Тасқын судың ортасында қалған жүкті әйел мен баланы әкім беліне арқан байлап алып шықты
Тасқын судың ортасында қалған жүкті әйел мен баланы әкім беліне арқан байлап алып шықты
Түркістан облысында күн жылынып, сел жүріп жатыр. Тасқын судан қатер төнген аудандардың бірі – Бәйдібекте де селдің қаупі сейілген жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бәйдібек ауданы әкімдігі таратқан мәліметте, су тасқыны басталған сәтте көлік орта жолда қалып кеткен. Ішінде жүкті әйел мен бала болған. Шаян – Мыңбұлақ облыстық маңызы бар автожолмен келе жатқан «ВАЗ-2106» автокөлігі қырдан аққан ағын судың күшімен жолдан шығып кеткен. Автокөлік ішінде 39 жастағы ер адам және 33 жастағы жүкті әйел мен 7 жасар бала болған. Олар қорыққанынан көлік үстіне шығып, айқайлап көмек сұраған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде де тарады. Онда адамдарды көлікпен бірге су ағызып бара жатқанын көруге болады. Жағада тұрғандар құтқаруға әрекет жасап, көмек береді. Кеңес бойынша олардың бірі суға секіреді. Алайда ол біршама жер алысқа ұзап ағып кеткен.
«Кейін машина үстіндегі қалған әйел мен баланы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап, тасқын судың ортасынан алып шықты. Қазір олар аудандық орталық ауруханаға жатқызылған. Ана мен бала дәрігерлердің бақылауында» делінген ресми мәліметте.
Бұған дейін Түркістан облысында жедел штаб жұмыс істеп жатқанын жазған болатынбыз.