Ақсудағы қант зауыты тағы тоқтады
Ақсудағы қант зауыты тағы тоқтады
© коллаж: Елдар Қаба
544
оқылды
Кезінде Алматы облысындағы бірнеше ауданның экономикасына тірек болып, халықты ақ қантпен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келген Ақсу ауданындағы қант зауыты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы мен 2000 жылдардың басында қолдан-қолға өтіп, бірнеше мәрте сатылып, ақыры ешкімге керексіз болып, 13 жыл тұрып қалған болатын. Баталов облыс әкімі болып тағайындалған соң қант зауытын қайта іске қосуға белсене кірісіп, бірнеше жылғы қайта жаңғырту мен құрылымдау нәтижесінде 2017 жылы кәсіпорын қайта өңдеуге қайта кіріскен еді. Сол кезде осы саланың жілігін шағып, майын ішкен жергілікті мамандар қазіргі кезде қосалқы бөлшектерін айтпағанда, негізгі жабдықтары­ның барлығы өндірістен мүлде алынып тасталған, шығарыл­май­тын ескі технологиялық желінің ғұмыры ұзаққа созылмайды деген еді. Қазіргі кезде сол айтқандары шындыққа айналды. Алғашқы жылдары шетелден шақырылып, жоғары айлық тағайындалып, тұрмыстық, қызметтік жағдай жа­сал­ған мамандар кері қайтып кет­ті. Арнайы тапсырыспен істел­ген қосалқы бөлшектердің ғұмы­ры да қысқа болды. Бұрын тек қант қызылшасын өңдейтін за­уыт­та алыс шет елдерден тасы­мал­данатын шикізат – қант қа­мы­сын қайта өңдеуден өткізуге қатысты жасалған талпыныс та тұ­йыққа тірелген сыңайлы. Өйт­кені биыл да биліктің үйіп-төккен уәдесіне сеніп, тәтті түбір еккен Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары­ның диқандары жиналған азын-аулақ өнімдерін тағы да 150-200 шақырымдағы Көксу қант зауы­тына тасымалдап, қосымша шы­ғынға ұшырауда. Осыдан біраз бұрын Жетісу облысына жұмыс сапарымен кел­ген Мемлекет басшысы жұртшы­лықпен жүздесу барысында бұл мәселеге арнайы назар аударып, министрлік пен облыс басшы­лығына елімізді қантпен қамтама­сыз етуде үлкен міндет атқаратын отандық қант зауыттарының екеуі Жетісу облысында орналасқанын, алдағы кезде осы қос кәсіп­орынның жұмысын жүйелі жолға қоюды тапсырды. Әсіресе, қыруар қаржы жұмсалған Ақсу қант зауытының тағы да тұралап қал­ғанына қатысты қынжылысын біл­дірді. – Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюд­жеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бір­ден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарылып тұрған алып зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар аударған болатын. Сонымен қа­тар облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жет­кізіп, 2026 жылға қарай өнді­рілетін қант көлемін 180 мың тон­наға арттыру қажет екенін айтқан еді. Сондай-ақ облыстың кө­көніс пен бау-бақша өсіру ісін­де зор әлеуеті бар екенін, осы орайда, заманауи қоймалар салу мәселесін шешу қажеттігін атап өткен. Одан бері де бірер апта өтіп кетті. Күні кеше Ақсу ауданына барған облыс әкімі жергілікті халықпен кездесуінде аудандағы бірден-бір ірі кәсіпорын Ақсу қант зауытының қазіргі мүшкіл жағ­дайына тағы да тоқталып, алдағы кезде қайта өңдеу өндірісін дамы­туға қатысты атқарылар жұ­мыстар барысын пысықтады. Жергілікті жердегі кәсіпорынның тоқтап тұрғаны да әсер еткен болар. Бұрын гектарынан 300 центнерден төмен өнім алмайтын ақсулық қызыл­шашылар биыл орташа есеппен алғанда әр гектардан 88 центнерден ғана тә­тті түбір жинап, Көсу қант зауы­тына бар-жоғы 4,1 мың тонна ғана өнім өткізіпті. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген өте нашар көрсеткіш. Жағдай осылай жалғаса берсе, биылғы қант тапшылығы келер жылы еселеп қайталануы әбден мүмкін. Өйткені Жетісу облы­сында қант қызылшасы алқап­тарының көлемі бұрынғыдан екі есеге жуық қысқарғанымен қой­май, кейбір аудандарда өнімділік те тым төмендеп кеткен. Тәтті түбірден бас тартып, қант қамы­сын өңдеуге кіріседі деген «Ақсу» қант зауытының болашағы әлі белгісіз. «Көксу» қант зауыты ыр­ғақты жұмыс істеп тұр. Бірақ жылдағыдай өнім өткізуге келген­дердің кезегі байқалмайды. Соған қарағанда, екі зауыттың емес, бір кә­сіпорынның да жүктемесін қамтамасыз ете алмай отырған­даймыз. Жалпы Жетісу облысында жергілікті өнімдерді өңдеу дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, Ақсу ауданы ірі қара мен қой-ешкі саны бойынша облыстағы аудандардың көш басынан көрін­се, егістікте – екінші орында, майлы дақылдар өсіруде – үшінші орында. Алайда осындай жоғары көрсеткіштерге иелік ететін өңірде мал мен егістікті, майлы да­қыл­дарды қайта өңдеуден өткі­зетін бірде-бір кәсіпорынды айт­пағанда, шағын цех та жоқ. Сүтті бас­қа жаққа тасымалдауға мәж­бүр. Халық ауданда ет пен сүтті, бидай мен майлы дақылдарды қабыл­дайтын, қайта өңдеуден өткі­зетін орындардың болмауы сал­дары­нан жаз бойғы еңбектері­нің жемісін өздері көре алмай, алыс-жақыннан ағылған алып­сатар­ларға жем болуда. Сондық­тан бұл бағытта шұғыл іс-шаралар қолға алынып, инвесторлар тар­тып, шағын болса да қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосу қажет. 2010 жылғы тасқыннан кейін тас-талқаны шығып, су қабылдап, таратуды тоқтатқан «Қызылағаш» су қоймасы қалпына келтірілді. Рес­публикалық бюджеттен Қы­зыл­ағаш суару алқабын қайта қал­пына келтіруге 4 млрд теңге бөлініпті. Барлығы ойдағыдай болса, бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, айналымға 5,3 мың гектар суар­малы жер қосылады. Бұл ақсулық диқандар үшін аса зор мүмкіндік­терге жол ашады. Аудан егістік пен майлы дақылдар бойынша алдыңғы орынға шығады. Деген­мен қайта өңдеу кәсіпорындары­ның болмауы кезекті рет қолбай­лау болуы әбден мүмкін. Милли­ардтар жұмсалған жалғыз қант зауыты тұралап тұр­ғанда, жаңа кәсіпорындар іске қосылады де­ген­ге қатысты үміттен күдік ба­сым.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы