Ақмаралмен тілдескен кез келген адам оның екпіні мен көзіндегі жалынға таңданары анық. Ішіңнен «спортшы болуға жаралған деген осы болар» дерсің. Адуынды қыздың татамиден алыстағанда шешімді спорттан кетуден емес, парадзюдоға ауысудан тапқаны тіпті жігерлендіреді. Осыған сай әлем чемпионатының алтынын алғаны тағы бар. Екінші тынысым ашылдыПарадзюдодан Бакуде өткен Әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Әр кәсіпқой спортшы сияқты бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жетістікке жетер жолда жарақат мазалап, сенімсіздік күшейген кез болды. 2021 жылдың қаңтар айында дзюдодан гран-при жарысына дайындық кезінде көзім жарақаттанды. Жарты жыл үзіліс алып, үлкен спортқа қайта оралудың бар амалын қарастырдым. Дәрігерлер мансабымды жалғастыруға рұқсат бермей, «осымен тоқтат» деп кесіп айтты. Бірақ бұл шешіммен келіскім келмеді. Сол тұста отбасымның, жолдасымның, қазіргі бапкерім Айдын Жұматұлының қолдауының арқасында бар қиындыққа төзіп, парадзюдоға ауыстым. Спортта егер жарақат алып, ары қарай нәтиже көрсетпесең, сен ешкімге керек емессің. Сенің жетістіктерің бір мезетте ұмытылып кетеді. Бірақ жоғарыда айтқан адамдардың маған сенім артқаны үмітімді үзбей, алға ұмтылуға күш берді.
Көзіме ота жасаған соң дзюдоға қайта оралудың қамын жасадым. Оралғым келді, татамиді, ондағы атмосфераны сағындым. Бірде бапкерім Айдын Жұматұлы парадзюдоға ауыса алатынымды, J1 және J2 категориясы барын айтты. Халықаралық классификация бойынша J2 санатын алдым. Осылайша, алғаш рет парадзюдодан елордадағы гран-при жарысына қатыстым. Парадзюдошылар – шетінен жігерлі, күрескер. Қатардағы қыздар да осал емес.
Иә, көрермен үшін парадзюдомен дзюдоның айырмасы белдесу басталған тұста қарсыластардың бір-бірінің жағасынан ұстаумен білінеді. Ал өзім үшін айырмасы көп болды. Мысалы, маған қарсыласқа мұндай басымдық берген ыңғайсыз. Көбінесе, дзюдода өзім шабуылға шығып, маған қарсы әдіс жасатпауға тырысатынмын. Сол жағы маған қиынға соқты. Біразға дейін бой үйрете алмадым. Жаттықтырушылар барынша демеп, уақыт өте келе белдесу басталған мезетте әдіске түсіп қалмай, күшпен ұстап тұруды меңгердім. Одан бөлек, жаттығу жайын, іштегі атмосфераны ерекше атап өтуге болады. Парадзюдода үлкен отбасы сияқты болып кеттік. Жаттықтырушылар, спортшылар, тіпті федерация басшылары бір үстелде бас қосып, әңгіме-дүкен құрамыз. Ал дзюдода мұндай болмаған. Басшылармен бірге отыруды былай қойғанда, түрін де көрмейтінбіз.
Анамның сенімі күш берді
Ал Бакудегі әлем чемпионатына келсек, үш белдесу өткіздім. Рейтингте жоғары орында тұрған соң алғашқы белдесуге қатыспай, кезек күттім. Екінші айналымда украин қызына қарсылас атандым. Дайындық барысында осы қыздың күресін көріп, қарсы амал-айла ойластырдым. Дегеніме жетіп, жартылай финалда Тайбэй қызы кезікті. Бапкерлерім бұрын белдесуіне талдау жасаған екен. Маған соның септігі тиді. 10 секундқа жетпей, кездесуді жеңіспен аяқтадым. Ал ақтық сында азулы қарсылас тап болды. Ол Рио Олимпиадасында алтын, Токиода күміс еншілеген француз қызы еді. Негізі, аталған қарсыластың әйтеуір бір алдымнан шығатынын білдім. Сондықтан тізеден лақтыру әдісін дайындап келгенмін. Негізі, бұл әдіс маған қатты ұнай қоймайтын. Бірақ ойым іске асып, алғашқы вазари ұпайын алдым. Уақыт созып, осы басымдықты ұстау ойымда тұрды. Бірақ қарсыласым маған әдіс жасаймын деп қателесіп, өзі әдіске түсіп қалды. Осылайша, екінші вазари ұпайын алдым. Сөйтіп, екі вазари бір иппонға теңесіп, жеңіске жеттім. Сол сәтте алаңнан анамды іздеп, көзіме жас толып кеткені бар. Осы сәт таспаланған видео әлеуметтік желіде жылдам таралып кетті. Анамның менімен бірге Бакуге ұшып келгенін білемін. Бірақ жарыс күні алаңдамасын дегендей мазалаған жоқ. Белдесу барысында жанкүйерлер тарапынан «Ақмарал алға!» дегенді жиі естідім. Жанымда анамның болғаны үлкен күш берді. Өйткені дзюдоға келуіме, парадзюдоға ауысуыма оның көп көмегі тиді.
