Табиғат пен адам егіз ұғым. Адамсыз табиғат, табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Қазақ халқының табиғатты, қоршаған ортаны, жан-жануарлар мен құстарды аялағаны соншылық, тіпті сонау тарихтағы қиын-қыстау кезеңде де судағы балыққа, ұшқан құс пен жүгірген аңға да зиянын тигізбеген. Соның ішінде жануарлар дүниесінің алатын орны ерекше. Ерекше бөліп айтатын аңның бірі – Қарақұйрық. Қарақұйрық ашатұяқтылар отрядының қуысмүйізділер тұқымдасының киіктер (газель) туысына жатады. Ерте кезде Қазақстанның шөлейтті және шөлді алқаптарын мекендеген аңның бірі «қарақұйрық» деп аталады. Құйрығының ұшындағы бір топ шашақты қылшығының болуынан аң осылай аталған. Өйткені оның өзіне тән қысқа құйрығының қылшықтары қара түсті. Оның дене тұрқы ақбөкенмен салыстырғанда шағындау, арқа тұсының түгі сары-қоңырқай, құрсақ тұсы және аяқтарының түгі ақшыл-бозғылт түсті. Дене тұрқының ұзындығы – 101-126 см, шоқтығының биіктігі – 59-79 см, ашатұяқты, тұлғасы өте сымбатты аң. Текелерінің салмағы – 22-34 келі, ал ешкілерінің салмағы –20-33 келі. Басы кішілеу, сәл сүйірленіп келген, құлағы тік, мойны жіңішкелеу әрі ұзындау. Текелерінде қара қоңыр түсті мүйізі болады, ал ешкілерінде мүйіз жоқ. Тұяқтары қара, сопақшалау, сәл үшкірленіп келген. Тұяқтарының арасында ерекше бездері жақсы жетілген. Сол бездерден бөлінген сұйықтық арқылы бірін-бірі табады. Қауіп төнгенде шағын қара құйрығын тік көтеріп, басын артқа шалқайта тік ұстап жылдам жүгіреді, кейде 4-5 метр жерге қырғи алады. Қарақұйрықтың дене бітімінде көзге оғаш көрінетін мүше байқалмайды. Оның денесіндегі барлық мүше бір-бірімен үйлесімді орналасып, аңның мүсінін сымбаттандыра түседі. Ұзынша келген мойны шағын басымен байланысып, ондағы жаудыраған алға шығыңқы қара көздері, артқа қарай сәл иіліп келген орамалы пішінді мүйіздері және шағын тұяқты сидам сирақтарының бәрі де бірін-бірі толықтырып тұрған мүсін аңның ажарын арайландырып тұрғандай. Қарақұйрық көбіне еліміздің құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді алқаптарында таралған. Ол 100 күн сексеуіл, жыңғыл, тораңғы өскен бұйратты жал құмдардың арасында да кездеседі. Кейде шағын тау бөктерлерінде теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктікте жүреді. Қыс және күз мезгілінде қар аз түсетін жерлерге қоныс аударады. Топырағы құмды жұмсақ жерлерді тұяғымен тарпып қазып, уақытша жатақ жасап жасырынып жатады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қарақұйрық 70-тен астам шөп және бұталармен қоректенетіндігі анықталған. Оған орташа есеппен, тәулігіне 6-7 кг қорек керек. Ащы, тұщы және қақ суларын іше береді. Суатқа кешкілік қараңғылық түскенде және таңертеңгілік мезгілде келеді. Көбіне таңертеңгілік салқында және кешке қарай жайылады. Есту және көру мүшелері жақсы дамыған өте сақ жануар. Қарақұйрықтың негізгі жаулары – қасқыр, түлкі, қарақал мен бұралқы ит. Сонымен қатар бүркіт пен қарақұс та лақтарына шабуыл жасайды. Қарақұйрықтың саны күрт азайып бара жатқан соң Қазақстанның Қызыл кітабына (2010 жыл) тіркелген. Қарақұйрықты қорғап, санын көбейту үшін жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысы кеңінен жүргізілуі керек. Өйткені қарақұйрық еліміздің төлді әрі сымбатты аңдарының бірі. Туған табиғатымызды шама келсе бүлдірмей сол күйінде кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдыру – біздің асыл парызымыз. Осы байлықты қорғау, табиғат саласында қызмет атқарып жатқан мекемелер мен мамандардың басты мақсаты және оларға жауапкершілік екенін есімізден шығармағанымыз жөн.
Ерлан МЫРЗАБЕК, инспектор