Қазір кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын емес. Заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Мемлекет басшысы да жолдауында дәстүрлі кітапхана қызметіне серпін беру керек екенін айтып жүр. Осыған орай бүгінгі кітапхананың тыныс-тіршілігі мен өзекті мәселелері жайлы Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайбергенмен әңгімелестік.
– Алматыда жүргенде оқырманды «Номофобия», «Логотерапия», «Шабыт», «Атырау-Алтай арасы», «Media сауаттылық» сияқты жобалармен қуантып едіңіз. Ұлттық академиялық кітапханада осындай жобалар жалғасын таба ма?
– Жоба – жаңа заман талабы. Тұрақты түрде жұмыс істеген жобалар нақты нәтиже көрсетеді. Сондықтан кітапханалық жобалармен жұмыс істеуді он жыл бұрын қолға алғанбыз. Бұл жақта да жалғасын тауып жатыр. Бірінші жобамыз «Ашық әдеби лекция» деп аталады. Пандемия кезінде кітапхана қоғамдық оқу орындарына айналды. Қазір бос уақытында мұнда сабақ оқуға келетін жастардың қарасы көп. Бұл – кітапханалар ашық аудиторияның міндетін атқарып жатыр деген сөз. Ашық әдеби лекцияға кез келген адам қатыса алады. Бұл – YouTube жоба. Студенттер бекітілген оқу бағдарламасымен оқиды ғой. Ал жобада тақырып еркін. Мысалы, бүгін «Франц Кафка оқырманға не айтқысы келді?» деген тақырыпта өтті. Бұл тек бір лекциямен тәмам болмайды. Жалғасы болады. Жылына 10-12 лекция жасасақ деген ой бар. Қазір лекция әдебиеттанушылар, осы салада оқып жатқан жастар арасында үлкен сұранысқа ие болып жатыр.
«Ауруын жасырған өледі» дейді. Жасыратыны жоқ, қазір кітапханашы мамандар тапшы. Салада жастар аз. Кітапханашы мамандығы қартайып барады. Себебі жастар бұл салаға қызықпайды. Мұның бәрі әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Өйткені кітапханашының қоғамда, билік алдында, отбасында да беделі жоқ. Әдебиеттің бірден-бір насихаттаушысы – кітапханашы, адамның жанына азық беретін – кітапхана. Көп жерде қалыптасқан стереотип бойынша біз айтылмай қаламыз. Айлығы аз, әлеуметтік қолдау қарастырылмағаннан кейін мамандыққа деген қызығушылық та төмендеп барады. Осыған орай жас кітапханашылардың 2 күндік іскерлік кездесуін өткіздік. Осы жобаны тұрақты түрде ұйымдастыруды ойлап отырмыз.
Сосын көп жағдайда мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдаудан қателік жібереді. Себебі жастайынан әр бала бойындағы қабілетін дұрыс тани алмайды. Елімізде флористика, ауыр машина жасау, сән-дизайн, қонақжайлылық, туризм, тамақ жасау сияқты салаларда маман даярлайтын бірқатар колледж бар. Колледж бітіріп те мықты маман болып шығуға болады. Көп жастар жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өмірді неден бастайтынын білмей жатады. Сосын дипломды сандыққа салып қояды. Біз жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі үшін «Мамандық таңдау» атты жобаны қолға алдық. Балаларды мықты мамандармен кездестіретін жобаны ақпан айында бастаймыз.
Кітапхананың «Алқа» оқырмандар клубы бар. Апта сайын кітап оқып, талдайтын 150 азамат осы клубқа мүше. Өткен апта клубтың мүшелерімен кездестім. Клубтың бір ерекшелігі мұнда әже де, бала да, ер-азаматтар да бар. Кітап таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Қазір отбасымен жиналғанда әншілердің өмірінен басқа айтатын әңгіме табылмайды. Кітап оқымаған адам тұшымды әңгіме айта алмайды. Сондықтан клубтағы үлкен қарияларымыздың кері байланыс жасап, пікірін айтып жатқанда мен шын қуандым. Сонымен қатар кітапханада балаларға да, орыстілді оқырмандарға да арналған клубтар бар. Ағылшын, жапон тіл курстары да жеке жоба ретінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұйырса, алдағы уақытта қазақ тілі курсын бастаймыз. Сондай-ақ «Тұмар» іскер әйелдер клубын ашпақ ойымыз бар. Ол жерде әр салада жетістікке жеткен азаматшалар бір-бірімен жақынырақ танысатын болады. Ең үлкен жобамыз – былтыр өткізген республикалық Kіtap time жобасы. Былтыр бір күнде бұл жоба Қазақстан бойынша 70 кітапхананың алаңында өтті. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кітап та сатылды, қолөнершілер де өз өнімдерін таныстырды, суретшілер көрме жасады, баспалар да бір-бірімен танысты. Оқырмандар түрлі тақырыпта әртүрлі алаңда пікір алмасты. Осы жобаны жыл сайын өткізуді үрдіске айналдырып, қаланың басқа алаңдарына да шығуды жоспарлап отырмыз.
Кітапхана халықтық институттың рөлін атқаруы керек
– Сонда мұндай жобалардың мақсаты кітапхананың қоғамдағы функциясын арттыру ма?
– Иә, кітапхана қазір бұрынғыдай кітап алып кетіп оқитын жер емес. Кітапхана халықтық институттың рөлін атқаруы керек. Біз тұрақты, өміршең жобаларды дүниеге әкелгіміз келеді. Сосын эстетика залын жасақтауды да ойлап отырмыз. Кезіндегі сәннен шығып қалған грампластинка, аудио кассеталарды да сол жерге орналастырамыз. Бізде дыбыс жазу залы бар. Оқырмандардың сол жерге келіп, қалаған кітабын, шығармасын өз дауысымен оқуына мүмкіндік жасағымыз келеді. Қазір авторлық құқыққа байланысты аудиокітаптар жазу ісі тоқтап тұр. Себебі кітаптың аудио нұсқасын жазып жарияласақ, дүкендерде кітаптың саудасы жүрмей қалады. Сондықтан шығарманың насихатталуына автор бір шығармасын берсе. Біз сол шығарманың аудиосын сайтымызға жүктесек. Оны актерлер ғана емес, кез келген адам келіп оқып берсе. Сонда жаңа заман авторларының бір шығармасын тыңдаған адам сол автордың кітабын алғысы келеді. Маркетингтің осындай жолдарын қаламгерлерге көрсеткіміз келеді. Кітапханалық подкастар да аз. Кафелерге барсаңыз, балаларға бөлек, ересектерге бөлек мәзір жиынтығын береді ғой. Біз де кітаптарды балаларға, жасөспірімдерге, барлық отбасына арналған деп жиынтыққа бөліп ұсынуды ойлап отырмыз. Себебі қазір кейбір ертегілер мен әңгімелерді психологиялық талдаған кезде бүлдіршіндердің жасына сай емес екенін аңғарып жүрміз.
Әдебиеттегі тұлғаларға атаулы зал беріп түгендей алмаймыз
– Сіз келгелі Ұлттық академиялық кітапханада біраз өзгерістің болғаны есіктен кірген сәттен байқалады. Бұрын әр оқу кабинетіне қазақ әдебиетінің бір классигінің есімі берілетін еді. Жалпы, өзгерісті неден бастадыңыз?
