Күнделікті тұрмыста әлеуметтік желідегі жазбалар, WhatsApp пен Telegram мессенджеріндегі хабарламалар, YouTube пен Тik-Ток-тағы видеолар секілді өте көп ақпаратты тұтынамыз. Оның ішінде жеңіл әзіл, пранк сияқты зиянсыз көңіл көтеретін жазбалар да кездеседі. Алайда осындай ағын «ақпараттың» арасында бұқараны дүрліктіру, алауыздық тудыруды, сенімсіздік ұялатуды көздейтін жалған ақпараттар легі де күшейіп келеді. Біз бүгін сарапшылардан осындай манипулияцияны анықтап, жалған, фейк ақпараттардан қалай сақтану қажет екенін сұрап білдік. Фактчекингпен айналысатын ресурстар көптік етпейді Жалпы, күмәнді ақпарат немесе фактіні қаншалықты рас-өтірік екенін анықтайтын «фактчекинг» түсінігі бар. Ол жаңа медиаға дәстүрлі журналистикадан келген. Нақтылай кетсек, журналист этика ұстанымы негізінде қолына түскен мәліметке объективті, тәуелсіз қарап, тексеріп алуы тиіс. Осылайша, шынайы ақпарат жасалады. Жалған ақпаратты тексеруші фактчекер де осы ұстанымды басшылыққа алады. Пандемия тұсында журналистер, редакциялар фактчекингпен айналысуына тура келді. Өйткені осы тұста жалған ақпараттар легі тұрғындарды алаңдатып, әбігерге салды. Айта кетерлігі, елімізде жалған ақпаратты анықтап, жоққа шығарумен айналысатын Factcheck.kz және Stopfake.kz жобасы жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар осындай ресурс көп болса, желіде таралған фейк ақпараттар легі біршама азайып, арыла бастайды деген ой айтады. Өйткені қастандық теориясы жанына жағатын әрі жалған ақпараттың жетегінде кететін кейбір адамдардың дәстүрлі БАҚ пен мемлекеттік органдарға деген сенімі азайған. Тағы бір түйткілді мәселе, жалған ақпараттар құрығына тілшілердің өзі де түсіп қалып жатады. Өйткені жалған ақпаратты таратушы оны сендіру үшін барынша эмоцияға негіздеп әзірлейді. Айталық ,«туысым айтты, бауырым естіпті» деген сөз адамға жалған сенім ұялатады. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы, фактчекер-журналист Думан Смақов БАҚ өкілдері эмоциялық қақпанға түсіп қалудан барынша сақтануы керек екенін алға тартады.
«Пандемия және постпандемия кезінде журналистер, редакторлар, редакциялар фактчекингпен айналысуға кірісті. Онымен пандемияға дейін де әр журналист айналысуы керек еді. Ақпаратты тексеріп, жарияланған ақпаратқа верификация жасап қана қоймай, оған фактчекинг жасау – журналистің тікелей міндеті. Бірақ бұл сала елімізде, өкінішке қарай кенже қалып келеді. Тіпті, пандемия уақытында кейбір мемлекеттік БАҚ коронавирусқа қатысты жалған ақпарат немесе конспирологиялық теория таратып жатқанын көрдік. Ол туралы айттық та, жаздық та», – дейді Думан Смақов.Медиасауат жалған ақпараттан қорғайды Бұқараның ақпараттық сауатын арттыру қазіргі қоғамның міндеті болып отыр. Өйткені фейк, жалған ақпаратты әзірлеуші адам қоғамда алауыздық тудыруға ұмтылады. Думан Смақов осы мәселенің шешімі медиасауатты арттыру екенін алға тартады.
