Игерілмеген жерге іскер ие керек
Игерілмеген жерге іскер ие керек
10,562
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жат­қан және жекеменшікке заң­сыз берілген ауыл шаруашылы­ғы жерлерін мемлекет меншігі­не қай­тару ісіне шындап кіріскені мә­лім. Өз кезегінде Прези­дент­тің қо­ғамдық тірегі ретінде «AMANAT» пар­тиясы да бұл мә­селені шешу­ден шет қалмай «Жер аманаты» комиссиясын құрды. Шымкент қа­ласының өзінде аталған комис­сия жұмы­сы нәтижесінде 603 гек­тар жер мемлекет меншігіне қай­та­рылды. Бүгінге дейін мегаполистің «Жер аманаты» комиссиясының 3 отырысы өтсе, оның біреуі көшпелі жиын тү­рінде өткізілді. Тұрғындармен, ша­руа қожа­лық иелерімен жиі кездесудің арқасында жайылым жер туралы тереңірек зерт­теу жұмыстары жүргі­зілді. Нәтижесінде, меншік иелерінің өз еркімен бас тартқан 603 гектар ауыл шаруашылығына арнал­ған жер мемлекет меншігіне қайтары­лыпты. Айта кетейік, Шымкент қала­сының аумағы 116 мың 280 гектарды құрайды. 2015 жылы Шымкент қа­ласына тиесілі бұрынғы 40 мың гек­тарлық аумақ 117 мың гектарға ке­ңей­тілді. Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарынан жалпы көлемі 76 мың 200 гектар жер Шымкент қаласының аумағына енген. Осылайша, аталмыш аудандардан 40 ауыл қалаға қосылды.
«Жер аманаты» комиссиясы қай­тарған 603 гектар жер Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенінде орналасқан. Партия өкілдері мұндағы тұр­ғындармен кездесіп, ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін қайтару бойынша тү­сіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиын­да жер қатынастары саласын­дағы өзекті мәселелер де талқыланған. Жайылымдық­ алқап дәл Бадам өзені бо­йында орналасқандықтан, жайы­лым­ға өте ыңғай­лы жер екен. Тұр­ғындар жа­йылым жер үшін қолайлы аумақтың қайта­рыл­ғанына дән риза. Негізгі мақсат та осы пайдаланылмай, бос жатқан жерді халық игілігіне қай­тарып беру. Көкбұлақ ақсақалдары жи­налып, комиссия мүшелеріне ақ бата­сын берді. Мұнда жайылым жер мәсе­лесі шешілді» деп атап өтті «AMANAT» партиясы Шымкент қа­ласы бойынша филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары, комиссия төрағасы Мұратәлі Қалмұратов.
Сонымен қатар Шымкент қаласы аумағында мемлекет меншігіндегі жеке тұрғын үйге арналған жер учас­келерін заңсыз иемденгендер көп. Жер кодек­сінің 164-1 бабында мем­лекет менші­гіндегі және жер пайда­лануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учас­келерін жергілікті ат­қару­шы орган сот тәртібімен қайтарады делінген. Комиссия төрағасы бұл бағыт бо­йынша аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, заңсыз иеленуші өз бе­тінше иеленіп алған жер учаскесіне са­лынған құрылысты, өз есебінен бұ­зу­ды және босату туралы хабарла­ма­лар таратылғанын айтады. Казір осы бағыт бойынша жерді заңсыз иемден­ген аза­мат­тарға қатысты сотқа талап арыздар жолданып, сот орган­дарында қаралып жатыр.
«Әрине, жылдар бойы жекенің меншігіне өтіп кеткен жер телімдері­нің бәрін мемлекет меншігіне қайтару оңай шаруа емес. Жер иелері тара­пынан қар­сылық туындайтыны рас. Оның заңдық механизмін жоғарыда аталған құзырлы органдар реттесе, партияның миссиясы инстанция­аралық әкімшілік ресурсын қолдана отырып, қозғау салуға ықпал ету. Мұндай ықпалдың бірі – заңды те­тіктерді оңтайландыруда жатыр. Со­ның арқасында жерді қайтару жеңіл­дей түсті. Былтырғы референдумда Конс­титуцияның 6-бабына енгізілген норма бойынша «Жердің иесі – халық». Сондықтан да ендігі жерде осы консти­туциялық принцип жұмыс істеуі керек. Бұл әділетті қоғам құ­рудағы ұмтылы­сымызды нақтылай түседі. Алғашқы нә­тижелер жаман емес. Әйтсе де, ат­қарылар жұмыстар әлі де көп», – деді комиссия төрағасы.
«Жер аманаты» – пайлық үлестегі және жайылым жерлердің мәселесін шешуді көздейтін жоба. Бұл мәселе­лер­дің оңтайлы шешілуі партияға де­ген халық сенімін нығайта түспек. Ең бас­тысы, кезінде тістегеннің аузында, ұстағанның қо­лында кеткен жерлерді қайтару жұ­мысы әділетті және заң аясында жүр­гізіліп жатыр.

Шымкент қаласы