Прокуратура органдарына жұмысқа орналасуға іріктеу жүргізіліп жатыр
Прокуратура органдарына жұмысқа орналасуға іріктеу жүргізіліп жатыр
© dknews.kz
1,027
оқылды
2020 жылдан бастап құқық қорғау қызметіне кадрларды іріктеу және даярлау тәртібі өзгерді. Алғашқы кәсіптік даярлықтан өту құқық қорғау қызметіне тұрудың жаңашылдығы болып табылады. Бұл прокуратура органдарына алғаш рет қызметке орналасатын адамдарға қатысты. Үміткерлер кәсіптік даярлықты Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өтеді. Кәсіптік даярлыққа іріктеу тәртібі мен оны өту шарттары үш органның бірлескен бұйрығымен бекітілген: бұл Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Экономикалық тергеу қызметі. Бұйрыққа сай іріктеу критерийлері біріздендірілді: – жоғары білімінің болуы; – моральдық-психологиялық, медициналық талаптарға сәйкестілігі; – беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің жоқтығы. Кәсіптік даярлауға іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең. Хабарландыруды прокуратура органдарының интернет-ресурстарында жариялау. Хабарландыруда үміткерге қойылатын негізгі талаптар, қызмет өткеруге байланысты шектеулер, құжаттарды қабылдау мерзімі және тағы басқа ақпарат көрсетіледі. Екінші кезең. Құжаттарды қабылдауды облыстық прокуратуралар, Астана және республикалық маңызы бар қалалар прокуратуралары, Бас көлік прокуратурасы жүргізеді. Құжаттарды тапсырғанға дейін үміткер Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеуден өтуі керек. Үшінші кезең. Үміткерлермен әңгімелесу. Үміткерлермен әңгімелесу облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда жүргізіледі. Алдын ала ішкі қауіпсіздікпен үміткерге қатысты зерделеу өткізіледі, оның нәтижелері әңгімелесуде ескеріледі. Әңгімелесуден өткен үміткерлер әскери-дәрігерлік комиссия және полиграфологиялық зерттеуден өтуге жіберіледі. Қорытынды кезең. Академияда емтихан тапсырады. Емтихан 3 сұраққа ауызша жауап түрінде қабылданады. Бұл ретте Комиссия мүшелері қосымша сұрақтар қоюы мүмкін. Кәсіптік даярлыққа қабылдау туралы түпкілікті шешімді ведомствоаралық қабылдау комиссиясы қабылдайды, ол сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуді ескереді. Оқуға түскеннен кейін үміткер мен Академия арасында келісімшарт жасалады. Келісімшартта тараптардың өзара міндеттемелері мен жауапкершілігі белгіленіп, одан әрі қызмет өткеру шарттары мен мерзімдері және т.б. көрсетіледі. Кәсіптік даярлықтан өту мерзімінде үміткерлер ай сайынғы шәкіртақымен, сондай-ақ Академияда оқу кезеңінде тегін тамақпен және тұратын орынмен қамтамасыз етілетін болады.  width= Жатақханада тұру міндетті. Кәсіптік даярлық тікелей 3 кезеңнен тұрады: – Академияда оқу; – тағылымдамадан өту; – қорытынды емтихан. Прокуратура органдарына үміткерлер үшін кәсіптік даярлық мерзімі бір жылды құрайды (6 ай оқу және 6 ай тағылымдама). Оқу кезеңінде үміткер «арнайы пәндерді» тереңдетіп оқиды. Бұл бакалавриат бағдарламасында қарастырылмаған пәндер. Мысалы, қылмыстарды тергеу тәртібі, прокурорлық тексерулер жүргізу, ресми құжаттар жасау, ақпараттық жүйелерді пайдалану және т.б. Тағылымдама аудандық прокуратураларда өткізіледі. Тағылымдамадан кейін Академияда үміткер тестілеу мен ахуалдық міндеттерді шешуді қамтитын қорытынды емтихан тапсырады. Үміткер оқуды сәтті аяқтаса, жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі. Белгілі бір аймаққа лауазымға тағайындау туралы шешім қорытынды бағалар негізінде қабылданады, яғни кімнің рейтингі жоғары болса, олар қалауы бойынша аймақты таңдайды. Тағайындау бірінші сыныптық шенді бір мезгілде бере отырып, сынақ мерзімінсіз жүзеге асырылады. Кәсіптік даярлық кезеңі құқық қорғау қызметінің еңбек өтілінде есептеледі. Бүгінгі таңда 358 тыңдаушы аудандық және оларға теңестірілген прокуратураларға тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, биыл 23 ақпанға дейін кезекті іріктеу, құжаттарды қабылдау жүргізілуде. Прокуратура органдарына жұмысқа орналасуға ниеттілерді іріктеуге қатысуға шақырамыз.

Сакен Төлеуов,

ҚР Бас прокуратурасы

Кадрларды дамыту департаментінің

Басқарма бастығы,

аға әділет кеңесшісі