«Ол үшін медиасауат компоненттері мен құрылымдары бар оқулықты жоғары оқу орындары, мектептер, балабақшаларға енгізу керек. Егер мүмкіндік болған жағдайда «өзін-өзі тану» пәні секілді «медиасауат және ақпараттық сауат» деген пәнді енгізген дұрыс», – дейді Думан Смақов.Фактчекердің айтуынша, бұл ең алдымен жалған ақпаратқа иммунитетті ерте қалыптастырады. Оған бала жастан бастап тәрбиелеу керек. Бұл тұста ересектер – қариялар да көмекке мұқтаж екені құпия емес.
«Ересектерге арналған ақпараттық роликтер, танымдық дүниелерді көбірек насихаттау керек. Бұл туралы көбірек түсіндіру керек. Жалған ақпарат қандай болатынын ескертіп, алаяқтар қалай әрекет ететінін түсіндіретін телеарна, радиоларда әлеуметтік роликтер, хабарлар берілсе», – дейді ол.Сүлейман Демирел атындағы университеттің аға оқытушысы, «Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы да медиасауат пәнін ең бірінші мектепте оқытылуын қолдайды.
«Бүкіл әлемде интернет келгеннен бері медиасауат жалған ақпаратпен күрестің бөлшегіне айналды. Ол арқылы адамдар ненің жалған немесе манипулияция екенін анықтай алады. Адамда ақпаратқа қатысты сыни көзқарас қалыптастырып, оны қабылдарда талдау пайымын үйретеді. Осыны біз ұдайы айтып жүрміз», – дейді Есенгүл Кәпқызы.Алайда бұл бастамаға қарсы шығатын жандар да бар. Өйткені білім жүйесінің жүктемесі көбейіп кеткендіктен, ұстаздар қауымы кез келген жаңашылдыққа сақтықпен қарайды. Алайда ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқан адам үшін өзіне қажетті мәліметті екшеп алуда бұл білім аса маңызды әрі қажетті. Есенгүл Кәпқызының айтуынша, елімізде осы пән кейбір мектептерде тәжірибе ретінде беріле бастаған. Алайда Батыстың бірнеше елінде ол көптен бері оқытылып жүр. Дипфейк технологиясы лаңкестер қолына түссе, үлкен қаруға айналады Дипфейк (deepfake) дегеніміз – жасанды интеллект адамның бет-әлпетіндегі қозғалыс, қимылды, дауысты күмән тудырмайтындай етіп жасап шығады. Кейбір адамдар әлеуметтік желіде жүрген дипфейкке сеніп қалуы мүмкін, алайда оның жасанды екенін мамандар тез анықтайды. Бірақ ол жылдар өте келе жетіле түсіп, сапасы шынайы деңгейді басып оза ма деген қауіп бар.
«Алдағы 10 жылдықтың ең үлкен қатері дипфейктер деп бұрынырақта айтқанмын. Олардың сапасы төмен деуге келмейді. 2017 жылы жасалған дипфейкте көздің қарашығы қозғалмайтын. Қазір көздің қарашығы қимылдайды, мимика мен пантомимиканы анық береді. Бет-әлпеті түгел қозғалады. Оның сапасы күн өткен сайын артып келеді, қаупі де артып келеді. Өкінішке қарай, дипфейк жасау технологиясы – бұзақылардың, террористік топтардың, экстремистердің қолына түссе, үлкен қаруға айналуы мүмкін. Мұны ескергеніміз жөн. Оған қарсы қоятын құрал жоқ, әзірге тек анықтайтын құралдар бар. Бірақ бұл құралдардың өзі 100 пайыз кепілдік бермейді. Сондықтан технологиялық алпауыттар дипфейкті анықтау және әшкере ету жолдарын көбірек жариялап жатыр. Дипфейктің басты артықшылығы – жасанды интеллект көмегімен жасалатынында. Мұны да ақпараттық сауатты арттыру арқылы жеңуге және оның технологиясын көбірек түсіну арқылы алдын алуға болады», – дейді Думан Смақов.Фактчекер Қазақстанда дипфейкке қатысты кейсті кезіктірмегенін айтып өтті. Алайда ол желіде Ресей президенті Путиннің, сол елдің беделді азаматтарының дипфейктері таралғанын жоққа шығармады.
