«Жазушылық маған дүниенің сырын ашты. Өзіме-өзімді зертетті, өзімді-өзіме тергетті» деген екен бір сұхбатында Әкім Тарази. Расында да, қаламгерді танығыңыз келсе, шығармаларын оқы дер едік біз. Қазақ әдебиетінің Әкіміне айналған тұлғаның жазған-сызғаны да ел-жұртының көз алдында. Өмірінің әрбір сәулелі сәттерін қағазға түсіріп, оқырманына тарту етті. Қандай көркем дүние жазса да, онда Әкім Таразидің келбеті бар, мінезі бар, болмысы жатыр. Ендеше, Әкім ағаны өзге жазушылардан ерекшелейтін не дүние? Біздің білгіміз келгені де – осы.
– Әкім аға, әңгімені Бальзактың «Әр суреткер өзін-өзі жазады» деген сөзінен бастағым келіп отыр. Сіз кімді жаздыңыз? Өзіңізді ме?
– Мен әрине, өзімді жаздым. Өзімді жазбасам, кімді жазамын?! Басқа адамдардың тағдырын екінші бір адам жазып, еш уақытта рахаттанбайды. Тіпті, жазушы өзінің екінші дәрежелі кейіпкерінің өзін – өзі арқылы береді. Мен де өзімді-өзім кейіпкер қылдым, кейде кей кейіпкер автордың өзі болып тұрады. Өзін-өзі сыйлайтын адам басқа біреуден үйренбей, өзінен үйренеді. Көп адам өзін «жазушымын» деп айтады. Мен оның шығармасын, аты-жөнін білмеймін. Оны өзгелер мойындағанда ғана жазушы деп аталады. Бүгінгі біздің ең үлкен қателігіміз – осы.
Алматыда жүргенде жақсы достарым болды. Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Амантай Сатаев, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділ деген. Жарықтықтар, өмірден өтіп кетті. Олардың бәрін мойындаған – оқырманы. Олар сол оқырманы арқылы өсті, сол оқырманы арқылы қазақ әдебиетіне танылды.
– Сіздің әдебиетке келу жолыңыз «Етікшіден» басталғанымен, тікелей себепкер болған жан – Ғабит Мүсірепов. Бірақ маған алғашқы әңгімені «Араға» жібергеніңіз қызық болып тұр. Оған дейін «Араны» жиі оқып жүрдіңіз бе, әлде Ғабеңе жібергіңіз келді ме?
– Біріншіден, жақсы көріп, пәленшеге жағынайын деген ойым болған емес. Ғабит ағаны қатты сыйладым. Қарамағында істедім. Ол кісі мені өзінің ұлындай көрді. Осы күнге дейін ойласам, Ғабит аға менің әкемдей болған екен. Ол кезде әкем қайтыс болған. Адам жас кезінде шеше емес, әке іздейді. Шешені қыз балалар іздейді, ұл бала әкесін іздейді. Мені де Ғабеңе жақындатқан дүние осы болса керек. Рас, Ғабең жолымды ашты. Ол кезде небәрі 23 жастамын. Әу бастан осындай жақсы кісінің жолыққаны – менің өмірлік жолымды ашты. Сол кісінің тәрбиесін алдым. Ғабеңнің бір жақсылығы, әкем қатты ауырып, үйде болуыма тура келгенінде де қызметтен босатпай, ауылда тұруға мүмкіндік жасады. Ауылда жүріп-ақ жалақымды алып тұрдым. Әнеки, үлкен жүректі аға қамқорлығы осы емес пе?!
– Бір әңгімеңізде Өтебай Қанахиннің де тәрбиесін көргеніңізді айтқан едіңіз. Ол кісінің «Қарт сарбаз хикаясын» өртеп жібергенінен де хабардар болған шығарсыз. Сол сәттерде ол кісіге хабарласа алдыңыз ба?
– Өте мәдениетті, өте сыпайы адам еді. Бір адамға қатты ұрысқанын көрген емеспін. Ол кісі бізде бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Офицер болатын. Армиядан кейін келген. Әскерден келгенінде «жазып едім» деп, бір әңгімесін тастап кетті. «Сынасам, ренжімейсіз бе?» деп сұрадым, «Ренжімеймін» деді. Оқып шықтым. Сызып тастайтын жерлері болған жоқ, жап-жақсы шығарма. Ғабит ағаға айтып, журналға шығардық. Содан кейін жиі араласып кеттік.
– Социалистік қоғамға қарсылығын ақын-жазушылар ептеп шығармаларында көрсеткенімен, нақты ашып айта алмағаны белгілі. Өйткені кеңестік цензураның қайшысына қиылып, қаншама шығарма кетті. Сіз де қиындық көрдіңіз бе?
– Бір қызығы, маған шабуыл жасаған ешкім болған жоқ. Жас бала деп қамқорлықпен қараған сияқты. Ол кезде тым жас едім. Ары қарай кино саласын оқимын деп, Мәскеуге кеттік ғой.
– Сатиралық фельетон жаздыңыз. Бүкіл шығармаңыздан мысқыл, әжуа, кекесін байқалады. Бірақ сіз киносценарий жазуды жөн көрдіңіз. Киногерлер одағын да сол себепті таңдадыңыз ба?
– Киногерлер одағын таңдағаным, кино – жазушыға үлкен мүмкіндік береді. Сенің жазған киносценарийіңді бүкіл Қазақстан, тіпті әлем халықтары оқиды. Сондықтан өзімнің бұл салаға баруымды ерлік деп санаймын. Бір жағынан, бұл менің таңдауым ғана емес, Киногерлер одағының да шешімі еді. «Осы баладан жақсы кинодраматург шығады» деп сеніммен айтты. Сөйтіп, бұл саланы тереңдеп оқу үшін Мәскеуге кетіп, киноға дендеп бет бұрдым.
Жазушы жеке-дара майданға шыққан адам сияқты
– ХХ ғасырдың 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп санаймыз. Сол алтын ғасырды тудырған жандардың артықшылығы неде, кемшілігі не деп ойлайсыз?
– Өз достарым болғандықтан, мүмкін, кешіре білген шығармын. Кемшілігін көрген жоқпын. Артықшылықтары көп еді. Менің достарымның бәрі шетінен жақсы адам болды. Жұмыста отырсаң, «Акимушка» деп кіріп келетін. «Жүр, кеттік» дейді. Бірге асханаға барамыз. Ырду-дырду отырамыз. Қазір достарым туралы көп айта алмаймын. Жылап қаламын. Сайын, Қалихан, Амантай, Рамазан... Барлығы кетіп қалды...
– Айту қиын ба, жазу қиын ба?
– Жазу қиын. Айту деген оңай ғой. Көшеде бірге жүрсең де, қасыңдағы адамға сырыңды, мұңыңды айта беруге болады. Ал жазудың жөні бөлек. Сен жақсы жаза алсаң ғана мықты жазушысың.
– Алдыңғы толқынның Ата буыны ретінде кейінгілер арасындағы кикілжіңдерге қалай қарайсыз?
– Мен оларды татуластырғым келіп тұрады. Себебі, жазушы «ұрысуға» жаралған адам емес. Бір-біріне ақыл айтуы мүмкін, бір-бірінің жіберген қателіктерін түзетуі мүмкін. Жазушы өзін-өзі тәрбиелейтін, сол тәрбиесі арқылы ұлтын да тәрбиелейтін адамдар ғой. Ақын-жазушылар деген ат төбеліндей шағын ғана топ. Жұрттың бәрі жазушы бола бермейді. Мен журналистерді кемітпеймін, олардың да өз дәрежесі бар. Ал жазушының еңбегі – ол бөлек. Ол жанымен күйініп жазады. Қиналады, ізденеді, таба алмай, қамығады, тапса – қуанады. Жазушының табиғаты басқа. Жазушы жеке-дара майданға шыққан адам сияқты. Жазушыны адам жанының инженері деп бекер айтпаған. Жазушы бірде ағасы сияқты, бірде досы сияқты. Түрлі құбылысты бастан кешуі мүмкін. Оның қиналысын, жан тебіренісін, толқынысын шығармасынан іздеңіз.
– Қазір түрлі әдеби бәйге бар. Қайсысына түсер едіңіз?
– Ешқайсысына түспеймін. Мен үшін ұят. Ол жас жазушыларға ғана жарасады. Әкім Таразиге жараспайды.
– Аштықты көрдіңіз. Ұрпақ азған жоқ. Тоқтық адам баласын аздыра ма?
– Адам тоқтықтан да азады. Хәкім Абайдың: «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» демей ме? Тоқтықтың да қиын кезеңі болады. Күні-түні арақ ішіп, айғайлап, қарқылдап күліп, көшеге шығып, біреулермен төбелесіп жүрсе – азғындық емес пе?
Бізді аталарымыз аман сақтап қалды. Әкем мен шешем аштықтан аман алып қалды. Сол бір күндерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақырыбын айту – мен үшін өте ауыр.
– Өмірді қайта бастасаңыз, әдебиетті таңдар ма едіңіз?
– Әрине, таңдар едім. Әдебиеттен басқа ешбір салаға бармаймын. Бала күнімнен ертегі оқып өстім. Жігіт болған шағымда алғашқы әңгімелерімді жаза бастадым. Менің табиғатым – жазушы. Ішімде бәрі қайнап жатады. Әдебиет – менің әкем, анам, досым, сырласым. Мен жазғанда сырласып отырып, жазамын. Өзімді-өзім аямаймын, жеңемін. Жеңілетін кездерім де болады. Онда қиналамын. Кейіпкер табудың өзі қиын. Әр шығармаң – өз балаң сияқты. Ал киноға кеткенде, әдебиеттен кетіп қалған жоқпын. Кино – ол да әдебиет, театр да әдебиет. Бәрін бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаймын.
Әдебиет адам жанын тазарту үшін қажет
– Алдыңызда Ғабең бастаған ұстаздар тобы болды, төменге қарасаңыз ше? Кімді көресіз?
– Мен еш уақытта төменге қараған адам емеспін. Үнемі жоғары қарадым. Ғабеңнің тәрбиесін көрдім. Ол өз баласындай еркелетіп ұстады. Ол еркелікті өзгелерге көрсеткен емес. Қасында болғанымда еркелетті. «Әкімтай» деп сөйлейтін. «Қиналып жүрген жоқсың ба?» деп сұрайтын. Біреу тұрған жоқ па деп, айналама бір бағдарлап қарап алып, сыбырлай жауап қайтаратын едім. Соның бәрі күні кеше болғандай көз алдымда тұрады.
– Сатыбалды Нарымбетовтің айтқаны бар еді: «Әкім аға қазіргі жасында Ғабең сияқты. Ақырын жүреді, сабырмен сөйлейді. Сөйлеп отырған кезінің өзін Ғабеңе ұқсатамын» деп еді. Ғабең сізге несімен қымбат?
– Үртай – менің өз әкем. Ғабең – менің екінші әкем. Оның жақсылығын өте көп көрдім. Ғабең туралы өмір бойы сүйіспеншілікпен, махаббатпен айтып келемін.
– «Өмірде ұстаз болған үш адамның есімін жиі айтамын» дейсіз. Олар кімдер?
– Олар: Мәлік Ғабдуллин, Ғабит Мүсірепов, Кемел Тоқаев. Үшеуі де – менің рухани әкелерім. Олардан үйренгенім де көп. Әдебиетте ғана емес, өмірде де ұстаз бола білді. Олармен сөз таластырған емеспін. Мен олардың табиғатын түсінуге тырыстым. Әлі күнге дейін жадымнан бір шығарған емеспін. Қандай ғажап адамдар еді! Қандай талантты жазушылар еді!
– «Қорқау жұлдызды» 1988 жылы жаздыңыз. Саяси цензурадан бұл шығарма қалай аман қалды? Бүгінгі «қорқаулар» туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі уақыт туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі, олар туралы нақты ештеңе білмеймін. Ал сол замандағы «қорқауларды» өзім көріп жүрдім. «Арычная» дейтін көше бар еді. Арықтан су ағып жататын. Суы лайлы болатын. «Қорқауларды» да сондай лайлы сумен теңестіретін едім. Ал «Қорқау жұлдыз» цензурадан қалай аман қалғанына өзім де таңғаламын. Көп байқай қоймады ма, әлде байқаса да, байқамаған қалып танытты ма, әйтеуір маған ешкім тиіскен жоқ.
– Жалпы әдебиет не үшін керек дейсіз?
– Адамның жанын тазарту үшін қажет. Жанды тазарту оңай емес. Адамдар бір-бірін «қаралап», жанын жаралатып жатады. Сондай кезде әдебиетті оқысын, әдебиеттен рухани ләззат алсын. Жүрек ауыртуға болады, жүректі қалай таза ұстауға болады?
Олар туралы жүрегіммен жаздым
– Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесін» жазды. Қабдеш Жұмаділдің «Таңғажайыбы» бар. Сіздің әріптестеріңіз туралы жазған естелігіңіз бар ма?
– Бар. Біріншісі – «Көк аспанда қырағы көз бар», екіншісі – «Тәж». Осы екі кітабымда достарым туралы айтамын. Көбірек әдеби эсселер берілді. Шәкен Айманов, Ғабит Мүсірепов, Мәжит Бегалиннен бастап, тағы басқа ағаларым мен құрдастарым туралы жаздым. Ағаларым туралы айтқан сайын басымды иіп отырамын. Ол кісілерге құрметімді осылай көрсеткім келеді.
– Достарыңыз жайлы көп жазылды ғой. Дегенмен бесеуіңізді достастырған әдебиет пе?
– Әрине, әдебиет деп айтар едім. Әдебиеттің құдіреті сол: шын жазушының досы көп болады. Дарынсыз адам болса, жауы көбейеді. Нашар шығарма жазса, «сенің мынауың нашар екен» демейді. Оқымаған болып, қасынан өтіп кетеді. Менің қасымнан өтіп кеткен ешкім болған емес. Достарым да мені қатты сыйлады. Олар мені «Әкітай» дейтін, кейде «Әкімушка» дейді. Мен де оларды қатты құрметтедім.
