Комиссияның қарқыны қатты
Комиссияның қарқыны қатты
133
оқылды
Мәжілісте Nur Otan пар­­тиясының фракциясы жанындағы Бюджет қа­ражаттарының мақсатты және тиімді жұмсалуы мен түпкілікті нәтижеге қол жет­кізуді бақылауды қам­тамасыз ету комиссия­сының отырысы өтті. Бұл ко­миссия енді жаңа фор­матта жұмыс істейтін бо­лады. Оның құрамы да жа­ңадан бекітілген. Комиссия ай сайын отырыс өткізетіні хабарланды. Оған қа­тысатын Үкімет мүшелерінің өкі­­леттігі жоғары болмақ. Мы­салы, комиссия төрайымы Гүл­жан Қарақұсова келесі жолы ми­нистрліктер вице-министрден тө­мен лауазымдағыларды жібер­меуі керегін қадап айтты. Яғни, сұрау тікелей шешім қабылдайтын тұлғалардан болады. Жиында жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын ұстап тұруға және дамытуға бөлінген бюджет қаражаттарын шығындаудың тиімділігі талқыға салынды. Оған «нұротандық» депутаттар, сон­дай-ақ Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму, Ұлттық эконо­мика, Қаржы министрліктерінің өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Казахавтодор» ЖШС басшылары қатысты. Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов, «Каза­хав­тодор» ЖШС бас директоры Дау­рен Кайыпов – негізгі баяндама, ал Nur Otan фракциясының мү­шесі Глеб Щегельский қосымша баяндама жасады. Олар «Нұрлы жол» мембағдарламасын 2019 жылы жүзеге асырудың қорытын­дысын шығарып, 2020 жылғы автожол саласын дамыту жоспа­рына тоқталды. Нақтылай кетсек, былтыр 3,5 мың шақырым жергілікті жолға күрделі және орташа жөндеу жүр­гізіліпті. Нәтижесінде, ауыл-ай­мақта жақсы және қанағатта­нар­лық жағдайдағы жергілікті ма­ңыздағы жолдардың үлесі 71 па­йызға жеткен екен. Қазіргі кезде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынды. Ол лайықты орын­далса, 2026 жылға қарай осындай автожолдар үлесі 95 пайыз ме­жесін бағындыруы тиіс. Дегенмен Мәжіліс депутат­тары бағдарламаның түпкі нәти­желеріне жетуге кедергі болатын кемшіліктерге назар аудартты. Депутат Глеб Щегельский мұндай проблемалар арасынан құры­лысқа, реконструкциялауға және жол жөндеуге берілген бюджет қаражатының тиімсіз пайда­ла­нылуын, Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы жол телімін қай­та қалпына келтіру үшін қара­жат бөлу ісінің созбалаңға салы­нуын атады. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан –Павлодар жолында жөндеу жұ­мыстары аяқталмаған. Жалпы, жаңа жолдағы жұмыстар және онда пайдаланылатын мате­риал­дар сапасын бақылау нашар. Жа­ңа трассалар қардан аршылмай­тындықтан, қысқы маусымда көбіне жеңіл түгіл, жүк көліктері де оның игілігін көре алмайды. Қызу талқылау барысында баяндамашыларға өткір сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алын­ды. Отырыс қорытындысында автожол саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсы­нымдар әзірленді.   Елдос СЕНБАЙ