Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Тастұмсық ауылында Мейірхан Топанбай есімді жігіт бар. 28 жастағы азамат ес біліп, әріп танығалы 68 мың кітапты оқып тауысқанын айтады. Ол осынау оқу-білімнің қызығына кіргеннің нәтижесінде 10 тілді меңгерген. Кітап оқу өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді Ауыл кітапханасында кітапханашы болып жұмыс істейтін бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жас жігіттің айтары да көп. «Иә, 68 мың кітап оқуды қиял деп қарайтын, ол мүмкін емес деп санайтындар бар. Бірақ ол – мүмкін! Адамның жан тынысын ашатын дүниедегі жалғыз нәрсе – кітап. Кітапты ештеңе алмастыра алмайды. Адамзаттың негізгі мұраты – адам болу болса, сол мұратқа жеткізетін кітап», – дейді Мейірхан бізбен әңгімесінде. Ол, 2021 жылы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының және Түлкібас ауданының жыл үздіктері таңдалған тұста «Үздік оқырман – 2021» атанған. Осы кезде оқыған кітаптарының тізімі арнайы хаттамаға енгізіліп, ұсынылады. Сонда оның университет кітапханасынан 3987 кітап, арнайы кітапханадан 29 мың 536 аудио және брайль кітап, аудандық кітапханадан 27 777 кітап, Жаскешу ауылдық кітапханасынан 404 кітап, Тастұмсық ауылдық кітапханасынан 198 кітап оқығаны белгілі болған. Бұл 2021 жылғы санақ қана. Одан бері 3 мыңнан аса жәй кітап, 4100 брайль кітап және 389 аудио кітапты тауысқан.
Оның отбасында анасы кітапқа құмар екен. Анасы – шет тілдерінің мұғалімі Ұлбосын Абешова. Ал марқұм нағашы әжесі «Оқымаған оқығанға қызмет қылады. Әлем осы қалпында тұрмайды», – деп бала күнінен құлағына құйып өсіріпті. Әжесі Салиха Дәрібаева бірнеше жыл зейнетақысын жинап, Ресейден мың дана кітапқа тапсырыс беріп алдырған. Ал нағашы әжесі Жұмаш апа «жүйкең тынышталады», – деп, шұлық тоқуды үйреткен. Бүгінде қолөнер жұмыстары да Мейірханның тұрақты хоббиі. Мектепті үйден оқыған жас бала кітаппен бес жасынан бастап сусындаған. Ең алғаш Решат Нури Гүнтекиннің «Бозторғайы» мен Шыңғыс Айтматовтың «Атадан қалған тұяқ» атты кітаптарымен танысқан. «Екеуін бірдей кезеңде бастап, бірдей кезеңде аяқтадым», – дейді ол. Сол жылдары «Бозторғай» телехикаясы отандық арналардан көрсетіліп, сол телехикаяның әсеріне қатты берілсе керек, әжесі жас жігіттің туған күніне сол кітапты сыйлайды. Бала Мейірханның алғашқы кітап оқуы осыдан басталған. «Ал менің шын кітап құмар болуымның себепкері – ұстазым Жанна Нұрәліқызы Ботабаева. Филология ғылымдарының докторы, 20 жылдан бері сал ауруына шалдыққан балаларға тіл үйретіп жүрген мықты оқытушы. Жай оқытушы емес, білімді, жан дүниесі ауру жанын ұғатын алтын жүректі адам. Мен Рабиға Әбдімұсақызы басқаратын академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде екі бірдей жоғарғы білім алдым. Жанна Ботабаева гуманитарлы-педагогикалық факультетінің деканы және орыс тілінен дәріс берді. Қазір Ж.