Қанат Естек: Бауырға басқандар басқаның баласын...
Қанат Естек: Бауырға басқандар басқаның баласын...
1,324
оқылды
«Хабар» телеарнасы ұсынған «Бозторғай» сериалынан кейін қалың көрермен «Бақытты отбасы» кітабын іздеп жүр. Өйткені фильм сценарийіне дәл осы туынды арқау болған. Бір оқырманның авторға кітап дүкендеріне қайта-қайта барып жүргенін, алайда туындыны таба алмағанын жазғанына таңдандық. Бұл сериал көрерменін қызықтыра алғанын, ал кітаптың өз оқырманын тапқанын білдірсе керек. Көпшілікке он баланың тағдыры қалай өрбігені, нендей жағдай болғаны қызық. Өз кезегімізде Торғай өңірінің кең жүректі тұрғындары Қарлыға мен Нұрланның оқиғасын автордан сұрап білдік. «Бақытты отбасы» кітабын жазуға әпкеңіз бен жездеңіздің оқиғасы себеп болғанын білеміз. Ал сол тұста 10 баланы асырап алуды өзге туыстарыңыз қалай қабылдады? – Әпкем мен жездемнің бала асырап алу туралы ойы барын бәрі білді. Бір қызығы, 1986 жылы Әліби дүниеге келді. 1987 жылы Мәди дүниеге келді. Яғни, олар сериалда көрсетілгендей егіз емес. Қарлыға мен Нұрлан Әліби тумай тұрып, қыз бала дүниеге келгенін арман­дады. Бәріміз бір шаңырақ астында тұрдық. Екінші сәбиінен кейін әпкеме ота жасаған соң дәрігерлер енді бала көтеру мүмкіндігі жоғын ескертті. Бұл жаңалық үй-ішіне соққы болып тиді. 1991 жылы көктемде Қарлығаға балалар үйінде екі қыз барын айтты. Уақыт өте келе ол түсінде қыздарды көріп, ақыр аяғы бала асырап алуға шешім қа­был­дады. Бастапқыда Нұрлан мұның бәріне назар аудармады. Туыстар да әңгіме түрінде қалатын шығар деп ойлады. Қарлыға болса, балалар үйіне барып, Зарина мен Индираны көреді. Онда олардан бөлек алты бала бар екен. Балалар үйінің меңгерушісі әпкеме жұмыс ұсынып, қалуын өтінеді. Сәбилерді қимаған ол мекемеде үш ай жұмыс істейді. Сөйтіп жүргенде қалған балаларды да асырап алу туралы ой келеді. Жасыратыны жоқ, туыстар әпкемнің шешімін құптамады. «Біреудің баласы біреуге бала бола ма?» дейтін сөз де айтылды. Сонымен, 1991 жылы қазан айында өздері жеке сәбилер үйін ашты. Желтоқсан айынан бастап кезең-кезеңімен төрт ұл мен алты қызды асырап алды. Балалардың есімін өзгеріссіз қалдырып, тек Садықов фамилиясын бердік. – Сериал түсіру туралы ұсыныс­ты кім білдірді? Кітабыңыз қашан жа­рық көрген еді? – Кітап осыдан төрт жыл бұрын шыққан. Ал сериал түсіру жайы қызық оқиға. Сериал түсіруге сы­нып­тасым әрі жақын досым Жанат Жанұзақ есімді азамат мұрындық болды. Өзі «Қазақ радиосында» жұмыс істейді. Бала күнімізден бірге өстік. Байқасаңыз, сериалда Қанат және Жанат есімді сыныптас болып ойнаймыз. Жазған кітабым мен аудиожазбамды досыма беріп, бір қарауын өтінгенмін. Ол қазақ­шасын, ішіндегі қатесін дұрыстап, мұқият оқып шыққан-ды. Туынды баспадан шыққасын оған да біреуін бергенмін. Бірде сценарист Ертас Жақыпбай Жасынның үстеліндегі «Бақытты отбасы» кітабын көріп, оқып шығады. Артынша оқиға желісімен кино түсіру керегін айтып, Жанаттан жөн сұрайды. До­сым да менің кино түсіргім келе­тінін айтып, екеумізді таныстырды. бақытты отбасы – Кітабыңызда да Берік есімді кейіпкер бар ма? Әлде бұл сценарий авторы Ертас Жақыпбайдың ойлап тапқан образы ма? – Негізінен, Бикон ойдан шы­ғарылған кейіпкер. Ертас сюжетке өзі қосты. Сценаристпен әр бөлім туралы ақылдасып, бірлесе шешім қабылдадық. Оқиғаға енгізілген тың дүниенің бәрін құптадым. Бірақ кітап желісінен ауыт­қы­ғанымыз жоқ. – Түсінуімізше, сериалдағы Қанат есімді кейіпкер өзіңіз. Ғалияға ғашық болғаныңыз рас па? Қарлыға мен Нұрланның балаларымен бірге бір мектепте оқыдыңыз ба? – Иә, сериалдағы Қанат есімді кейіп­кер – өзім. Бірақ туындыда мектеп оқушысы болып суреттел­геніммен, сол тұста жасы жиырма­дан асқан жігіт едім. Ал Ғалия мен Айнаш есімді кейіпкерлер ойдан шығарылған. Қарлыға, Нұрлан үшеуміз әр жылдары Арқалықтағы Ш.