге шектелгенін түсіндірген жөн. Сонымен бірге, әрбір отбасының өз заңдылығы, сақталатын қағидалары болуы тиіс. Мысалы, отағасы үйге кеш келетін болса, өздерінің отбасылық чатында «Бүгін үйге кеш келемін, түнгі сағат екіде боламын, ұйықтай беріңдер!» деп жазуы тиіс. Бала болса да олар ата-анасы үшін алаңдайды. Оған қоса,  балалар көргенін істейді ғой. Ендігіде өздері кешіксе, ескертуі міндеттелген дағды қалыптасады.   – Соңғы уақытта өзіне-өзі қол салып қана қоймай, 2-3 баласын да өлімге қиып жататын жағдайларды естіп жүрміз. Мұны не дейміз? – Біздің елде суицид бойынша көрсеткіш өте жоғары. Тіпті, қарттардың өзіне-өзі қол салуы белең алуда. Бейнебір жүйелі процеске айналып кеткендей. Әйтпесе, адам түгілі жыртқыш аң өзін-өзі өлтірмейді. Бұл дегеніміз, мемлекет басқару ісінде әлі қолға алынбаған, кем тұсын түзеуді меңзеуде.  Яғни, адамды қорғау механизмі дұрыс жұмыс істемей отырғанның белгісі. Мұнда бала-шаға, әке мен ананың жағдайын жеке-жеке қарастырып, экономикалық, тұрмыстық деңгейде мемлекет тарапынан шешіліп, жүйеленуі керек. Оның үстіне, жігерсіз, өзін-өзі қорғай алмайтын әйел материалдық жағдайдан қиналса, депрессияға түседі. Ал оның арты өз-өзіне қол салуы ықтимал. Екіншіден,  ешбір мемлекет ешкімді толықтай қамтамасыз ете алмайды. Адам өзін-өзі қамтамасыз етуі керек. Рас, бәрі қымбаттап жатыр. Бірақ байбалам салмай, тығырықтан шығу жолды іздеп, өзіңді-өзің қамтамасыз ету қажет. Әркім өз өміріне өзі жауапкершілікпен қарауы қажет. – Бақыттың құпиясы неде? – Қанағатшыл болуымыз керек. Бақыт белгілі бір заттан не болмаса формадан тұрмайды. Ол – көпқырлы, қилы, әртүрлі. Не болмаса адамның бақытты болуы мемлекетке, тұрмысқа, баспананың үлкен-кішілігіне қарамайды. Әркім бақытты өзінше қабылдайды. Сондықтан бақыттың кілті – әркімнің жүрегінің түбінде. Себебі, бүгін сізді бақытты етіп отырған дүние, ертең қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Адамның бақытты болуы ішкі жан дүниеге байланысты екенін ұмытпайық! – Әңгімеңізге рақмет!