Жақында Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының полицейлері 5 жыл бойы 33 жастағы ер адамды құлдықта ұстаған жергілікті тұрғынның қолына кісен салды. Иә, осы сияқты қылмыс Қазақстанда әлі күнге басты мәселе болып тұр. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде адам саудасымен ұсталғандарға жаза қатайды. Қылмыскерлер бұрын кем дегенде үш жылға түрмеге тоғытылса, енді ол төрт жылға ауыстырылды. Бірақ бұдан жағдай өзгере ме?
«STOP трафик»
Өткен жылы Ішкі істер министрлігі «STOP трафик» атты кезекті операцияның қорытындыларын жариялады. Еліміз бойынша тіркелген 48 қылмыстық істің 3-еуі – құлдыққа жегу мақсатымен заңсыз бас бостандығынан айыруға, 2-еуі – адам саудасына, 8-і – жезөкшелікпен айналысуға (соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар да бар) мәжбүрлеуге, 35-і жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысуға арналған притондарды құру, ұстауға қатысты болған.
Сонымен қатар 2019 жылы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері адам саудасына қатысты 8 фактіні (жеңгетайлық) анықтады. Қылмыстық кодекстің 309-бабы (жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру мен құру және жеңгетайлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, жеңіл жүрісті қыздар интимдік қызмет түрлерін ұсынатын бөлмелерді жалға берген 7 нысанның қожайындарына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 450-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырған.
Көбінесе пәтерлерді, сауналарды жалға беруші қожайындары мен олардың сенімді өкілдері туралы, олардың бөлмелерінің притонға айналғаны жөнінде барлық мәлімет полиция қызметкерлерінің араласуынан кейін анықталады. Тәртіпке сәйкес, ондай бөлмелердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, өткен жылы елордадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа бөлмелерді жалға бергені үшін 5 адамды жазалаған, оларға 1,2 миллионнан аса теңге айыппұл салыныпты.
Былтыр Ақмола облысының полиция қызметкерлері 40 жастағы монша кешенінің үйлестірушісін қолға түсірді. Әйел моншаға келушілерге жыныстық қатынасқа түсу үшін жас қыздарды жіберіп отырғаны үшін қомақты «сыйақысын» алып келген. Қылмыстық кодекстің 309-бабы 1-тармағы бойынша жеңгетайлық қызметі және притон ұйымдастырғаны үшін моншаның үйлестірушісі мен қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қыз баланы өзінің туысы жезөкшелікпен айналысуға итермелеген. Ол да қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Тегін жұмыс істеп тентірегендер
Әйелдерді жыныстық саудаға салса, ерлерді тегін жұмысқа жегетін ашкөздер де арамызда жүр. Мысалы, Сембол Төлеухан осыдан 6 жылдай бұрын Моңғолиядан тарихи Отанына оралған. Жұбайымен ажырасып, базар маңында жалданып, азын-аулақ ақша тауып келіпті. Кейін ауылда қожалықта істеймін деген бір жігіт жұмысқа шақырған. «Ақмола облысында құлдықта болып, 3 ай бойы тегін жұмыс істедім. Алданып қалдым, адам төзгісіз жағдайда өмір сүрдім. Қожалық иесінің үстінен сотқа арыз бердім», – дейді Сембол. Құлдықта жүріп, мал баққан азамат бірнеше рет қашуға әрекет жасаған. «Үлкен базасын салдық. 90-дай сиыр бақтық. Оның тезегін тазалаймыз. Барлық жұмысты істедік. Бірақ көк тиын бермеді. Бір рет қашып көрдім. Пойыздың ішінен ұсталып қалдым», – дейді ол.
Құлдықтан қаштым деген Сембол Төлеухан полицияға арыз жазған. Астаналық тәртіп сақшылары істі Ақмола облысының полиция департаментіне жолдапты.
Ал Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының полицейлері 5 жыл бойы 33 жастағы ер адамды құлдықта ұстаған жергілікті тұрғынның қолына кісен салды.
75 мың адам күң мен құл
«Қазақ жерінде 75 мың адам құлдықта жүр» деп тәуелсіз сарапшылар дабыл қақты. Олар мәжбүрлі түрде тән саудасы мен ауылдық жерлерде қара жұмысқа жегілгендер, үй құрылысында жүргендерді осы топқа қосыпты. Жыл сайын елімізде 100-ден астам адам құлдықтан құтқарылатын көрінеді. Қазақстан адам саудасының көрсеткіші бойынша 167 елдің ішінен 83-орын алған.
Халықаралық FATF тобының мәліметіне қарағанда, 2018 жылы бүкіл әлем бойынша адам саудасының ақша айналымы 150,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Құлшылықта жүргендердің 71 пайызы қыз-келіншектер екені де алаңдатарлық. Олардың арасында еркінен тыс тұрмыс құрғандар да бар. Құлдар саны жөнінен Солтүстік Корея – 1 орында. Ал алғашқы ондық құрамына Эритрея, Бурунди, Ауғанстан, Пәкістан, Иран мен Камбоджа кіреді.
2019 жылы астанада осы мәселені талқыға салған семинар өтті. Жиылыста БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік үйлестірушісі Данилио Камписи Қазақстанмен қоса, жалпы Орталық Азия бойынша адам саудасының көлемі туралы нақты дәлелденген дерек жоқ екенін айтқан болатын. «Біз осы бағытта үлкен сараптамалық зерттеу бастадық. Келесі жылы соның қорытындысын жариялаймыз. Осы кезде аймақтағы нақты ахуалға баға беруге болады. Әзірге Орталық Азия елдері мұндай тенденциямен мейлінше белсенді күресуге ниет танытып отыр», – деді ол. Данилио Камписидің айтуынша, бүкіл әлемде миллиондаған адам табыс көзі ретінде сауда құрбанына айналып, заңсыз миграцияны басынан өткереді. «Адам саудасына қатысты заңсыз әрекеттердің бәрі ұйымдасқан қылмыстық топтарға барып тіреледі. Қылмыстық топтар адамдарды сексуалдық мақсатта немесе күштеп жұмысқа салу үшін пайдаланады. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, заңсыз мигрант әкелу жүйесінде әлем бойынша 5-7 млрд АҚШ доллары айналымда жүр. Мұндай заңсыз табыстың ар жағында трансұлттық қылмыстар жатыр», – деді Данилио Камписи.
Қазір қызды күң, ерді құл қылатын заман емес. Олай болса, осы адам саудасына қарсы күресті әлем болып күшейту уақыты келді десек те болады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