– Достарыңыз неге сізді «көке» деді?
– Мен оларға тік сөйлеймін. Орысша айтқанда, «резко» айтатынмын. Сол үшін ағалап, бәрі «көке» деп еркелейтін. Кейде жазған дүниелеріне көңілім толмай қалған тұстарда, қатты айтып тастаймын. «Аға» деп сыйлап, көңілдеріне алмайтын. Өйткені мен олардың өзін емес, шығармасын сынадым. Олар да дұрыс сынға ренжіген жоқ, достық қарым-қатынасымыз одан ары беки түсті.
– Рамазан Тоқтаров сізді «Біздің кеменің капитаны» деп айтқан екен. Рас па?
– Алысқа апаратын кемені басқаратын адамды капитан дейді ғой. Солай еркелететін еді бәрі. Бірде-бір досымды сыртқа тепкен емеспін. Өзім сырымды айтамын, оның сырын тыңдаймын. Жазушы деген ұғымның түбінде сырласу жатқан жоқ па? Бізді достастырған да дүние – осы. Біз бір-бірімізбен сырласа алдық, мұңымызды, дертімізді, жүрегіміздегі барды айта алдық. Жұбаттық, жол сілтедік, бір-бірімізге үміт сыйладық.
– Мемуарға күдікпен қарайтындар көп. Жанр ретінде автордың субъективті пікірі болады, кейде тіпті «қиянат» айтылады деп те санайды. Арнайы мемуар жазбасаңыз да, әдеби эсселер арқылы үлкен тұлғалар туралы естелік жазғаныңызды білеміз. Мемуар жазуға қалай қарайсыз?
– Олар туралы жүрегіммен жаздым. Бір қарағанда әкемнің, бір қарағанда ағамның рөлін атқарды. Ал мемуар жазуға келсек, көзі тірісінде айтпаған сөзді өлгеннен кейін айту – күнә. Ол сол әңгімені тірі кезінде, жұрттың көзінше айтқан болса, сенер едім. «Доспын» деп жүріп, қиянат жасағандар бар. Қиянат жасап жүріп, «доспын» деп өзін көрсеткендер болды. Менің бір мақтанатын жайым бар: ешкім туралы ғайбат сөз айтқан емеспін. Қиянат та жасамадым. Естелік, әдемі эссе жазуға болады. Онда да құрмет көрсеткен, қадір тұтқан ағаларың жайлы жазылса, оны көркем шығарма дер едім.
– Әдебиетке келіп жатқан жаңа буынға, жастарға не айтқыңыз келеді?
– Қазіргі жастардың көбінің шығармашылығын біле бермеймін. Газет-журналдарға шығып жатады. Және менің сезімім бар, ол маған ғана тән. Жақсы шығарманы іздемеймін, сеземін. Сезіне алмасам, онда жақсы шығарма болмағаны. «Оқып едім, жақсы баға қоямын, ризамын» дейтіндер бар. Сен өзіңді-өзің сыйлайтын болсаң, үндеме! Іздене түссін, көбірек оқысын, соған жол сілте! Мен ешқашан әдебиеттен табыс табамын деп ойлаған емеспін. Жақсы жазушылардың тәрбиесін көрдім. Үлгі-өнеге алдым. Жол сілтеді. Сол жол ешқашан мені адастырған жоқ.
Мәселен, Мұхтар Әуезов өте биік деңгейдегі жазушы болғандықтан, ол кісіге жақындап баруға жүрексінетін едім. Жақындап бару үшін мықты адам болуың керек. Ол кісіден қорқатын едім. Өмір бойғы өкінішім де сол, қол созым жерде тұрған Әуезовке батылым жетіп, сәлем бере алмадым. Мәскеуде оқып жүргенімде «Москва» қонақүйінде ұшырасып қалдым. «Крокодильге» жазып жүретін кезім. Қонақүйге кіріп келе жатсам, Мұхтар Әуезов сыртқа шығып келеді екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі сыртқа шығып кетті. Кейін қайтыс болғанда да мен Мәскеуде едім. Ұлы жазушының қайтыс болғанын естіп, өз-өзімнен жылдам. Қасымда ешкім жоқ. Жалғыздық әсер етті ме, әлде әдебиеттің киесі ме, қатты жылағаным есімде.
Сол сияқты жақсы жазушыны оқырман өзі екшеп шығарады. Жақсы шығарманы да солай екшеп тұрады. Жақсы ма, жаман ба, бағаны да беретін – оқырман! Қандай құрметке лайық болсам, бәрі де елдің арқасы!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