Додаға толы жыл
Қазір парадзюдоның жағдайы жақсы. Мемлекет те, федерация да көңіл бөліп жатыр. Әлем чемпионатына дайындық барысында жанымызда дәрігер де, массажист та болды. Барлық витамин берілді. Жапон спортшылары қандай кимоно кисе, бізге де сондайы бұйырды. Білесіздер, әлемдегі ең сапалы киманоны жапондықтар киеді. Жалпы, парадзюдо тарихы елімізде 2015 жылдан бастау алады. Әр жыл сайын спортшыларға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлініп келеді. Қаншама жыл дзюдода жүрсем де, парадзюдо туралы көп білмейтінмін. Қазір ақпарат көп. Мұның өзі қоғамнан өзін бөлек ұстайтын, бірақ спортқа жақын жандарға демеу. Бізді, параспортшыларды көріп, олар да спортпен айналысуға көңіл бөледі. Экраннан сөйлеп, БАҚ-қа сұхбат беріп жатқанымыз бірінің болмаса да бірінің кеудесінде үміт отын жақса шын қуанамыз. Осы орайда, кез келген жанның әр істің шешімі бар екенін есте ұстағанын қалаймын.
Иә, парадзюдодан екі-үш жарысқа қатыстым. Шетелмен салыстырар болсақ, біздің елдегі бұл спорттың даму қарқыны жоғары. Сәйкесінше, спортшыларымыздың нәтижесі жоғары. 2023 жыл додаға толы жыл болмақ. Алдымызда үш үлкен жарыс күтіп тұр. Мәселен, елордада өтетін Азия чемпионаты, Қытайда ұйымдастырылатын Азия ойындары мен Англияда жалауы желбірейтін әлемдік ойындар. Атап өткенімнің бәрі – ресми жарыс. Одан бөлек, гран-при сайыстары өтеді. Осы бәсеке барысында әр салмақтан ресми жарыстарға кімнің баратыны белгілі болады.
Мен үшін сүйікті ісіммен айналысу маңызды. Дзюдода жолым болмағанмен, парадзюдоға ауысып, спорттық мансабымды жалғастырып жүрмін. Бұл маған ләззат сыйлайды. Әрі мұндай мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Параолимпиадаға рейтинг жинау басталды. Ұпай саны бойынша өз салмағымда көш бастап тұрмын. Жоғарыда атап өткенімдей, биыл сәуір айында елордада Азия чемпионаты өтеді. Сол турнирде бақ сынағым келеді.
Мақсат – айқын
Қызық, сіз жанарымнан қайсарлықты байқасаңыз, кейбірі спортшы екеніме сенбей жатады. Анамның айтуынша, кішкентай кезімде жаттықтырушылар «жанары жалын шашып, көзінде от жанып тұр» деп тәнті болады екен. Өзім Жамбыл облысы, Жуалы ауданынанмын. Сонда жүріп каратэге қатысқаным бар. Кейін елордаға көшіп келгесін, бес жыл бойы спорт үйірмесін іздедім. Бірде сыныпқа дзюдо спортының жарнамасын жасап, үйірмеге бала іздеп бір топ кісі келді. Ұлдармен жиі араласқаннан, олар түстен кейін аталған үйірмеге бірге баруымды өтінді. Осылайша, достарыммен қосылып жаттығуға барып, бірден ұнаттым. Біреуге ерте, біреуге кеш болар, өзім дзюдо спортына он жасымда келдім. Бапкерім алғаш жаттығудан-ақ әдіс-тәсілдерді қағып алғаныма таңғалды. Келе-келе маған «сен осы спортты таңда, осында қал, тегін-ақ жаттық» деп қызықтырды. Содан анама айтпай, бір ай бойы жаттығуға жасырын келіп жүрдім. Жаттықтырушым жарысқа жіберетінін айтқанда не істерімді білмедім. Оның үстіне қатысу үшін қаражат керегі тағы бар. Амалсыз, анама жаттығуға барып жүргенімді, жарысқа қатысатынымды айтып, ақша сұрадым. Анам «Ұлдар баратын спорт түрі емес пе?» деп шошып кетті. Бәрібір айтқанымнан қайтпай, дзюдоның ұнайтынын, егер осы жарыста жүлдеге ілікпесем бәрін қоятыныма уәде беріп, көндірдім. Қырсыққанда, Ресейде өткен додада үшінші орынға талас кезінде ұтылып қалдым. Әуежайда ебіл-дебілім шығып жылап, уәдемде тұра алмағанымды, бірақ тағы бір мүмкіндік беруін сұрадым. Әрине, ол бірден келісті. Кезекті жарыс бір аптадан соң, Қостанай өңірінде өтті. Аталған жарыста алтын медаль алдым. Содан бері қатысқан жарысымнан жүлдесіз қайтпадым. Дзюдодан спорт шебері, 12 дүркін ел, бір рет Азия чемпионы атандым. Қазір парадзюдодан әлем чемпионатының алтынын алған тұңғыш қазақ қызымын. Меніңше, бұл жолды бекер таңдамадым. Тағдыр ағысы тегіннен-тегін бір рет жағаға итеріп, қайта қабылдап алған жоқ. Мүмкін, парадзюдошы қыздардың арасынан Олимпиада чемпионы атану бұйырып тұрған болар. Сол үшін бар күшімді саламын. 2024 жылы Парижде топ жарып, ел сенімін ақтағым келеді.
Айта кетерлігі, спорттағы жолымды бастағанда ылғи ұлдармен күресетінмін. Себебі белдесетін салмағымда қыздар болмады. Қазір қарасаңыз әр салмақ дәрежесінде кемінде 20 қыздан бар. Бұл – қуантарлық көрсеткіш. Ел чемпионатынан, әлемдік додалардан қазақ қызын көрсем, қуанамын. Жалпы, еліміздегі қыздардың дзюдоға келуіне стимул болған – Отгонцэцэг Галбадрах. Олимпиаданың қола медалін еншілеген тұңғыш қазақстандық қыз екенін білесіздер. Сол қыз ел атынан шыға бастағанда қатардағы қыздар тез-ақ әдіске түсіп қалатын. Яғни, оның күресу стилі мен дәрежесі бізден бір саты жоғары еді. Арада төрт жыл өте келе, біздің қыздар онымен тең дәрежеде белдесетін болды. Онымен бірдей жаттығу жасап, бірдей жүктемеге шыдап жүрді. Кейде Галбадрахты жеңіп кететін спортшы қыздар бар-тын. Мұның бәрі Олимпиада жүлдегерін жеңген спортшының халықаралық додада шетте қалмайтынын білдірсе керек.
Спорт маған көп нәрсе сыйлады. Жігерлі, төзімді болуыма септігі тиді. Оған қоса, жолдасым екеуміздің отбасы құруымызға дзюдоның айтарлықтай үлесі бар. Спортпен кішкентайымыздан шұғылданамыз, бір мектепті бітірдік. Спорттың арқасында ортақ әңгіме көп. Ол әрқашан жарыс алдында көңіл күйімді көтеріп, шабыттандырады. Әрдайым қолдау білдіреді. Бір-бірімізді айтпай түсінеміз десем артық айтқаным емес. Жарыс алдында немесе жарыстан кейін дөп сөз тауып жұбатып, не жігерлендіреді. Сондықтан өмірімнің темірқазығына айналған дзюдоға айтар алғысым шексіз. Ал қайтарымы татамиде төккен термен ақталып, көк байрағымыздың көктен желбірегенін көргендегі сезіммен астасады.