Тәшенов университетінің филология кафедрасының меңгерушісі. Осы кісі бір аптада 14 кітап оқудың жолын көрсетті. Бұл деген үлкен уақытты әрі жүйкені талап етеді. Әр аптада он төрт кітап оқу бойынша қысқаша талдау ұйымдастырды. Түнгі он екі-бірге дейін оқыған кітаптарымызды сөз ететінбіз. Бір аптада 17 кітап оқыған кездеріміз де болды», – дейді өткенін еске ала отырып Мейірхан. Сонымен бірге ол «Жетістік – жалғыз адамның ісі емес, ол – ортаның сенімен байланысынан туатын ортақ еңбек. Кітап оқу – жан қайғыңнан арылтып, өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді. Менің өмірімде екі жол тұрды. Бірі – мүгедектігіме мойынсұнып, бір бөлмеге қамалып қалу, екіншісі – өз үнімді әлемге естіртіп, жаһанға өз атымды қалдыру. Білесіз бе, сал ауруларын көбі ақыл-есі кеміс деп санайды. Бірақ біздердің бәріміз сондаймыз ба? Жоқ, әрине! Біз мас адам сияқты теңселіп жүреміз. Сал ауруына жармасқан ауруымыз – талма. Бәзбіреулердің теңселіп жүргеніміз үшін мас адамға балап, талмамыз үшін ақылы кемге санап жатқаны жаныма қатты батады. Өзгерген ештеңе жоқ», – дейді өмірге құштар жігіт.
Біз кейіпкеріміздің 10 шет тілін білетінін естіген соң «адам өзін-өзі жетілдіру арқылы, өздігінен бірнеше тілде меңгеруі мүмкін бе?» деп сұрадық. Мейірхан тіл үйрену өзін бір нәрсеге алдандырудың жолы екенін, олай жасамаса бәрі ауыр болатынын жеткізді. «Бойымдағы дертті ұмытып, өзімді адам сезінудің жалғыз жолы да осы – тіл үйрену болды. Мен әр сөздің мағынасына бала кезден мән беріп қарап, әр тілдегі ең ғажап деген сөздерді үйренуді әдетке айналдырдым. Өзімнің жүрегіме ана тілімнен кейін ең жақыны – түрік, испан, француз тілдері. Тіл үйренуді өмірімнің алданышына айналдыру арқылы көп достар таптым. Өзімді таптым. Сыйлас адамдарымның саны көбейді. Бірде ұстазым академик Рабиға Қуатбекова: «Мейірхан, сенің адамдығыңды айшықтап тұрған нәрсе – адалдығың мен адамға деген махаббатың. Сол қасиетің тіл үйренуіңе де себепкер сияқты. Жолыңда жақсы адамдар кездесіп, үлкен-үлкен есіктер ашылатынына сенімім зор. Тілдің киесін ұғынып, өзіңді тіл ғылымына арнағаныңа шын жүректен қуанамын!» – деп өз ойын жеткізген кезінде еріксіз көңілім босап, ерекше қанаттандым. Бала күнімнен осы жолға бағыттағаны үшін анама разы болдым. Мені анам адам болады деп үміт етті», – деп күлімсіреді ол. Нағашы әжесі Жұмаш апа оны жастайынан түрік тілі мен грек тіліне және өз құқықтарын білу үшін 5 жасынан заңдарды үйретіпті. Өміріне осылайша шабыт беріп отырған әжесі бүгінде өмірден өткен. Одан бөлек, анасы жағынан туыс болып келетін қоғам қайраткері Мырзагелді Кемелдің құнды кеңестері өміріне пайдалы болғанын да атап өтті. Француз тілін мектепте үйренген ол қазір итальян тілін оқып жатыр. Неміс, парсы, поляк және тәжік тілдерін оңай меңгерген ол ең қиыны ағылшын тілі екенін айтады. «Тілді арнайы емес, онлайн арқылы да ізденіп оқуға болады. Жалпы кез келген тілді жас кезде үйренген дұрыс. Бала тез қабылдайды», – дейді орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алған ол. Оның әлі күнге дейін өзі білетін тілдерге әр күні 10 минуттан арнап, өлең оқитын әдеті бар. Оны қойын кітапшасына қазақшалап жазу арқылы санасын жаттықтырып, көкжиегін кеңейтеді. Бос уақытында шетел авторларының шығармаларын қазақ тіліне аударады. 2021 жылы аудармалар жинағы енген «Ақиқаттан аттамайық, бауырым!» атты кітабы жарық көрді.Мүгедек жандардың мұңы көп