«Ресейге келген дүние жақын арада біздің елімізге де келеді деген сөз. Егер президенттің, министрлердің сөзін дипфейкпен жасайтын болса, бұл әрине қоғамдық, ақпараттық, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндірері анық», – дейді сарапшы.Жалған ақпараттың салдары ауыр Есенгүл Кәпқызы жалған ақпараттың салдары ауыр болатынын әрі оның бетін қайтару оңай болмайтынын айтып отыр. Сарапшы мысал ретінде 2014 жылы ақпан айындағы банктерге қатысты қауесеттің қаншалықты зиян тигізгенін атап өтті. Еске сала кетсек, тұрғындар арасында Альянс банк, Kaspi Bank және ЦентрКредит банкінің банкротқа ұшырағаны жайлы қауесет тарап, соған сенген тұрғындар аталмыш банктерден салымдарын жаппай қайтарып ала бастаған болатын.
«Мессенджерде таралған жалған ақпарат салдарынан Қазақстанның тұтас қаржы саласына қауіп төнді», – деп түйіндеді Есенгүл Кәпқызы.Оның екінші мысалы – халықтың денсаулық қауіпсіздігіне қатысты еді.
«Пандемия кезінде конспирологияға бейім жандар «коронавирусты алпауыттар әдейі таратты, олар дәрі-дәрмектерін өткізуге мүдделі» немесе «ұшақпен не тікұшақпен у шашып кетті» дегенге қатты сенді. Оған көзі ашық сауатты адамдар, тіпті дәрігерлердің өздері де сенді», – дейді Есенгүл Кәпқызы.Сол кезде тұрғындар коронавирус вакцинасына сенімсіздікпен қарап, кей жерлерде екпені салдырғаны жөніндегі міндетті сертификаттарды сатып алуға кірісті.
«Бір дәрігер айтады: ауруханаға жалған сертификаты бар адам түседі. «Базада вакцина алған» деген мәлімет тұр. Сырқатты вакцина алған адамды емдеу хаттамасына сай емдей бастайды. Алайда оның ауруы асқына түседі. Ол дәрігерлерді «дұрыс емдемей жатыр» деп кінәлайды. Тек өзінің екпе алмағанын туысына айтып, ол медицина қызметкеріне жеткізеді. Сол сәттен бастап оны емдеу хаттамасы «вакцина алмаған сырқат» деп өзгертіліп, басқа әдіспен емделеді де сырқат тез жазылып кетті», – дейді Есенгүл Кәпқызы. Яғни, осындай теорияға сенетін адам зардап шегіп, өзінің денсаулығына, өміріне қауіп төндірген.Сарапшының ойынша, келесі үлкен қауіп – ол ұлтараздық алауыздық тудыру. Өйткені осындай кикілжің де жалған ақпарат не манипуляция әрекеті салдарынан тез ушығып кетеді.
«Жалған ақпараттар көбіне мессенджерде туысқандар чаттары арқылы тез таралады. Сол кезде чатта «оған сенбеңдер, бұл – жалған» деп айтып отыратын ақпараттық сауаты бар адам керек», – дейді сарапшы.Есенгүл Кәпқызы жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік бар екенін жадыдан шығармау керек екенін алға тартады. Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша 1 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сөз соңында айтарымыз, жалған ақпараттар ағынын әрбір адам өзінің ақпараттық сауатын арттыра отырып ой тезіне салып екшеп, эмоциясыз қабылдамаса, оның бетін қайтару, салдарын тоқтатуға беделді БАҚ, фактчекинг жобаларының қыруар еңбегі зая екеніне көзіміз жетті. Сондықтан гаджет және заманауи технология дамыған заманда медиасауатымызды да жетілдірген жөн.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