"Барлық жерде тәртіп болуы керек": Президент елорданы абаттандыруға қатысты талап қойды
"Барлық жерде тәртіп болуы керек": Президент елорданы абаттандыруға қатысты талап қойды
© mavink.com
264
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте елорданы абаттандыру мәселесіне тоқталды.  Президенттің айтуынша, қаланың көркі қашып барады.
"Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақытылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады", – деді ол.
Мемлекет басшысы елорданы абаттандыруға соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінгенін айтып, қаладағы үйлер ауласының кемшіліктерін атады.
"Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұзайдынға айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн. Урбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Мысалы, ашық байқау жариялап, озық жобаларды таңдап алуға болады. Қаланың келбетін әр әкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек", – деді Президент.