– Айтарлықтай үлкен өзгеріс жасаған жоқпыз. Ең бірінші, кітапхана – халықтық орын. Кез келген азаматтың Ұлттық академиялық кітапханаға кіруге құқығы бар. Сондықтан ашықтық пен еркіндік қағидасын ұстанамыз. Кітапханаға тіркеуден өтпесе де, оң жақта орналасқан баспалардың жаңа кітаптарын алып оқи алады. Тіпті, азаматтардың кофе ішіп, бір-бірімен кездесіп, іскерлік жүздесулер өткізуіне де мүмкіндік жасадық. Сол үшін фойені кеңейттік. Ал атаулы залдар әлі тұр. Бірақ біз залдарды тақырыптық бағытта, мысалы ғылыми-техникалық, лингвистикалық, гуманитарлық, медициналық деп қайта жасақтауды ойлап отырмыз. Дегенмен ашылған залдар әлі жабылған жоқ. Кітапхана дәстүрлі, классикалық үлгісін жоғалтпауы керек. Сондықтан залдардағы кітап қорларынан жеке топтама жасау ойымызда бар. Мысалы, Әбіш Кекілбаевтың қоры, Нұрғожа Ораздың қоры деп. Кейбір залдағы кітаптар әлі кітапхана қорына да енбеген. Кітапхананың ең бірінші фундаменті – қор. Алғашында электронды қызмет көрсететін кітапхана болып ашылғандықтан, қорға аса мән берілмеген. Кейін қорды жинақтау, кітапты көбейту мақсатында атаулы залдар ашылған екен. Қазақ әдебиетінің бүкіл тұлғаларын атаулы зал беріп түгендей алмайсың ғой? Содан кейін: «Неге осы жазушыға зал берілмеді?» деген сияқты әңгіме басталады. Сондықтан атаулы залдар қате түсінік пе деп ойлаймын. Кейін үлкен көрме залын ашып, жазушылардың жинақтарына бөлек орын беруіміз де мүмкін. Жазушы кітаптрын кітапхана қорына енгізіп, қағазға түсіріп, жеке коллекцияларын жасап, сақтап қаламыз. Дегенмен бұл әлі шешімін таппай тұрған мәселе. Болашақта осындай атаулы залдар ашылмайды.
Кітапханаға кітап оқу үшін жұмысқа тұрдым
– Бір сұхбатыңызда «Кішкентай кезімде анамнан: «Кітапта басың қалсын» деген бата алғам» депсіз. Сонда кітапханашы болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?
– Жоқ, мен кітапханашыларды дайындайтын оқу орны бар екенін де білмегенмін. Менің алдымдағы әпкем 3-4 жасынан әріп таныпты. Ол кезде кітап аз. Әпкем қай жерден газет-журнал көре қалса соны оқып, үлкендерден сөз естиді екен. Мен әпкеме қызығып өстім. Қай кезде оқырман болып қалыптасқаным есімде жоқ. Бір кездері ес кіргенде физиканың ішіне көркем әдебиет салып оқып жүргенім есімде. Кітапқа деген қызығушылығым қатты болса да, кітапханашы боламын деп ойламаппын. Мұғалім болып, шәкірт тәрбиелесем деп армандайтынмын. Алматыға келгеннен кейін мүлдем басқа, заң факультетінде оқыдым. Бірақ кітапханаға кітап оқу үшін жұмысқа тұрдым. Абай айтқандай, менің өмірге келгендегі мақсатым – кітапханашы болу болған шығар. Кейін кітапханашы мамандығын оқып бітірдім. Осы салада тапжылмай жүргеніме 20 жыл болды. Басқа салаларды да көрдім. Бірақ мені кітап пен газет-журнал тартып тұрады. Біз жас кезімізде кітапты ашқарақтықпен оқитынбыз. Себебі ақпараттық дүниелер аз болды. Энциклопедия қолымызға тимейтін. Кітап дүкенінде кезекте тұрып: «Анау кітапты менің алдымдағы адам алып кетпесе екен» деп тілейтінбіз. Ол кезде шетелден кітап алдырып оқуға қолымыз жетпейтін. Ауылдың, мектептің кітапханасын түгендеп болған соң Алматыда оқып жүрген аға-әпкелерімізден сұрататынбыз. Кітаптың орнын газет-журнал толтыратын. Жыл сайын 14 түрлі газет-журналға жазылатынмын. Ол заманда басылымның қадірі болды ма, мектепте мен бір ғана газетке жазыла алатынмын. Жазылғым келеді, бірақ рұқсат жоқ. Мен тізімімді апарып анама беремін. Анам өзі жазылып, қалған газеттерді үлкен ағаларыма бөліп беретін. Осылайша, анам «кітап оқы, адам боласың» деген жоқ. Бірақ үнсіз мүмкіндік жасады. Кітап сатып алуға, газет-журналға жазылуға мүмкіндік берді. Осы газеттің бәрін тігіп, жинайды екенмін. Сонда бейсаналы түрде кітапханашы болып бастаппын. Үйге келген адамдар мен жинаған газет-журналдарды сұрап оқитын. Мектепте әр сенбі баспасөзге шолу жасайтынмын. Тығылып жүріп, қашып жүріп түнде кітап оқитынмын. Жарық сөнгеннен кейін айдың жарығымен таңда да оқитынмын. Сонда анам: «Кітапта басың қалсын» деп ұрысатын. Мамамның батасы тікелей қабыл болды ма, қазір сол кітаптың ішінде отырмын.
