Солқылдақ аударма сорымызға айналды
Солқылдақ аударма сорымызға айналды
608
оқылды
Қазақ тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керектігін бәрі біледі. Бірақ өз тіліңді білгенің құқықтық тұрғыда өз-өзіңді қор­ғауға келгенде қауқарлы ма? Мәселе осында болып тұр. Өйткені заң мәтіндерінің қазақ тіліндегі шалажансар аудармасы қа­зақтілділердің құқығын шектеп отыр. Бізде орысша білетіндер орысша білмейтін адамдарға қарағанда белгілі бір басымдыққа ие болатыны осыдан. Қарапайым азаматтар емес, елдегі заңгерлердің өзі алдымен орысша жа­зылып, артынша аудармадан өткен заңдар мен нормативтік актілердің мағынасын түсінбей жатады. Себебі қазақ тіліндегі нұсқаның сөйлем құрылымы ауыр. Со­рақысы, тікелей аударманың салдарынан заңның мағынасы да өзгеріп кетеді. Сол үшін қазақтілді заңгерлер заңдық құ­жаттарды мемлекеттік тілде емес, орысша оқуға мәжбүр. Өкінішке қарай, өз бетінше тәржімалаған күннің өзінде бұл заңға қайшы болғандықтан, сот шешіміне қан­дай да бір ықпалын тигізе алмауы мүмкін. Мәселен, белгілі адвокат Абзал Құс­пан мемлекеттік тілде өтетін сот ісі заң­дардың орыс тіліндегі нұсқасымен да­йындалады екен. Өйткені мемлекеттік тілде жазылған заңның баптарын түсіну қиын көрінеді. Күнделікті жұмысы заң­мен тығыз байланысты маманның өзі қазақ тіліндегі заңдарды түсінуге қиналып тұрғанда қарапайым адам үшін қанша­лықты қиынға соғары түсінікті де. Адво­каттың бұған дейін берген бір сұхбатында: «Қазақстанда, әсіресе ірі қалалардағы сот процесі көбіне орыс тілінде өтеді. Өйткені заңның орысша нұсқасы түсінікті болғандықтан, арызданушы да сол тілде шағымданады, судья мен прокурорға да солай ыңғайлы. Тіпті, кейбір қылмыстық істе сотқа дейінгі тергеу кезінде қазақша сөйлейтін тергеуші таппай қиналғанына куә болдым» деуі сондықтан болса керек. Оның айтуынша, осыдан бірер жыл бұрын атышулы қылмыстық істердің бірі тергелгенде сотталушы мен адвокаттың істі қазақ тілінде жүргізу туралы талабы әрең орындалыпты. Қызығы сол, сотқа шағымданудың арқасында істі қазақша жүргізуге қол жеткізгенде Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қазақ тілінде сөй­лейтін тергеушіге зәру болған көрінеді. Себебі қазақ тіліндегі заң сөйлемдерінің күрделілігі құқық қорғау органдары қыз­меткерлерін де орыс тіліне қарай итер­мелеуге себеп. Ол ол ма, еліміздің басты құжаты саналатын Конституцияның өзі техникалық және мағыналық қате­лерден көз аша алмай келеді. Басы бар да аяғы жоқ Ата Заңымыздың мазмұндық қатесі­не талдау жасаған құқықтанушы Айбар Мәлікұлы 2010 жылы Президенттің атына Конституциямыздағы грамма­тикалық, техникалық және мағына тұр­ғысындағы қателіктерді жіпке тізіп хат жазады. Құқықтанушының уәжі ескері­ліп, кейбір ұсыныстары қолдау тапқаны көңілге медет болып отыр. Айбар Мәлі­к­ұлының сөзінше, 2017 жылы Консти­ту­цияға өзгерістер енгізу кезінде өзі ұсынған түзетулердің екеуі заңды орнын тапқа­нымен, қалған ұсыныстар одан кейінгі тү­зетулерді енгізу кезінде де енбей қалып­ты. Өкінішке қарай, сол қателер әлі де еліміздің басты заңында менмұндалап тұрғаны жанға батады. – Конституцияның 7-бабының 1-тармағы толықтыру енгізуді қажет етеді. Бұл – заңдағы осалдықты ғана емес, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді жаппай игеруі үшін қажетті фактор. Құжатта «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлем аяқталмай қалған. Оның қисынды жал­ғасы: «оны оқып-үйрену – әрбір азамат­тың парызы және міндеті» деген толық­тыру сөз. Қандай да бір мақсатты көздеп жазылатын сөйлемде міндетті түрде жа­зылуы тиісті негізгі ой аяғына дейін жеткізілмесе, толық күшіне ене алмайды. Конституцияның 7-бабының 1-тар­мағында айтылғалы тұрған ой – басы бар да аяғы жоқ, – дейді құқықтанушы. Мысалы, Конституцияның 