Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан және жекеменшікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару ісіне шындап кіріскені мәлім. Өз кезегінде Президенттің қоғамдық тірегі ретінде «AMANAT» партиясы да бұл мәселені шешуден шет қалмай «Жер аманаты» комиссиясын құрды. Шымкент қаласының өзінде аталған комиссия жұмысы нәтижесінде 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінге дейін мегаполистің «Жер аманаты» комиссиясының 3 отырысы өтсе, оның біреуі көшпелі жиын түрінде өткізілді. Тұрғындармен, шаруа қожалық иелерімен жиі кездесудің арқасында жайылым жер туралы тереңірек зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, меншік иелерінің өз еркімен бас тартқан 603 гектар ауыл шаруашылығына арналған жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағы 116 мың 280 гектарды құрайды. 2015 жылы Шымкент қаласына тиесілі бұрынғы 40 мың гектарлық аумақ 117 мың гектарға кеңейтілді. Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарынан жалпы көлемі 76 мың 200 гектар жер Шымкент қаласының аумағына енген. Осылайша, аталмыш аудандардан 40 ауыл қалаға қосылды.
«Жер аманаты» комиссиясы қайтарған 603 гектар жер Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенінде орналасқан. Партия өкілдері мұндағы тұрғындармен кездесіп, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиында жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелер де талқыланған. Жайылымдық алқап дәл Бадам өзені бойында орналасқандықтан, жайылымға өте ыңғайлы жер екен. Тұрғындар жайылым жер үшін қолайлы аумақтың қайтарылғанына дән риза. Негізгі мақсат та осы пайдаланылмай, бос жатқан жерді халық игілігіне қайтарып беру. Көкбұлақ ақсақалдары жиналып, комиссия мүшелеріне ақ батасын берді. Мұнда жайылым жер мәселесі шешілді» деп атап өтті «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы бойынша филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары, комиссия төрағасы Мұратәлі Қалмұратов.Сонымен қатар Шымкент қаласы аумағында мемлекет меншігіндегі жеке тұрғын үйге арналған жер учаскелерін заңсыз иемденгендер көп. Жер кодексінің 164-1 бабында мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскелерін жергілікті атқарушы орган сот тәртібімен қайтарады делінген. Комиссия төрағасы бұл бағыт бойынша аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, заңсыз иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесіне салынған құрылысты, өз есебінен бұзуды және босату туралы хабарламалар таратылғанын айтады. Казір осы бағыт бойынша жерді заңсыз иемденген азаматтарға қатысты сотқа талап арыздар жолданып, сот органдарында қаралып жатыр.
«Әрине, жылдар бойы жекенің меншігіне өтіп кеткен жер телімдерінің бәрін мемлекет меншігіне қайтару оңай шаруа емес. Жер иелері тарапынан қарсылық туындайтыны рас. Оның заңдық механизмін жоғарыда аталған құзырлы органдар реттесе, партияның миссиясы инстанцияаралық әкімшілік ресурсын қолдана отырып, қозғау салуға ықпал ету. Мұндай ықпалдың бірі – заңды тетіктерді оңтайландыруда жатыр. Соның арқасында жерді қайтару жеңілдей түсті. Былтырғы референдумда Конституцияның 6-бабына енгізілген норма бойынша «Жердің иесі – халық». Сондықтан да ендігі жерде осы конституциялық принцип жұмыс істеуі керек. Бұл әділетті қоғам құрудағы ұмтылысымызды нақтылай түседі. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Әйтсе де, атқарылар жұмыстар әлі де көп», – деді комиссия төрағасы.«Жер аманаты» – пайлық үлестегі және жайылым жерлердің мәселесін шешуді көздейтін жоба. Бұл мәселелердің оңтайлы шешілуі партияға деген халық сенімін нығайта түспек. Ең бастысы, кезінде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен жерлерді қайтару жұмысы әділетті және заң аясында жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласы