Қарағандыда тасымалдаушылар үш жыл аралығында қаладағы барлық қоғамдық көлікті жаңартуды мойнына алды. Жаңа техника жаздың басында жеткізіледі. Барлық автобустар Қазақстан зауыттарында құрастырылады.
– Жұмыс барлық тасымалдаушылармен жүргізілді. 2019 жылы 79 автобус сатып алынды. Осы жылы 200 автобусты қарастырамыз: 115 үлкен сыйымдылықты және 85 кіші сыйымдылықты. Үшінші автопарк 70 автобус, бесіншісі – 20, екіншісі – 15 автобус сатып алады. Қалғандары басқа тасымалдаушыларға тиесілі, – деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Тағы 199 автобус 2021 жылы сатып алынады деп жоспарлануда.
– Тұрғындар әлеуметтік желілерге маршруттық шағын автобустардан қара түтін шығып жатқан бейнелерді салады. Ескірген көліктен тезірек арылу керек. Сіздер осы жылы автопарктеріңіздің 50% ауыстыруға міндеттісіздер. Біз сіздерге бұл үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді Жеңіс Қасымбек автопарктердің басшыларына.
Облыс әкімі сондай-ақ автобустардың бір түсті гаммада сатып алынуын бақылауды тапсырды. Автопарк басшылары көлік сатып алуды «БРК «Лизинг» АҚ тетіктері арқылы жүзеге асырады.
Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы