Елімізде қайта қант тапшылығы болуы мүмкін. Сауда орындарында қантқа таласу қалыпты жағдайға айналуы бек мүмкін. Өйткені еліміздегі 4 зауыттың мәселесі бастан асады. Тіпті, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр деп дабыл қағуға да хақымыз бар. Енді осыны тиісті органдар естіп, алдын алуды ойласа болғаны. 4 зауытқа тән 4 проблема Қазір қант зауыттары жабылудың алдында тұр деуге болады. Мұнда айрықша атар 4 мәселе бар. Оның ең негізгісі – газ тапшылығы. Нақтырақ айтқанда, 2022 жылдың 12 желтоқсанында қант зауыттарына газ жеткізуші «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ, «ҚазТемірТранс» АҚ және «QazaqGaz» ҰК» АҚ компанияларынан үшбу хат келген. Хат мазмұнында Орынбор Газ өңдеу зауытындағы жоспардан тыс жұмыстарға қатысты және соған байланысты еліміздегі ірі кен орындарында тауарлық газды дұрыс өңдемеуіне байланысты ішкі нарыққа ресурстарды жеткізу азайтылатыны және өнеркәсіптік нысандардан газ тұтыну көлемін 30 пайызға азайту табанды түрде талап етілетіні айтылған.
«Газ пайдалануды азайту – қант өндірісін тоқтату деген сөз. Өйткені мұндағы өңдеу жұмыстары көгілдір отынмен тікелей байланысты. Оның үстіне, қант қызылшасы шикізатын қайта өңдеу маусымы аяқталған жоқ. Егер газ беруді азайтса, онда қант зауыттары шикізат қорын толықтай өңдеп тауысып үлгермейді де, мұның соңы қанттың тапшылығына алып келуі мүмкін. Ал оның арғы жағында азық-түлік қауіпсіздігі жатыр. Дәл қазіргі жағдайда біздің үш зауытқа айына 9041 мың текше метр газ керек. Одан азайтуға болмайды», – дейді Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.Бұл ретте Орынбор ГӨЗ-дегі жағдайдың біздің елде газ тапшылығын тудыруға қатты әсер ететінін бұған дейін де білеміз. Тіпті, 2016 жылы ол Қарашығанақ кен орнына ие консорциумға 24 млн доллар шығын әкелген болатын. Бұл ретте қанша опық жесе де, ауызы күймеген біздің Үкімет 1974 жылы құрылған ескі зауыттың әлі талай қолайсыз жағдайға қалдыратынын енді-енді түсіне бастаған сияқты. Еліміздегі газ өңдеу зауыттарының, өндіруші компаниялардың қуатын арттыруды, жаңа кен орындарын барлауды ойлана бастады. Жаңа зауыт салу да күн тәртібінде тұр. Бірақ бұлар осыған дейін-ақ шешілуі тиіс дүниелер болатын. Қазақстан билігі осыдан 10-20 жыл бұрын мұнай-газ саласын дамытуда батыл шешімдер қабылдаған болса, бүгінгідей өзге елге кіріптар болып отырмас едік. Мұның ақыры еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін, соның ішінде қант өндірісін тығырыққа тіреп отыр. Мұндағы тағы бір мәселе – мазут жетіспеушілігі.
«Еліміздегі 4 қант зауытының біреуі – «АқсуҚант» ЖШС газдандырылмағандықтан, М100 маркалы мазутпен жұмыс істейді. Оның түпкі өнімнің өзіндік құнындағы үлесі 20 пайыз. Өйткені мазут қымбат отын, әрі жылдан-жылға бағасы шарықтап барады. Мысалы, соңғы 5 жылда екі есеге өскен. Оның үстіне, ішкі нарыққа да мазут экспорттық бағамен сатылады. Ал жеңілдік жасау үшін зауыт жылумен қамту кәсіпорны санатына жату керек. Амал жоқ, өндірісті тоқтатпау үшін жылына қажетті 10 мың тоннадан көп мазутты зауыт басшылығы әрең тауып отыр. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қазанда Жетісу облысына келген сапарында «Көксу қант зауыты» ұжымымен кездесіп, екі зауыттың өндірістік қуатын 100 пайызға арттырып, 2026 жылға дейін өнім көлемін 180 мың тоннаға жеткізуге тапсырма берген болатын. Бірақ мынадай проблемалармен зауыттар жабылып тынатын сияқты», – дейді Айжан Абақанқызы.
Сонымен, төрт қант зауытына тән төртінші проблема – жом өнімін (қант қызылшасының қалдығы) Қытайға экспорттауға тыйым салынған. Ал Ресей мен Беларусь елдерінен ол өнім біздің елдің үстінен транзитпен өтіп жатыр. «Қытайда жомға ұлкен сұраныс бар. Қазақстан неге осыны пайдаланбайды? Жом экспортына рұқсат қашан беріледі және не үшін тыйым салынған?», – дейді олар.Проблема бар, шешім жоқ Осылайша, қант зауыттарының зарын жеткізбекке тиісті ведомстволарға хабарластық. Тұшымды жауап жоқ. Тек Ауыл шаруышылығы минстрлігі мен «AMANAT» партиясы шын жанашырлық танытып, мәселені Үкімет деңгейінде көтеретінін айтып отыр. Ал Энергетика министрлігі газ туралы жағдайдан хабардар. Бірақ дәл бір қант зауыттарына қатысты нақты шектеу жоқ екенін айтады.
«Газды жеткізу тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шарттарына сәйкес жоспарлы режимде жүзеге асуда. Ал «Ақсу Қант» ЖШС жылумен жабдықтаушы ұйым емес болғандықтан, оларға «2022-2023 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелерге мазутты жеткізу бойынша мұнай мен мұнай өнімдерін негізгі ресурс ұстаушыларға бекіту кестесі шеңберінде мазут көлемін бөлу көзделмеген. «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңының 24-бабының 3-тармағына сәйкес мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өңдеу жоспарларында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған алдағы жылы жылумен жабдықтаушы ұйымдарға жылу беру кезеңіне жеткізу үшін қажетті мұнай өнімдерінің көлемін ескереді», – делінген Энергетика министрлігінің ақпаратында. Олардан гөрі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабы көңілге қонады. «Бұл мәселелерді зерделеп жатырмыз. Елдегі қант тұтыну нарығы импортқа қатты тәуелді екенін ескере отырып, Энергетика министрлігіне үш қант зауытына («Көксу қант зауыты» ЖШС, «Меркі қант» ЖШС, «Тараз қант зауыты» ЖШС) газды толық көлемде үздіксіз беру туралы өтініш хат жолдадық. Одан бөлек, отандық қант өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қазір «Ақсу Кант» ЖШС-ын мазутпен қамтамасыз ету мүмкіндігі және «ҚТЖ ҰК» АҚ-мен бірлесіп қант шикізаты мен дайын өнімді тасымалдауды локомотивтік тартумен қамтамасыз ету мәселелері және өңірлерден қант зауыттарына отандық шикізатты тасымалдау үшін бағаны төмендету коэффициентін қолдану мүмкіндігі Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ұлттық экономика министрліктеріне берген тапсырмасы шеңберінде пысықталуда», – дейді министрлік өкілі Дамир Егізбаев.Оның айтуынша, жом өнімін экспорттауға тыйым салынбаған. Жомды түйіршіктеуге арналған жабдықтың қымбаттығына байланысты қалдықтардың бұл түрі экспортталмайды екен, өйткені өзін-өзі ақтау мерзімі ұзақ. Сондай-ақ көлемі аз. Осыған байланысты кейбір зауыттар жомды жергілікті шаруа қожалықтарына сатумен шектеліп отырған көрінеді. Ауыл шаруашылығы ведомствосы тарапынан бұл тұрғыда қант зауыттарына көмек көрсетерлік тетік жоқ екен. Министрліктің қолынан келері субсидия болса, Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңында аталған мәселелер бойынша субсидия, басқа да қаржы көздері қарастырылмаған. Егер ондай мүмкіндік қарастырылса, министрлік көмек көрсетуге дайын. Сондықтан ендігі үміт «АМАNАТ» партиясында. Өйткені бұл мәселе таяуда партия жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің кезекті отырысында да көтерілген болатын. Ауыл шаруашылығының көптеген мәселесі сөз болған жиында бұл секторды жан-жақты дамытудың маңыздылығына кезекті рет назар аудартылды. Өйткені мұның арғы жағында Ұлттық қауіпсіздік жатыр. Сондықтан да қант өндірісін қазіргі тығырықтан алып шығу бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Ендеше қат болса да қант тәтті, ал тәуелсіздіктің баға жетпес бал дәмі одан да тәтті!