35-бабының түпкілікті көздеген мақсаты – мемлекеттік бюджетті қалыптастыру. Ал бұл мақсатты орындауды барша халыққа «салықтарды төлеу – азаматтардың міндеті» деген бір ғана жазумен міндеттеп тұр. Бір қызығы, 7-баптағы міндетті түрде жазылуы тиісті болған осындай ой астарлы сөйлеммен берілген. Бірақ тіл үйренгісі келмейтін адамдар оны түсінсе де, түсінбегендей кейіп танытуы сондықтан. Әсілінде, Конституцияға астарлы немесе екіұшты, түсініксіз сөйлемдер жазуға болмайды. Себебі заң – басты кейіпкерді оқырман­нан жасырып қоятын әдеби немесе детективті жанрдағы құжат емес, ол нормативтік құқықтық акт. Осындай олқылықтың соңы «Тіл туралы» заңдағы норманы іс жүзінде қолдануға да кедергі жасайды екен. – Кез келген заңнамалық акті ешбірі аспаннан алынбаған. Оның барлығы Конституцияға негізделген және содан ғана бастау алады. Ал азаматтарға Конс­титуцияда бекітілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – құқыққа қайшы. Адамға «азамат» мәр­тебесіндегі құқықтар мен міндеттер тек басты құжат арқылы жүктеледі. «Тілдер туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік тілді үйрену – әрбір азаматтың парызы. Конс­титуцияның мәртебесі заңға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл дегеніңіз – заңдағы «мемлекеттік тілді үйрену парызының» мәртебесі, Конституция бекітіп берген салық төлеу мен Отанды қорғау борышына қарағанда теория жүзінде де, іс жүзінде де төмен. Өйткені салық төлеуден немесе Отанды қорғау парызынан жалтарғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершікке тартылады. Ал мемлекеттік тілді үйрену парызын орындамағандығы үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Енді мына қызықты қараңыз, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Азаматты тегі, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дініне, т.б ешкімді еш­қандай кемсітуге жол бермейміз. Мем­лекеттік тілді үйрену парызын міндет етсең, өзге ұлт өкілі ретінде өз тілінде сөй­леуіне мүмкіндік береміз. Бұл Консти­туцияның 14-бабының 2-тармағы өрескел бұзылады. Неге десеңіз, бұл нақты біреу­лерді ұлтына, нәсіліне, тіліне қарау кемсітудің бір формасы, – дейді Айбар Мәлікұлы. [caption id="attachment_239380" align="aligncenter" width="1394"]аударма © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Құқықтанушының айтуынша, қазақ тіліндегі Конституцияның 52-бабының 4-тармағында да өрескел қателік кеткен. Себебі сөйлемнің аяғына жеткенде бұл сөйлемнің басы аздап ұмытылып, мағы­насын жоғалтады. Ал орыс тілді мәтінінде бұл норманың сөйлемі бір оқығаннан түсінікті жазылған. Сондай-ақ қазақша мәтіндегі 28-баптың 1-тармағында да сауатсыз аударманың салдарынан ең тө­менгі жалақы мен зейнетақының мөлшері әлеуметтік төлемдердің ставкасы құралын атқарып тұр. Бас заңдағы қателік «балалай» береді Бұл пікірмен филолог, тіл жанашыры Назгүл Қожабек те келіседі. Оның ай­туынша, заң, нормативтік актінің мәтіні орысшадан аударылғанда, ешқашан дұрыс болмайды. Оның үстіне, әр жаңа заң, жаңа акт алдыңғы бір құжатқа сү­йенеді, оның баптарын қайталайды, со­ның талаптарын орындайтын норматив­терді ұстанады. Сондықтан бәрібір сол қате аударылған заң мәтініндегі термин­дер мен сөздер қайталанады. Былайша айтқанда, бір қате аударылған заң мәтіні «балалай» береді. Қазір заң тілін жөндеп шығу үшін әр заңды қайта жазып шығу керек, ал бұл деген – бітпейтін жұмыс. Өйткені әр заңға 1045 заң актісі келеді. Оның бәріне адамның ғұмыры жетпейді. «Заң мәтінін аударатын аудармашылар тілдің өз заңдылығын ұстануға қорқады. Жауапкершілік үлкен, сондықтан орысшадағыдай үтір-нүкте, қосымшаның бәрін сақтауға тырысады. Содан барып «құрметтемеушілік» деген сияқты нәрсе шығады. Тіпті, орыс тілінің септіктерін де қазақша дұрыс баламасымен емес, сол септіктің сыңарымен береді. Қазақ ті­ліндегі заң мәтіндері адамға түсінікті болу жағынан да, тілдің өз заңдылықтарына сәйкестігі жағынан да ештеңеге жара­майды», – дейді Назгүл Қожабек. Заң мәтіндеріндегі солқылдақ аударма туралы жиі мәселе көтеріп жүрген запас­тағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов пен запастағы полиция полков­нигі Елеужан Серімов те Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодекстің қазақ тіліндегі түсіндірме мәтіні ақсап тұрғанын алға тартады. «Түсіндірме мәтінде 816 рет «қылмыстың» деген термин жеке баптар­ды түсіндіруге қолданылады. «Қыл­мы­с­тық» емес! Орысша мәтінде «правона­ру­шение» деп көрсетілген. Яғни, авторлар «қылмыс» терминін басқа мазмұнда қол­данған. Қылмыстық және әкімшілік құ­қықбұзушылықтың айырмашылығын ашу үшін келтірілген зиян мөлшеріне қарай «қылмыс» деп қолдану негізді болсын, бірақ басқа жерлерде нақты әкім­шілік құ­қықбұзушылықты «қылмыс» деп тану – өрескел қателік», – дейді Мирлан Қызы­лов. Ал Елеужан Серімовтің сөзін­ше, «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жаңартылған нұс­қасы да оңып тұрғаны шамалы. «Осын­да жақын туыстар туралы түсінік берілген (14-бап). Нақтыласақ, «жақын туыс­тар деп ата-аналар (ата-анасы), ба­лалары, асырап алушылар, асырып алын­ғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындас-сің­лілері, атасы, әжесі, немерелері, жек­жаттар деп – жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-қарындас-сіңлілері, ата-аналары мен балалары тү­сініледі» делін­ген. Күмән тудыратыны – жекжат туыс­тардың анықтамасы. Заңдағы «жек­жат­тар» кәдімгі қайын жұртың болып шық­қан. Орысшадан аударылған нұсқа. Оған салсақ, «под свойственниками (жек­жат) понимаются – братья, сестры, ро­ди­тели и дети супруга (супруги)». Ау, жек­жа­тыңыз қазақтың ұғымында – ті­келей туыс­тығы жоқ, бірақ құданың құдасы, на­ғашының бөлесі, жиеннің бал­дызы сияқты туыс­тыққа қатысы бар адам­дар арасындағы жақындықты білдіретін атау. Бұған сал­сақ, сұрай-сұрай келе қарын бөле шы­ғатын туысқаны мол қазақ енді мемле­кеттік қызметтен шеттетілері анық», – дейді ол. Өкінішке қарай, заңдағы солқылдақ аударманың салдары мектеп оқулық­тарына да сол қалпында енгізіле бастаған. Мәселен, 10-сыныпқа арналған «Құқық негіздері» оқулығында қате өріп жүр. Орыс тіліндегі оқулықта «единство под­ходов к организации правоохранительной службы в правоохранительных органах» деп дұрыс берілсе, қазақшада «әдіс-тәсілдердің ортақтығы» деп көрсетілген. Ал қазақ тіліндегі оқулықтағы «Ішкі істер органдарының бүкіл жүйесінің қызметін Ішкі істер министрі – ішкі әскерлер қолбасшысы басқарады» деп қате көрсе­тілген ескі нұсқасы да орысшада дұрыс берілген. «Ең сорақысы, оқулықтың 68-бе­тінде «...Онда ЛДП 1-взводтың командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов» делінеді. Орыс тіліндегі оқулықта «в которой командир 1 взвода ОБДП ДВД» деп көрсетілген. Сонда қазақ мәтініндегі «ЛДП» деген не? Өскелең ұрпаққа қызмет бабында жүріп, қаза тапқан Халық қаһарманы туралы ақпа­рат­тың өзін интернеттегі аудармадан кө­шіре салған. Мұндай сәйкессіздіктер оқу­лықтың басқа беттерінде де толып жатыр», – дейді Мирлан Қызылов. Айталық, бір ғана 2014 жылы қабыл­данған Қылмыстық-процестік кодекстің 38-бабының 4-тармағын қарапайым халық түгілі құқықтанушылардың өзі түсіну қиынға соғары хақ. Мысалы, ұзын сонар сол баптың бірінші сөйлеміндегі 89 сөздің 7-уі «немесе» деген сөзден құрал­ған. Орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылатын түсініксіз заң мәтіндері бүгін ғана айтылып жатқан мәселе емес. Сондықтан айтқанға құлақ түрмейтін Үкіметті ұйқыдан оятып, сауатсыз заңнаманы кері қайтарып жіберетін уақыт әлдеқайда келген жоқ па екен?!