Өмірде мүгедектігі бар балаға үлкен күтім және отбасының сенімі ауадай керек. Егер оған сенімсіздік танытып, «бұдан ештеңе шықпайды!» дейтін болса, бала құлдырайды. Онсызда еңсесі төмен жан езіліп кетеді. Сондықтан айналасы, туыстары оны жігерлендіріп, жетістікке жететінін үнемі еске салып отырса, ол талпынады. «Мен ата-анамның қолдауының арқасында қиындықтардан өттім. Әрине, әлі де қиындық болып тұрады. Аяқкиімімнің бауын әлі күнге анам байлап береді. Киіндіріп, тамағымды пісіреді. Анам үшін мен үлкен ауыртпалық болдым. Барлық сынақтарды әжем мен анам үшеуміз көріп келеміз. Талма ауруынан көзімнің көру қабілеті кеміген кезінде де осы үшеуміз сынақтан шығу жолын іздедік. Анам мені орта жастан асқанда өмірге әкелген. Сал ауруы деген диагнозымды естігенде дүниеден баз кешіп кете жаздапты. Балқарларда: «Тірлік етпегеннің өмірге берері жоқ» деген әдемі есті сөзі бар. Мендегі өмірлік мақсат – адамға масыл болмау. Үйде жатып, өзімнің талантымды тұншықтырып, болмысыма қиянат еткім келмейді. Жанымды жадыратар бір жақсылық болса, ол – жұмыс істеуім. Себебі егер жұмыс істемесем, күнделікті қолданатын дәрімді анам мен әкем зейнетақысынан әперер еді», – дейді Мейірхан.
Бүгінде өзі туып-өскен ауылда кітапханашы болып жүрген жас жігіт осы жолда өзіне үлкен қолдау көрсетіп, жұмысқа қабылдануына көмектескен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы М.Амановқа, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Қамар Мекембайқызына ризашылығын білдіреді. «Тастұмсық – өзім суын ішіп, топырағына аунап өскен ауыл. Әркім өз туған жерінде сұлтан ғой, кітапханаға келген кезде үлкен жауапкершілікті сездім. Ауылдық кітапхана болған соң ауылдық округ мектептерінің кітапханашыларымен байланысты арттыруға, мектеп оқушыларын кітап оқуға тартуға бар күш-жігерімді жұмсауға тиіс екендігімді саналы түрде ұқтым. Кітапхана меңгерушісі Гүлазима Құлажанқызы барлық жағынан қолдау көрсетіп, бауырындай қарады. Жұмыста өз отбасыңдағыдай жанашыр адамдар болмаса, ісің өнбейді. Кемшілігіңмен қабылдап, қолдау көрсетпеген жағдайда ол ортада өзіңді таба алмайсың. Әріптестеріммен жұмыс барысында жиі кітап талқылаймыз. Оқырмандарға кітап оқуды насихаттаймыз», – дейді ол. Мейірхан бүгінде қоғамда арагідік айтылып қалатын кітап, кітапхана керек емес деген сөздерге наразы. «Техниканың отаны – Жапония мен Германия неге кітаптан бас тартпай отыр? Олар жаңа технологияның қағаз кітапты алмастырмайтынын медициналық тұрғыдан зерделеп біліп, қағаз кітапты оқудың денсаулыққа пайдасын санамалап көрсетіп берді. Кітап оқымаған адамнан ұлы істер күту бекер», – дейді ол.Біз өмірге құштар жігіттің еңбекқорлығына тәнті болдық...
Түркістан облысы