Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен шет мемлекеттерге 27 трлн теңге аударылған. Бұл туралы кеше Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Лесбеков сенаторлармен кездесуінде мәлімдеді.
«Бүгінге дейін біздің базаға түскен 1,6 млн хабарламаның арасында жалпы сомасы 27 трлн теңгенің елден сыртқа шығарылғаны анықталды. Бұл қаржының басым бөлігі, яғни 80 пайызы Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Италия және АҚШ елдеріне аударылған», – деді Ғ.Лесбеков.
Оның айтуынша, 27 трлн теңгенің 10 триллионы Ұлыбритания мен Ресейге жөнелтілген. Мұны Қаржы мониторингі комитетінің бірыңғай ақпараттық сараптамалық базасы анықтап отыр.
«Аталған базаға түсетін қаржылық операциялар туралы мәліметтердің арасындағы күдікті операциялар табысты жекешелендіру, ақшаны жымқыру немесе лаңкестікті қаржыландыру сияқты топтарға жіктеледі. Күдік расталса, ақпарат Бас прокуратура арқылы құқық қорғау органдарына әрі қарай тексеру жүргізу үшін жөнелтіледі» деген комитет төрағасы базаға жылына кем дегенде 1,5 млн-нан артық осындай нақты ақпарат түсетінін айтады. Оның 600 мыңнан астам бөлігі күдікті операциялар екен.
Елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерін дамытуға басымдық беріліп отыр. Алайда ол операциялардың әрбірін жіті бақылау мүмкін болмай келеді. Салдарынан елде күдік пен күмән тудырар ақша аударымдары артып кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде лаңкестікті қаржыландырудың алдын алуға кесірін тигізері анық. Ғабит Лесбеков Қазақстан заңнамасында капиталды жылыстату түсінігі нақтыланбағанын айтады. Салдарынан капиталды жылыстатуға қатысты құқықбұзушылықты саралауда қиындық туындайды екен.
Айдана БЕГІМ