Бізде кітапхана туралы заң жоқ
– Кітапханашы мәртебесі жайлы жиі айтасыз. Биыл күнтізбедегі мерекелердің қатары кітапханашы күнімен толықты. Елімізде кітапханашы дайындауға қаншалықты көңіл бөлінген? Мерейі үстем мамандықтың мәртебесі артты ма?
– Үкіметтің қаулысымен 24 қазан еліміз бойынша кітапханашылар күні болып бекітілді. Кітапханашылардың өзі бірнеше категорияға бөлінеді. Бұл мереке жалпы кітапханашы атаулыға арналған. Кітапханашы мәртебесін көтеру туралы менен бұрын да талай айтылды. Ол кезде әлеуметтік желі болмағандықтан шығар, аса назарға іліге қойған жоқ. Сондықтан кітапханашының мәртебесін мен ғана көтердім деу дұрыс емес. Аузыма микрофон тақалса болды, соңғы он жылда кітапхана мәселесін кез келген жерде көтеріп, өз үлесімді қосып жүрмін. Биылғы мереке алғаш рет тойланды. Астана қаласында Мәдениет министрлігінің қолдауымен облыстардан, аудандар мен ауылдардан біраз азаматты шақырып, марапаттадық. Әрине, бұл мереке кітапханашының мәртебесін көтереді. Дегенмен бізде кітапхана туралы заң жоқ. Мәжілісте алдыңғы құрамдағы депутат Жұлдыз Сүлейменова кітапхана туралы заң дайындап, тыңдауға енгізді. Бірақ 100 пайыз қолдау тапқан жоқ. Сондықтан кітапхана туралы заң қабылданса немесе Мәдениет туралы заңның ішіндегі кітапхана туралы бөлікке өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, кітапханашының мәртебесі көтерілер еді. Ұлттық академиялық кітапхананың атына мұндағы кітапханашылардың айлығы сай келмейді. Кітапханашының мәртебесі көтерілуі үшін ең бірінші жалақысы жоғары болуы керек. Мемлекет басшысы да өз сөзінде кітапхана, кітапханашы сөздерін жиі айтып жүр. Дәстүрлі кітапхана қызметін жоймау керек деді. Мүлдем көңіл бөлінбейді деп айта алмаймыз. Бірақ әлі де көңіл бөлуге тұрарлық бірден-бір сала. Кітапханашылардың негізгі құрамын Алматыдағы Қыздар педагогикалық университеті дайындайды. Бірақ Кітапхана факультеті мен Ақпараттық ресурстар факультетін қосты. Биыл кітапханашы мамандығына өте аз грант бөлінді. Қазір кітапханашыларды дайындайтын маман жетпейді. Сосын кітапханашыларды заман талабына сай дайындауымыз керек. Бүгінде әлеуметтік желі қарқынды дамып жатыр. Ол жақты игеру үшін кітапханашы өзі SMM маман, өзі мобилогроф, өзі фотограф болуы керек. Сырттан мұндай кадрларды тарту үшін біріншіден жоғары айлық төлеу керек, екіншіден сырттан келген SMM маман кітапхананы сезінбейді. Сондықтан кітапханашыларды заман талабына сай қайта даярлауымыз керек. Сосын кітапханашыларды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тәжірибе алмасуына жағдай жасауымыз қажет.
– «Кітапты өртегеннен де өтіп кеткен ауыр қылмыс бар. Ол – кітапты оқымау» дейді Иосиф Бродский. Қазір кітапты бас алмай оқитын бала бар ма?
– Қазір керісінше кітап оқу сәнге айналып келеді. Біріншіден, біздің кезімізде кітап тапшы болса, қазір ондай тапшылық жоқ. Екіншіден, кітаптың аудио, электронды нұсқасын да оқуға болады. Сол кезде дәл осындай жаңа заманның мүмкіндігі болса біз де солай жасар ма едік. Сондықтан оны интернетке жаппау керек. Біз сыныпта 25 бала оқысақ, 5-6 бала ғана кітаптың айналасында үйіріліп жүретін. Бәрі баяғы заманмен салыстырады. Дей тұрғанмен, үмітсіз емеспіз. Оқырман бар. Олар көбейіп келеді.
Түркітілдес кітапханалар қорын құру қажет
– Ұлттық академиялық кітапханада 380 мыңнан астам кітап қоры бар екенін білеміз. Солардың ішінде құнды қолжазбалар да бар. Олардың сақталуына, электронды нұсқаға көшірілуіне қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Қазір кітапхана қоры 380 мыңнан көп. 1 миллион 400 мың қор бар. Оның 13 мыңы – сирек қор. Бұрын кітап мұражайы деп ашылған залда сирек қордың біразын көруге болады. Бірақ сирек қор олай сақталмайды. Былтыр бірнеше шетелде болдым, жылдың басында Анкараға бардым. Сирек қорды ешбір ел оқырманның көз алдына жылтыратып бермейді екен. Мәскеудегі кітапхананың өзінде бізге көрсететін сирек қолжазбаларды біз барғанша матамен бетін жауып қойыпты. Қолжазбаның дұрыс сақталуына, жарық түсуіне қатты көңіл бөлінеді. Сондықтан қазір төменгі қабаттан сирек қорды сақтауға арналған бөлім ашпақшымыз. Оған керек шамдар мен желдеткіштерді, реставрациялық құрылғыларды биыл қолға алып жатырмыз. 13 мың сирек қор әлі көбейеді. Республика бойынша қай жерде сирек қор бар болса, солар казнебке құйып жатыр. Қазір электронды порталдан 9 мың қолжазбаның сканерленген нұсқасына қол жеткізуге болады. Кітапханада сирек қор болғаннан кейін ғылым жасалуы керек. Ол бөлімде арнайы арабтанушылар, парсытанушылар жұмыс істейді. Былтыр «Ана тілі» газетінде «Сирек кітаптар сөйлейді» деген айдар аштық. Қазір құнды қолжазбаларды реставрациядан өткізіп, библиографиялық көрсеткіштерін жасап жатырмыз. Латын тілінде шыққан газет-журналдар мен кітаптардың библиографиялық каталогі баспаға дайын тұр. Сосын Хасан Оралтайдың мерейтойына орай, жазушының аудиоға түскен шығармалары кітап болып дайындалды. Бұл жұмыстың бәрін кітапхана қызметкерлері істеп жатыр. Тұрсынбек Кәкішовтің атаулы залындағы қордың бәрі – қолжазба мен сирек кітап.
– Қазіргі оқырманға қағаз кітап оқыған ыңғайлы ма? Әлде электронды кітап оқыған ыңғайлы ма?
– Барлық оқырман үшін жауап бере алмаймын. Сосын салыстырудың қажеті жоқ. Себебі талғамға талас жоқ. Оқырман деген тек кітапханаға келетін адам емес. Кітапханаға келетін азаматтар кітапхананың қызметін пайдаланушы. Ал кітапханаға тіркелмесе де, үйінде кітап оқитын адамның бәрі оқырман. Сондықтан кітаптың электронды нұсқасы қолжетімділіктің бір түрі. Қазір қазақстандық электронды портал жұмыс істеп тұр. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің жобасы, үйлестірушісі – ұлттық кітапхана. Ол жерде 68 мыңға жуық құжаттың электронды нұсқасы жүктелген. Оның ішінде 40 мыңға жуық электронды кітап бар. Биыл электронды порталдың ұялы телефонға арналған қосымшасын іске қостық. Android-та бұл қосымшаны жүктеп алуға болады. Ал Apple-дан жауап күтіп отырмыз. Электронды порталда виртуалды пайдаланушылардың саны артты. Сосын кітапхана басқа қаладағы оқырмандарға қажетті құжаттарын электронды пошта арқылы жеткізіп береді. Виртуалды пайдаланушылардың саны биыл 800 мыңға жуықтады. Сосын ұлттық кітапхананың қызметкерлері Оксфорттың, Ресейдің мемлекеттік кітапханасының базасы сияқты бес түрлі қорға тегін қол жеткізе алады. Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісіп авторефераттар, докторлық диссертацияларды да электронды порталға орналастыруға тырысып жатырмыз. Мысалы, Ресейдің дипломдық жұмыстарының базасы өте мықты. Олар одан монетизация жасап отыр. Сондықтан ұстаздардың әдістемелік жұмыстарын, студенттердің дипломдық жұмыстарын неге мемлекеттік порталға жүктеп, баршаға қолжетімді қылмасқа? Сосын Ресейде оқыған қазақ зиялыларының докторлық диссертациялары мен дипломдық жұмыстарын алуды да жоспарлап отырмыз. Былтыр жылдың соңында Санкт-Петербордағы президент кітапханасымен меморандум жасадық. Ол жақтан біздің елге қатысты 76 құжаттың электронды нұсқасына тегін қол жеткіздік. Қазір ол құжаттар kazneb.kz порталына жүктелді. Сол сияқты қазақ елінің тарихына қатысты деректер мен құжаттар әр жерде бар. Сол үшін Түркітілдес кітапханалар қорын құрып, ортақ құжаттарға қол жеткізуді ойлап отырмыз. Себебі өткенсіз бүгін жоқ. Бүкіл қазақтың тарихына қатысты құжаттардың электронды нұсқасын бір жерге жинауды жоспарлап отырмыз. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дейді. Кітапхананың жұмысы да ертең үшін. Қазір Александрия кiтапханасы неге сұранысқа ие? Неге туристерді тартады? Біздің кітапханаға да сондай қор жиналса, жүз жылдан кейін туристерді тартатын орынға айналады. Сондықтан бүгіннен бастап тарихқа жұмыс істесек деп ойлаймыз. Әрине, мүмкіндік пен уақыт берсе. Қазірдің өзінде kazneb.kz порталының шетелдерде тұрақты қолданушылары бар. Кітапхананың негізгі екі тірегі – оқырман мен қор. Сондықтан қорды реттеп қалпына келтірсек, оқырмандар да көбейеді. Қазір күніне 30-40 оқырман тіркеледі. Сенбі және жексенбі күндері де жұмыс істейміз.
– Әлеуметтік желіде шетелдегі ерекше кітапханалардың суреттерін жиі бөлісесіз. Бұл Қазақстанда заманауи жабдықталған, кітап қоры мол, әлемдік деңгейдегі кітапхана ашылса деген арманыңыздан ба?
– Дұрыс байқадыңыз. Бұл мессендж қоғамға, Үкіметке арналған. Сондай кітапханалар біздің елімізде неге жоқ? Мысалы, көрші Ресейдің кітапханашыларының күші мықты. Олар «культура» деген жоба жасап тастаған. Жыл сайын миллиардтаған қаржы, грант бөлінеді. Жылына 100-ге жуық кітапхана модернизациядан өтеді. Ал Қытай кітапхана салудан алда. Соңғы рет желіге Жапониядағы судың үстіне салынған кітапхананы жүктедім. Франция, Милан, Жапония, Мельбурндағы ерекше кітапханаларды да бөлісіп жүрмін. Алматы мен Астанадан неге турист тартатын осындай ерекше кітапхана салмасқа? Өткенде Анкарадағы кітапханада болдым. Ол жерге келетін халықтың қарасы қалың. Күніне оқырмандарға тегін бір уақыт ыстық тамақ, су береді. Төмен қарай кітап сақтайтын жеті қабаты бар. Ташкенттің ұлттық кітапханасына 14 миллиард сом инвесторлар тартыпты. Кітапханаға тікелей Президент әкімшілігі қарайды екен. Біз 3 сканерге қуанып отырсақ, оларда 38 сканер бар. 24 сағат кітапхананың электронды залы жұмыс істейді екен. Ол жерге 100-ге жуық компьютер қойылыпты. Бізде кітапханаға көңіл бөлінбей жатыр деп айта алмаймын. Бірақ модернизациядан өткен, жаңа талапқа сай, кітапхана ісі автоматтандырылған жер жоқ. Кітапханаға бару пайдалы деп айтып отыратын мораль жастарға өтпейді. Кітапхананы қазіргі заман талабына сай сәулетті етіп салсақ, адамдар өздері-ақ келер еді.
– Әңгімеңізге рақмет!