Әнші фонограммамен ән айтатын болса, ол туралы билет сатылмай тұрып, жарнама беретін кезде ескертетін болды. Бұл ереже қолданыстағы Мәдениет туралы заңға енгізілмек.
Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова әзірге жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. «Бұл – таңдау құқығы үшін жасалмақ. Ереже билет бағасына міндетті түрде әсер етеді. Жеке басым, фонограммамен өтетін концертке билетті қымбатқа сатып алмас едім», – дейді директор.
Министрлік өкілінің байламына сенсек, мұндай тәжірибе өзге елдерде де бар екен. Тіпті, фонограммаға да мүлдем тыйым салынған кездер болыпты. Бұл қызмет түрінің лицензияланған да тәжірибесі бар. Ал Сейітованың айтуынша, фонограмма туралы әншілердің барлығы хабарлауға міндетті.
«Заңнама еліміздің аумағында қолданылады. Ереже қабылдаған жағдайда кез келген шетелдік, қазақстандық әртіс заң шеңберінде жұмыс істейді. Бұл норма әлі қабылданған жоқ, бірақ оны депутаттар қолдап отыр. Басқа мемлекеттік органдар тарапынан наразылық болған жоқ» дейді.
Бұған дейін фонограммаға тыйым салу туралы да сөз болған. Бірақ министрлік бұған дайын емес секілді. «Уақыт өте келе енгізіп көруге тырысамыз. Фонограмманы мүлдем қолданбау үшін жабдықталған концерт залдары қажет, бірақ қазір олар тек республикалық деңгейде бар. Өңірлік деңгейде бәрі дайын емес болуы мүмкін. Осы мәселе әлі де талқыланып жатыр», – деді Күміс Сейітова.
Фонограммамен ән айту – көрерменді алдау
Министрлік жаңа ереже әншілерге де, концерттерге де оң әсерін тигізеді деп санайды. Аталған ведомство өкілдері «тірі концерт беру – орындаушының өзіне әлдеқайда қымбат шығатынын, сондықтан тыйым салуға әлі ерте екенін» айтады.
Осыдан екі жыл бұрын сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Парламент мінберінде мәселе көтеріп, «фонограмманы магнитофон немесе дискісін сатып алып та тыңдаймын. Концертке барғанда өнер адамының бет-бейнесін көруге емес, жанды дауысын тыңдауға барамын. Фонограммасыз өнер көрсету –
өнер адамдарының шынайы кескін-келбетін де аша түсер еді» деп мәселе көтерді. Сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Әр концерт ұйымдастырушыға министрлік лицензия беруі керек. Бірақ бізде ол заңда көрсетілмеген. Біз лицензияға дүниежүзіндегідей көшпегенше, бұл шешілмейді. Қазір кез келген азамат концерт ұйымдастыра алады. Егер лицензия болса, біз «айналайындар, заңды бұздыңыз, лицензияңыз жойылады» деп нақты айта аламыз. Сонда ол концерт ұйымдастыра алмайды» деп жауап берген еді.
Ақтоты Райымқұлова Мәдениет министрінің тізгінін қолға алғаннан кейін жас өнерпаздармен кездесуінде: «Фонограмманың түрі көп. Біздің министрліктің көзқарасы: өнер таза болуы керек және эстрадада жанды дауыспен айтылуы керек», – деді.
Енді фонограммамен ән айтатын болса, билет сатылмай тұрып, жарнамада ескертілуі тиіс деген ереже енгізіліп отыр. Бұл ереже әншілердің фонограммамен айтуына шектеу қоя ала ма? «Фонограммамен ән айтамын, концертіме келіңіздер» деп әнші қалай «жарнама» жасайды?
