Елордада 10-12 ақпан аралығында жабық алаңдағы жеңіл атлетикадан Х Азия чемпионаты өтеді.
Qazaqstan жеңілатлетикалық спорт кешенінде өтетін турнирге 30-дан аса елден 500-ден астам спортшы қатысады. Жарыс 2023 жылы Азия жеңіл атлетика қауымдастығының күнтізбесіндегі ең маңызды іс-шаралардың бірі болып саналады.
Айта кетейік, жабық алаңда жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты ТМД елдерінің аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Спортшылар жеңіл атлетиканың 26 түрінен өнер көрсетеді, олардың арасында жүгіру, лақтыру, секіру және көпсайыс бар.
Жарыстың ашылу салтанатына Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамад, ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы кеңесінің мүшелері, Азия елдерінің ұлттық федерацияларының басшылары, сондай-ақ еңбек сіңірген спортшылар мен еліміздің спорт қайраткерлері қатысады.