«Жаңа Қазақстан: экономикалық даму стратегиясы» халықаралық конференциясы өтті
«Жаңа Қазақстан: экономикалық даму стратегиясы» халықаралық конференциясы өтті
429
оқылды
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасында «Жаңа Қазақстан: экономикалық даму стратегиясы» халықаралық конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты – Жаңа Қазақстанды құру контекстінде тұрақты экономикалық дамудың кең ауқымдағы өзекті мәселелерін сараптамалық талқылау. Іс-шараға қазақстандық және шетел белгілі сарапшылар қатысты. Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті  кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат: «Қазіргі әлем турбуленттілік аймағына енді. Халықаралық қатынастардың шиеленісуі, ірі әскери қақтығыстар ошақтарының пайда болуы, энергетикалық және валюталық нарықтардың жоғары құбылмалылығы, сауда соғыстарының күшеюі, лаңкестіктің өршуі – осының барлығы әлемде болып жатқан тектоникалық ығысулардың сыртқы көрінісі. Қазақстан әлемдік жүйенің бір бөлігі бола отырып, бұл үдерістерден тыс қала алмайды. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап ретінде мемлекет Президенті Қ.К.Тоқаев Жаңа Қазақстан стратегиясын алға тартты. Оның өзегі – ұлттық экономиканың жүйелі проблемаларын – шикізатқа тәуелділік, еңбек өнімділігінің төмендігі, инновация деңгейінің жеткіліксіздігі, табыстың біркелкі бөлінбеуін жоюға бағытталған жаңа экономикалық саясат», - деп атап өтті. Қазақстанның шикізатқа тәуелділігін азайтудың маңыздылығы туралы ұстанымын толықтай бөлісе отырып, «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегері, «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин бүгінде мұнай-химия саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға кеңінен тоқталды. Оның пікірінше, бұл еліміздің ұзақ мерзімді перспективаларына жол ашатын саланың даму стратегиясындағы бетбұрыс. Өз кезегінде Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков орта және ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсуді тежейтін орын алып отырған келеңсіз факторлар мен теңгерімсіздіктерді жою жолдары туралы өз көзқарасымен бөлісті. «Егер бұл шаралар қабылданса, біз экономикалық өсімнің артуына және ішкі жалпы өнімнің екі есе артуына қол жеткізе аламыз», - деп түйіндеді сарапшы. Нью-Мексико университетінің (АҚШ) құрметті профессоры Грегори Глисонның пікірінше, Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басты мақсаты ЖІӨ көрсеткіші емес, ұлттық экономиканың әлемдік экономикалық процестердегі тұрақтылығы болуы керек. Мемлекет басшысы жариялаған экономикалық стратегияны жүзеге асыру бойынша құнды практикалық ұсыныстар М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының директоры Александр Сидорович, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бейсенғазин, Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің доценті Эмин Гарибли, Халықаралық ақпараттандыру академиясының бірінші вице-президенті Алексей Цеховой, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі Қуат Акижанов секілді конференция  қатысушыларының баяндамаларында да орын алған. Онлайн форматта тыңдаушы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы, Торайғыров университеті, Сәтбаев университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Астана IT университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​университеті, Қарағанды ​​техникалық университетінің магистранттары мен студенттері, сондай-ақ Астана қаласының қоғамдық пәндер оқытушылары қатысты.