Менің туған жерім – Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданына қарасты Шалкөде ауылы. Ол кезде ауыл да, орта мектеп те, ауылымыздың орталық басты көшесі де кеңестік мемлекет және партия қайраткері С.Кировтың (оның шын фамилиясы – Костриков) атымен аталатын. Сол көшенің қақ ортасындағы ең көрнекті жерінде, колхоз клубының алдында С.Кировтың еңселі ескерткіші тұратын. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін бәрі де өзгерді. Қазір ол ауыл – Шалкөде, ал мектеп Шалкөде орта мектебі деп аталады. Большевиктер үкіметі тарих сахнасына шығарған қызыл қайраткердің төрімізде қасқайып тұрған ескерткіші құлаған Кеңес Одағымен бірге күресінге кетіп, есімі де біздің ауыл мен мектептен алынып тасталды. Мызғымастай көрінген одақтың тоз-тозы шығып ыдырап, қызыл көсемдер, белсенді большевиктер уақыт көшіне ілесе алмай қалды. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар» демекші, бектер кетті, ел орнында. Ауыл да, мектеп те ғасырлар бойы осы аймақтың халқы жайлап келе жатқан құтты қонысы әйгілі Шалкөде жайлауының атын иеленді. Тарихи атаудың ел қалауымен елді мекенге берілуі – тарихи әділеттілік. ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі талай кезеңінің өткелектерінен өтіп, мыңдаған түлекті түлетіп ұшырған, біздің ауыл мектебінің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Соған байланысты түрлі шара ұйымдастырылып, әр жылғы түлектер мектебін, ұстаздарын еске алып, альбомдар жасап, мектеп тарихын баяндайтын кітап дайындауға да кірісіп кетті. Осы бір ғасырда еліміздің оңтүстік шығысының сонау қиыр шетінде орналасқан шағын білім ошағында сауат ашып, хат танығандардың арасында біз де бармыз. Сол себепті біз де мектебімізді, ұстаздарымызды сағынышпен еске алып жатырмыз. Таулы аймақты мекен етіп, қиыр жайлап, шет қонған шалғайдағы қазақы ауыл мектебі бала көзімен қарағанда бізге сол кезде еңсесі биік ақ ордадай, хан сарайындай асқақ та зәулім көрінетін еді. 1972 жылы осы Шалкөде орта мектептің табалдырығын аттадым. 10-сыныпта оқитын Гүлбара әпкем мені қолымнан жетектеп апарды да, сыныпқа кіргізіп жіберді. Сабақ басталып кеткен екен, біз сәл кешігіп қалыппыз. Тап-таза, жап-жарық сыныпқа кіргенімде алғаш көргенім үш қатар парта мен оған қарсы қабырғада ілінген қоңыр тақта алдында тұрған мұғалім болды. Кірер есік сыныптың артқы жағында еді. Ту сыртындағы есік ашылып, жаңа оқушы келгендіктен, партада отырған оқушылардың бәрі артқа бұрылып маған қарады. Кірген бетте бар оқушының назары өзіме ауғандықтан, не істерімді, қайда отырарымды білмей дағдарып тұрып қалдым. Мұғалім мені қолымнан жетектеп апарып ортаңғы екінші қатардың бірінші партасындағы ақ бантикті, аппақ фартук киген қыздың қасына отырғызды. Өте жинақы, мұнтаздай таза киінген, аса бір ұқыпты оқушының Гүлмира Маретбаева екенін сәл кейінірек білдім. Сыныптастар оны Гуля дейтін. Менің 1-«А» сыныбындағы алғашқы сабағым осылай басталды. Сынып жетекшіміз, менің алғашқы ұстазым Сақабекова Маруся апай болды. Ұстазымыздың 70-жылдар үлгісіне сәйкес шашын дөңгелетіп төбесіне түйіп алып сабақ беріп тұрған кескіні, киім киісі мен жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, мұғалім екенін алыстан әйгілеп тұратын байыпты бейнесі жадымыздан еш өшпейді. Мектеп, мұғалім деген ұғымдар туралы сөз қозғалса ең алдымен сол бейне көз алдыма келеді. Өйткені білім ошағының табалдырығын алғаш аттағанда күле қарсы алып, жетектеп барып партаға отырғызған да, Әліппе бетін ашқызып, әріп танытып, қолыма қалам ұстауды үйреткен де Маруся апай еді. Менің мектепке барғандағы естіген алғашқы қоңырауым, білім жолындағы жасаған алғашқы қадамым, мұғалімді көргендегі алғашқы әсерім, алғашқы сабағым, алғаш таныған әрпім, алғаш хатқа түсірген сөзім бәрі де осы алғашқы ұстаз есімімен тығыз байланысты. Сонау 1972 жылдан бері арада елу жыл уақыт өтіпті. Сонда да ұстазымыздың ерекше есімін де, шуақ шашып, мейірлене жымиып тұратын жылы жүзін ұмытпай келеміз. Бұл да ұстаздың бала жүрегіне жол таба білгенінің айқын көрінісі. ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген апайымыз әр сөздің мәнін ашып, шағын әңгімелерді жасымыз бен балалық таным-түсінігіне лайықтап түсіндіріп, құлағымызға құйып беретін. Ол өте ұстамды, ерекше мейрімді, сыныпта отырған әр баланың мінез-құлқын жақсы білетін байқампаз психолог болды. Әр балаға мейіріммен қарап, жатық, тартымды сөйлеу мәнерімен, жағымды үнімен бізді өзіне баурап тұратын ұстазды оның алдынан сабақ алған 70-жылдардағы шәкірттері қазір айрықша құрметпен, сағынышпен еске алады. Маруся апайдың сабақ түсіндірген кездегі ұғынықты, қызықты етіп баяндаған әңгімелерінен әсерленгеніміз сондай оның айтқандары жадымызда жатталып қалып жататын. Мұғалімнің сыныпта айтқандарын үйдегілерге жеткізгенше асығып тұратын едік. Енді ойлап отырсақ біздің сөзге ден қойып, тіл мен әдебиетке үйір болуымызға алғашқы ұстазымыз да айрықша ықпал еткен екен. Маруся апай биыл 1 қаңтарда 80 жасқа толды. Алматы облысы Нарынқол, Кеген аудандарының бірнеше мектебінде жоғары санатты мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып 35 жыл жемісті қызмет еткен біздің ұстазымыз 1996 жылы еңбек демалысына шықты. Сол уақыттан бері Алматыда балалары мен немерелерінің ортасында еңбегінің зейнетін көріп отыр. Мерейіңіз үстем болсын, жүз жасаңыз, қадірлі ҰСТАЗ!
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор