Қазақ тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керектігін бәрі біледі. Бірақ өз тіліңді білгенің құқықтық тұрғыда өз-өзіңді қорғауға келгенде қауқарлы ма? Мәселе осында болып тұр. Өйткені заң мәтіндерінің қазақ тіліндегі шалажансар аудармасы қазақтілділердің құқығын шектеп отыр. Бізде орысша білетіндер орысша білмейтін адамдарға қарағанда белгілі бір басымдыққа ие болатыны осыдан.
Қарапайым азаматтар емес, елдегі заңгерлердің өзі алдымен орысша жазылып, артынша аудармадан өткен заңдар мен нормативтік актілердің мағынасын түсінбей жатады. Себебі қазақ тіліндегі нұсқаның сөйлем құрылымы ауыр. Сорақысы, тікелей аударманың салдарынан заңның мағынасы да өзгеріп кетеді. Сол үшін қазақтілді заңгерлер заңдық құжаттарды мемлекеттік тілде емес, орысша оқуға мәжбүр. Өкінішке қарай, өз бетінше тәржімалаған күннің өзінде бұл заңға қайшы болғандықтан, сот шешіміне қандай да бір ықпалын тигізе алмауы мүмкін.
Мәселен, белгілі адвокат Абзал Құспан мемлекеттік тілде өтетін сот ісі заңдардың орыс тіліндегі нұсқасымен дайындалады екен. Өйткені мемлекеттік тілде жазылған заңның баптарын түсіну қиын көрінеді. Күнделікті жұмысы заңмен тығыз байланысты маманның өзі қазақ тіліндегі заңдарды түсінуге қиналып тұрғанда қарапайым адам үшін қаншалықты қиынға соғары түсінікті де. Адвокаттың бұған дейін берген бір сұхбатында: «Қазақстанда, әсіресе ірі қалалардағы сот процесі көбіне орыс тілінде өтеді. Өйткені заңның орысша нұсқасы түсінікті болғандықтан, арызданушы да сол тілде шағымданады, судья мен прокурорға да солай ыңғайлы. Тіпті, кейбір қылмыстық істе сотқа дейінгі тергеу кезінде қазақша сөйлейтін тергеуші таппай қиналғанына куә болдым» деуі сондықтан болса керек. Оның айтуынша, осыдан бірер жыл бұрын атышулы қылмыстық істердің бірі тергелгенде сотталушы мен адвокаттың істі қазақ тілінде жүргізу туралы талабы әрең орындалыпты. Қызығы сол, сотқа шағымданудың арқасында істі қазақша жүргізуге қол жеткізгенде Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қазақ тілінде сөйлейтін тергеушіге зәру болған көрінеді. Себебі қазақ тіліндегі заң сөйлемдерінің күрделілігі құқық қорғау органдары қызметкерлерін де орыс тіліне қарай итермелеуге себеп. Ол ол ма, еліміздің басты құжаты саналатын Конституцияның өзі техникалық және мағыналық қателерден көз аша алмай келеді.
Басы бар да аяғы жоқ
Ата Заңымыздың мазмұндық қатесіне талдау жасаған құқықтанушы Айбар Мәлікұлы 2010 жылы Президенттің атына Конституциямыздағы грамматикалық, техникалық және мағына тұрғысындағы қателіктерді жіпке тізіп хат жазады. Құқықтанушының уәжі ескеріліп, кейбір ұсыныстары қолдау тапқаны көңілге медет болып отыр. Айбар Мәлікұлының сөзінше, 2017 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу кезінде өзі ұсынған түзетулердің екеуі заңды орнын тапқанымен, қалған ұсыныстар одан кейінгі түзетулерді енгізу кезінде де енбей қалыпты. Өкінішке қарай, сол қателер әлі де еліміздің басты заңында менмұндалап тұрғаны жанға батады.
– Конституцияның 7-бабының 1-тармағы толықтыру енгізуді қажет етеді. Бұл – заңдағы осалдықты ғана емес, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді жаппай игеруі үшін қажетті фактор. Құжатта «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлем аяқталмай қалған. Оның қисынды жалғасы: «оны оқып-үйрену – әрбір азаматтың парызы және міндеті» деген толықтыру сөз. Қандай да бір мақсатты көздеп жазылатын сөйлемде міндетті түрде жазылуы тиісті негізгі ой аяғына дейін жеткізілмесе, толық күшіне ене алмайды. Конституцияның 7-бабының 1-тармағында айтылғалы тұрған ой – басы бар да аяғы жоқ, – дейді құқықтанушы. Мысалы, Конституцияның 35-бабының түпкілікті көздеген мақсаты – мемлекеттік бюджетті қалыптастыру. Ал бұл мақсатты орындауды барша халыққа «салықтарды төлеу – азаматтардың міндеті» деген бір ғана жазумен міндеттеп тұр. Бір қызығы, 7-баптағы міндетті түрде жазылуы тиісті болған осындай ой астарлы сөйлеммен берілген. Бірақ тіл үйренгісі келмейтін адамдар оны түсінсе де, түсінбегендей кейіп танытуы сондықтан. Әсілінде, Конституцияға астарлы немесе екіұшты, түсініксіз сөйлемдер жазуға болмайды. Себебі заң – басты кейіпкерді оқырманнан жасырып қоятын әдеби немесе детективті жанрдағы құжат емес, ол нормативтік құқықтық акт. Осындай олқылықтың соңы «Тіл туралы» заңдағы норманы іс жүзінде қолдануға да кедергі жасайды екен.
– Кез келген заңнамалық акті ешбірі аспаннан алынбаған. Оның барлығы Конституцияға негізделген және содан ғана бастау алады. Ал азаматтарға Конституцияда бекітілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – құқыққа қайшы. Адамға «азамат» мәртебесіндегі құқықтар мен міндеттер тек басты құжат арқылы жүктеледі. «Тілдер туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік тілді үйрену – әрбір азаматтың парызы. Конституцияның мәртебесі заңға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл дегеніңіз – заңдағы «мемлекеттік тілді үйрену парызының» мәртебесі, Конституция бекітіп берген салық төлеу мен Отанды қорғау борышына қарағанда теория жүзінде де, іс жүзінде де төмен. Өйткені салық төлеуден немесе Отанды қорғау парызынан жалтарғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершікке тартылады. Ал мемлекеттік тілді үйрену парызын орындамағандығы үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Енді мына қызықты қараңыз, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Азаматты тегі, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дініне, т.б ешкімді ешқандай кемсітуге жол бермейміз. Мемлекеттік тілді үйрену парызын міндет етсең, өзге ұлт өкілі ретінде өз тілінде сөйлеуіне мүмкіндік береміз. Бұл Конституцияның 14-бабының 2-тармағы өрескел бұзылады. Неге десеңіз, бұл нақты біреулерді ұлтына, нәсіліне, тіліне қарау кемсітудің бір формасы, – дейді Айбар Мәлікұлы.
[caption id="attachment_239380" align="aligncenter" width="1394"]