«AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес құрылғаннан бері нәтижелі қызмет етіп келеді. Кеңес «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» орындау бағытында да біршама жұмыс атқарды. Осы ретте Кеңес төрағасы Ерлан Саировпен сұхбаттасып, кеңестің бүгінгі қызметі жайлы сұрап білдік. – Ең алдымен, Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесінің негізгі мақсаты, атқаратын қызметі жайлы айтып берсеңіз. – «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес екі жыл бұрын құрылды. Ең негізгі мақсаты – елдегі мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік секторда және жеке адамдардың іс-әрекетіндегі коррупциялық нышанды айқындап, сонымен күресу, қоғамда коррупцияны қабылдамау мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар әрине коррупциямен тұрақты түрде күресу, жан-жақты жұмыс жүргізу. Кейінгі екі жыл ішінде көптеген әкімшіліктің, министрліктің мәселесін қарастырдық. Жұмыс нәтижесінде Бас прокуратураға, Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне өзіміздің нақты ұсыныстарымызды беріп отырамыз. Себебі қоғамда болып жатқан сыбайлас жемқорлық мәселелері мемлекет дамуын тежейді. Бүгінде сыбайлас жемқорлық салдарынан елімізде біршама келеңсіздіктер болуда. Мысалы, энергетика саласында үлкен проблемалар бар. Екібастұз, Риддер, Рудный қалаларындағы ЖЭС мәселесі – соның бір дәлелі. Одан бөлек, Қазақстандағы бармақ басты, көз қысты тірліктер арқылы халықтан алып қойған жерлерді елге қайтару мәселесімен де айналысамыз. – Кеңестің осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары жайлы ақпараттарды көріп-біліп жүрміз. Енді өзіңіз кейінгі атқарған шараларға тоқталып өтсеңіз. – Мысалы, жарты жыл бұрын Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Алматы, Талғар, Қаскелең, Астана, Түркістан облыстарындағы жерлеріне қатысты мәселе шыққан. Сол кезде біз Бас прокуратураға сұрақ жібердік. Ал қазір сол анықталып, прокуратура біздің өтінішіміз бойынша жалпы аумағы 244 мың гектар болатын 59 жер телімін мемлекетке қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен бірге осы азаматқа тиесілі болған Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар ауылшаруашылық жер мемлекетке қайтарылды. Тағы бір мысал, біздің еліміздегі банк системасында 2007-2019 жылға дейін Ұлттық қордан банктерге 9 трлн теңге бөлінген. Ал қазір мемлекеттік бюджеттің өзі 14 трлн. Салыстырмалы түрде қарасақ, банктерге бөлінген сома мемлекеттің бюджетімен пара-пар. Осы қаржы қайда кетті, ол қайтты ма, қайтпаса қашан қайтады, кім қолды қылды деген мәселелердің барлығының тексерілуіне біз мұрындық болып отырмыз. Яғни, Кеңес өз жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Біздің еліміздегі әлеуметтік әділеттілік және заңдылықты қалпына келтіру мақсатында ары қарай да қоғам мүшелерімен бірігіп жұмыс істей береміз. – Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық мәселелерінің алдын алу үшін қоғам қандай бағытты ұстануы қажет? – Коррупция дегеніміз – ол қоғам ішіндегі індет. Осы індетпен күресудің нақты шешімдерін жасауымыз керек. Ең алдымен, балалық шақтан бастап коррупцияны қабылдамау мәдениетін қалыптастыру қажет. Өйткені бұл – екіжақты процесс. Қоғамда коррупцияға қарсы беталыс, қарсы көзқарас қалыптастырған жағдайда ғана соған қол жеткізе аламыз. Яғни, оның ең негізі – жастарды тәрбиелеу. Екінші мәселе – мемлекеттік органдарда профилактика жасау, яғни коррупцияның алдын алу. Бұл үшін квазимемлекеттік сектордың бюджет саласына қоғамдық бақылауды күшейту керек. Бақылау қатайған кезде елімізде коррупцияға деген ешқандай алғышарт болмайды. Үшіншіден, қазақта «балық басынан шіриді» деген сөз бар. Бұрынғы биліктің жоғары тармағында болған азаматтардан халқымыздың аузынан жырып алған әртүрлі материалдық құндылықтардың барлығын мемлекет меншігіне алу. Сонымен қатар қылмыстық әрекетпен елімізден шетелге шығып кеткен қаржыны елге қайтару. Бұл жөнінде де біз өзіміздің ұсыныстарымызды беріп жатырмыз. Бүгінде Бас прокуратурамен және басқа да құқық қорғау органдарымен тығыз байланыстамыз. Әрі қарай да қарқынды жұмысты жалғастыра береміз. – Әңгімеңізге рақмет!