Уәлиханов атындағы қазақ мек­тебін бітірдік. Айта кетерлігі, атал­ған мектеп сол тұстағы жалғыз қа­зақ мектебі еді. Балаларға келсек, асырап алған соң тоғыз баланың өмірге келген күні деп 1990 жылдың бірінші қыркүйегін жаздырдық. Тек Заринаның құжатында 1989 жыл­дың бірінші қыркүйегі көрсетілген. Сондықтан олар мектепке кейіні­рек барды. – Тоғыз баланың туған анасымен кездескенін білеміз. Балаларды жо­лықтыру туралы идея қалай дүниеге келді? – Балалар 18-ге толғаннан ке­йін дастарқан басына жинап, әң­гіме­лескенім бар. Негізінен, олар 13 жасынан бастап өздерін асырап алғаны туралы біле бастады. Оған дейін іштей сезген болар, бәлкім. Бірақ туған аналары туралы әңгіме бұрын-соңды қозғалған емес. Сөй­тіп, әрқайсысынан «туған анаңды көргің келе ме?» деп сұрадым. Әр­түр­лі реакция болды. Көргісі келе­тінін айтса Қарлығаның көңіліне келетіндей, оның үстіне туған ана­ларына реніші бардай ешкім бірден «иә» деп жауап берген жоқ. Ара­сында бір-екеуі бас шұлғығандай болды. Сөйтіп, оларға «сол уақытта баласын қоқысқа тастап кетіпті дейтінді көп еститінбіз. Сендерді аналарың тоғыз ай көтеріп, он күн емізіп, артынша балалар үйіне өткізген. Өмірде анадан қымбат ешкім жоқ. 1990-1991 жылдар өте ауыр кезең еді. Олардың сендерді апарар жері болмады» дедім. Кейіннен балалардың туған анасын көріп, тегін, қайдан рудан шық­қанын білгісі келді. Бұған жездем де қарсы болмады. отбасы 10-11 жылдың ішінде 14-15 баланың ата-анасын табуға кө­мектестік. Көп жерде тоғыз бала­ның ата-анасы табылғаны ай­тылады. Ермектің ата-анасын іздеу барысында сол кездегі басқа балалардың да жақындарын тап­тық. Маған шетелден қыз бала ха­бар­ласып, ата-анасын тауып бе­руім­ді өтінген. Айтайын дегенім, әркімнің өз өмірі бар. Сондықтан әй-шәй жоқ барып, «міне сіздің балаңыз» деп айта алмаймыз. Бірде сол қыздың өтінішімен анасын тауып, апарғанымызда тосылып қалғанымыз бар. Өйткені ол көп­балалы ана екен, үйіне, еріне сыйлы келін. Күйеуі де құрбы-құрдас­тарына әйелімен жастай қосыл­ғанын айтып, мақтан тұтатын-ды. Сонымен, осы жағдайды білгенде шаңырақ ортасына түсіп, құда-құдағилардың ренжісіп, екі жаққа кеткені есімізде. Сол үшін ата-ана­сы­мен жүздестіру жағына келгенде асқан сақтықпен қимылдайтын бол­дық. – Он баланың ішінде Ермектің ғана ата-анасы табылған жоқ. Әлі де іздестіру жұмысы жүргізіліп жатыр ма? – Ермектің анасын іздеп жүр­геніме он үш жыл уақыт өтті. Ол – туған анасын көргісі келетінін айт­қан алғашқы бала. Оған берген уәдем бар. Сол үшін тырысып жүр­мін. Әлі күнге дейін іздеп жүрміз. «Ел» бағдарламасы да қосыла іздеуге кірісіп кетті. Анасы туралы құжаттағы мәліметті зерттеп көр­сек, шындыққа жанаспайды. Мекемелерге барсақ, елімізде аты-жөні мұндай адам жоғын айтады. Білуімше, бұрын баланы өткізу туралы құжат тапсырғанда өтірік есім мен мекенжай жазып берген сыңайлы. Кейіннен басқа балалар­дың да құжатынан сәйкессіздік байқадық. Жақында, 30 қаңтар күні тағы бір баланың анасымен сөйлестік. Қолымызда өскен бала. Анасымен жеке сөйлестім, ішіндегі барын ақтарып, жылап алды. Ол өмір бойы мешіт еденін жуып, күнелтіп жүр. Отбасы бар. Сыртта баласы барын білсе, күйеуінің аямайтынын айтып, мұңын шақты. Жұбайынан қатты қорқады. Дегенмен туған анасы баласынан бас тартып тұрған жоқ. Жақсы көретінін айтып, сөйлесті. Баласы да анасын жақсы көреді. Жақсы көргендіктен, кездеспейді, жанына бармайды. Өйткені анасы үшін қорқады. Осыған қарап әр істе абайлау ке­ре­гін түсінемін, ешкімнің жанын жара­­ламауға тырысамын. Көпшілік ана мен баланы жолықтырған сауап еке­нін айтып жатады. Бірақ сауап іс деп отырған тірліктің де біреуге кері әсері тиіп кетуі мүмкін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