Шымкентте ҰҚҚ КБ қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл қаңтарда бір топ адам жергілікті тұрғынды ұрлап, қала сыртына апарып ұрып-соққан. Пневматикалық қарумен жаралаған. Ер адам заңды түрде полициядан араша сұраудың орнына, күдіктілерден кек алу мақсатында өзінің таныстарын қаруландырған. Қару-жарақ алған.
Прокуратураның араласуымен жедел іздестіру нәтижесінде, Шымкент қаласы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірнеше мекенжайда күдіктілерді ұстады.
Олардан заттай айғақ заттар: Макаров және ТТ тапаншалары, 4 травматикалық тапанша, АК-103 автоматы, 12 калибрлі МЦ 21-12 өздігінен оқталатын мылтығы және 410 калибрлі өздігінен оқталатын Сайга-410 карабині, 16 калибрлі қосауызды тегіс ұңғылы ТОЗ мылтығы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 93 оқ-дәрі тәркіленді.Осы дерекке қатысты Шымкент қаласы ПД-ның тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 287-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.