Есте қалар есті ән
Белгілі әнші Ерлан Төлеутай «бұл ереже фонограммамен ән салуға тыйым емес» деген пікірді алға тартады. «Фонограммамен ән шырқаймын» десе, кім не дейді дейсің. Ел күледі де қояды. Бұл – фонограммадан құтылудың жолы емес. Көңілімізге үміт сәулесі ұялағандай болып еді. Фонограммаға толық тыйым салынбай, ештеңе өзгермейді. Қазір әншілердің кейбірі лотерея ойнатып кетті. Мүмкін, фонограммамен ән айтып, тыңдарманға өткізе алмағасын осындай «оңай» жолын таңдаған шығар. Үкімет тыйым салмай-ақ, бұрынғыдай емес, көрерменнің сауаты жоғарылаған. Бұрынғыдай көрермен толтыратын «концерт» өтіп жатқан жоқ. Өзбектер өнерпаздарын лицензиялап жатыр. Егер әнші плагиаттық жасаса, лицензиясын алып қояды. Қазір өнерде «плагиат» көбейді. Шетелдік музыканы ұрлап, қазақша сөз жазады. Ән мәтіні туралы әңгіме бір бөлек. Қазір есті ән, есті сөз қалмай бара жатыр. Ең қорқыныштысы – бүтін бір буынды осындай әндер тәрбиелеп келеді. Бұрын қандай еді? «Әбіш Кекілбаевтың жақсы бір повесі дүниеге келіпті», «Мұхтар Мағауиннің әңгімесі шығыпты» деп, сол шыққан жаңа туындыны іздеп жүріп оқитын едік. Қазір екінің бірінің аузында «Қалаулым». Ондай адамдардан қандай есті сөз күтесіз?» дейді.
Ал әнші Досымжан Таңатаров жеке концерттерін жанды дауыспен өткізіп жүргенін айтады. «Соңғы кездері шығармашылық кештің бәрі жанды дауыста өтіп жүр. Олар сахнада фонограммамен ән салған жоқ. Сондықтан бұл ереженің бекітілуі орынды деп санаймын. Жалпы, үлкен сахнада үлкен оркестрмен ән айту кез келген әншіге оңай емес. Ол қыруар қаржыны талап етеді. Яғни, әншіге мұндай концерттер өте қымбатқа түседі. Мәселен, маған бұлай жанды дауыспен ән айту қиын емес. Өмірбойы оркестрде ән айтып жүргендіктен, қатты салмақ түсе қоймайды. Кейбір жобаларда әншілерге фонограммамен шығуға тура келеді. Сол себепті оларға да фонограммамен ән айттың деп кінә артуға болмас» дейді.
Фонограмманың да күні өтіп барады. Өйткені ТМД елдерінде бұл мәселе әлдеқашан шешіліп қойған. Түркіменстанда заң бойынша әншілер концерттерде, мерекелік кештерде жанды дауыста ғана ән шырқауы керек. Молдовада ресми концерттерде фонограммамен ән айтуға тыйым салынған. Әзірбайжан елі де бұл мәселеге баяғыда заң шығарып, нүкте қойған. Әзірбайжан эстрадасының даму қарқыны жоғары болса, бұл да осы заңның арқасы. Көрші Қытай елінде фонограммамен ән салуға қатаң тыйым салынған. Егер әнші фонограмманы пайдаланар болса, 20 000 доллар айыппұл төлейді, не болмаса өмір бойына әншілік лицензиясынан айырылады. Сол себепті Қазақстанға да осындай заң керек. Әзірге Мәдениет туралы заңға жаңа ереже енгізілді. Осы ереженің негізінде әншілер фонограммамен ән айтатынын алдын ала ескертіп отыратын болды.
P.S.
Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен жақында төрт бірдей орталық ашылды. Олар мұражай, кітапхана, театр және концерт салаларын қамтиды. Бұл орталықтардың жұмысын министрлікке қарасты Мәдениет және өнер департаменті қадағалап, концерттік шараларды да ретке келтіретін болады. Сонда әншілер де фонограммамен ән айтып, көрерменді алдай алмас еді.