«2022 жылдың ІІ жартыжылдығының өзінде жергілікті жердегі әкімдер халықпен 19,8 мыңға жуық кездесу өткізді. Олардың барысында тұрғындар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу, экологияның жайы, жолдарды жөндеу, жер мәселелері және тағы басқа сұрақтар бойынша 33,4 мыңнан астам мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Кездесулердің нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар 33,1 мың мәселенің шешімін тапты», – дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Әкімдердің халықпен жүздесуінің нәтижесі бойынша атқарушы органдар, ұлттық холдингтер және компаниялар деңгейінде шешілетін мәселелердің тізімі де жасалған. 62 сұрақты қамтитын бұл тізімдегі түйткілдердің түйінін тарқату үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу қажет. Қазірдің өзінде аймақтарда халықты мезі еткен 5 өзекті мәселені реттеу үшін республикалық бюджеттен 20,2 млрд теңге қарастырылыпты. Ал тағы 13 мәселеге қажетті 61,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мүмкіндігі 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылмақ.
Тыңдай білген тындыруды білсе...
2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізген. Онда 63 мың мәселе көтерілсе, оның 75,5 пайызы шешілген. Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оларды шешуде Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласы өзге өңірлерге үлгі бола алады. Аталған өңірдің әкімдіктері тұрғындардың талап-тілегінің 90 пайыздан астамын қанағаттандырған көрінеді. Керісінше, Алматы облысының әкімдігі халықпен кездесіп, тұрғындарды тыңдағандай болғанымен, олардың қалауын орындауға асықпай отыр. Өйткені облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінде 1 029 мәселе көтерілгенімен, оның бар болғаны 28,5 пайызы ғана шешіліпті. Сол секілді Батыс Қазақстан облысының әкімдігі де жергілікті тұрғындарды мезі еткен мәселелерді реттеуге келгенде салғырттық танытқан. Батысқазақстандық әкімдер халықпен кездесуде көтерілген 3 751 мәселені қойын дәптерлеріне түртіп алғанымен, оның 1 895-ін ғана шешкен. Осы сияқты Атырау облысының әкімдігі де көп түйткілдің тең жартысының ғана түйінін тарқата алған екен. Мұнда атыраулықтардың кездесуде көтерген 2 808 мәселенің 1 533-інің шешімі табылыпты.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов халықпен кездесуде жыл сайын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-инфрақұрылым жүргізу, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен оларды жөндеу мәселелері көтерілетінін айтады. «Оларды шешу үшін құны 108 млрд теңгені құрайтын іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыстың, қаланың, аудан және елді мекендердің даму жоспарларына енгізілді. Бүгінде 1 533 мәселе шешілді. Қалған мәселелер орындалуда. Олар негізінен ұзақмерзімді және қомақты қаражатты талап ететін жобалар», – дейді Атырау облысының әкімі.
Мұнайлы өңір басшысы халықпен жиі кездесу өткізудің нәтижесінде әкімдікке арыз-шағымын арқалап келетіндердің саны 7 пайызға азайғанын айтады.
Қысқасы, Президент пәрменімен халықпен кері байланыс орнатуда, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету ісінде сең қозғалғандай. Десе де, мұндай кездесулерде саннан сапа маңызды екенін ұмытпаған жөн секілді. Рас, қарапайым ауыл тұрғынының мәселесіне Астанадан министрдің келіп құлақ түруінің тиімді тұсы көп. Әйтсе де, бірінші басшылардың тұрғындар көтерген мәселенің айтылған жерінде қалдырмай, қорытынды шығарғанға дейінгі әрекеті одан да маңызды. Бастысы, бұл механизм халықтың билік органдарына деген сенімін нығайтудың тетігіне айналмақ. Мәселен, Президенттің «Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы өткен жылдың наурыз айында шықты. Ал Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тамыз айында жүргізілген өңірлік әлеуметтанулық мониторинг нәтижелері Үкіметке, облыстар мен республикалық маңызға ие қала әкімдеріне деген сенімнің сәл де болса жоғарылағанын көрсетті. Мәселен, 2022 жылдың ақпан айында респонденттердің 53,2 пайызы Үкіметке сенім білдірсе, мамыр айында бұл көрсеткіш 68 пайызға дейін ұлғайыпты. Әрине, бұл көрсеткішке әсер еткен басты фактор меморган басшыларының ауыл-аймақ тұрғындарымен кездесуі деуге болмас. Сонда да болса, тұтас бір министрлікті басқарып тұрған азаматтың қарапайым қазақстандықтармен бетпе-бет келуі, талап-тілегін тыңдауы, оларды реттеу бойынша шаралар қабылдауы бұқара мен билік арасындағы кері байланыстың түзілуіне ықпал еткені анық.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Ермек Тоқтаров халықпен кері байланыс мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазым иелерінің негізгі міндеті екенін алға тартады.
– Халықпен уақытылы коммуникацияда болу – әкімдер мен мемлекеттік органдар басшылары жұмысының тиімділігінің маңызды факторы. Үкіметтің жұмысы халыққа түсінікті болуы керек. Азаматтардың мемлекеттік органға сұрақ қоюға құқығы бар. Сол кезде мемлекеттік органдар қабылданған шешім себептерін түсіндіруі керек. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырыла бастағанын көрсетеді, – дейді Ермек Тоқтаров.
Рас, халықпен нәтижелі кері байланыс түзу мемлекеттік орган жұмысын тиімді етудің басты шарты. Азаматтардың тұрғылықты жеріне, қызметіне қарамастан қалауын ауыл әкімін былай қойғанда, министрмен бетпе-бет отырып талқылауының нәтижелі боларына сенім мол. Бастысы, халық үніне құлақ асқан басшылар енді соны іске асыруды мақсат етсе болғаны.