Алматыда Qazaqstandauiri газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұйымдастыруымен «Қазақстан баспасөзінің жағдайы алаңдатады?» атты дөңгелек үстел өтті. Оған шаһардағы қазақ басылымдары өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы – Qazaqstandauiri газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы қазақ баспасөзінің жайы оқырман ретінде де, баспагер ретінде де өзін алаңдататынын айтты. Ол қазіргі қазақ басылымдарының жағдайына тоқтала келіп, газеттің таралымымен тікелей қатысы бар «Қазпошта» АҚ-ның қазіргі стратегиясы – көрсетілген қызмет түрлерін кеңейту және олардың сапасына қол жеткізу екенін айтты. Алайда бұл мекеме көпшіліктің сынынан да құралақан емесін тілге тиек етті.
Qazaqstan dauiri газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы қысқаша баяндама жасады. «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өткен жылғы деректеріне сүйенсек, елімізде 3 027 БАҚ тіркелген. 2 608 басылымның 519 – қазақ тілінде, 802 – орыс тілінде, 922 баспасөз қазақ және орыс тілдерінде шығады екен. Осының өзінен-ақ ресми тілде шығатын баспасөздің үстемдігін байқауға болады» деген Ертай Айғалиұлы өркениетті елдегі баспасөздің орнына тоқталып өтті. «Қазақ баспасөзі – қазақтың жаны, үні. Кеңес үкіметі кезінде қазақты ұлт ретінде сақтаған қазақ баспасөзі, қазақ басылымдары десек болады. Мәселен, «Қазақстан әйелдері» журналы миллионға жақын, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеті 350 мың, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») 150 мың таралыммен шығатын. Қазақ баспасөзі – мемлекеттік тілдің тірегі. Қазақтың жаны тіл болса, оның қозғаушы күші – қазақ баспасөзі. Ұлттық мүдде сынға түскенде қазақ баспасөзі алдыңғы сапта болды. Ол Тәуелсіздік алған жылдары тіпті жарқырап алға шықты. Бірақ шынын айту керек, осы тәуелсіздік жылдары қазақ баспасөзінің бағы жанған жоқ. Осы уақытта жарыққа шыққан біраз тамаша мерзімді басылым жабылып қалды. «Алаш айнасы», «Халық кеңесі», «Дала мен қала», «Халық сөзі», «Президент және халық», «Нұр Астана», «Алтын орда», тағы басқа да басылымдарды мысалға келтіруге болады» деген ол «Қалған қазақ баспасөзінің де жағдайы өте мүшкіл. Не амал істеу керек?» деген сұрақты ортаға тастады.
Өркениетті елдер қағаз басылымынан безген жоқ
Белгілі публицист Марат Тоқашбаев соңғы он жылдан бері қазақ баспасөзінің тынысы барынша тарылғанына тоқталды. «Алматыдағы дүңгіршектерді қарасақ, қазақ басылымдары бірен-саран болмаса мүлдем жоқ. Біріншіден, бүгінгі таңда Ресейдің ақпараттық экспанциясына тосқауыл қою мәселесі өте маңызды болып отыр. Екіншіден, цифрлы технологияның кеңінен таралуына, гаджеттік жүйелердің дамуына байланысты қағаз басылымдарға деген сұраныстың кеміген кезеңі байқалды. Дамыған елдерде цифрлы технологияның өскеніне қарамастан, газеттердің қағаз нұсқаларына деген сұраныс жоғары. Олардың таралымы қайта өсіп келеді. Мысалы, Жапонияның «Ёмиури симбун» газетінің таралымы 14 миллион, «Асахи симбун» 12,5 миллион. Америкалық «Нью-Йорк таймс» газетінің таралымы 1 миллионнан асады. Бүкіләлемдік ақпарат көздерінің жағдайында қазақ басылымдарының тұрған орны қандай және ертеңге қалай аман-есен жетеді? Халқына қалай қызмет етеді? Мемлекеттік тіл қазақ тілі екені Конституцияда көрсетілген. Қазақ баспасөзіне мемлекет тарапынан қолдау жасалмаса, көмек көрсетілмесе, мемлекеттік тіл жойылады деген сөз. Қазіргі таңда, біріншіден, Ресейдің ақпараттық экспанциясына тосқауыл қою керек. Оған тосқауыл қоймаса, онда қазақ басылымдарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау керек», – дейді ол. Марат Тоқашбаевтың айтуынша, осы күнге дейін қазақ басылымдары бәйгеге әрқайсысы өзінше шауып келеді, ал бірақ бір нысанаға, бір бағытқа жұмыс істеп жатқан жоқ.
Бүгінде республикалық деңгейге шығатын шамамен 25-30 газет-журнал бар. Оның ел арасында белгілісі – 10-12. Солардың әрқайсысына орташа есеппен 10 мың таралымға мемлекет көмектессе, бар-жоғы 200-300 мың шамасында болмақ. Бұл жақсы шығатын бір ғана газеттің таралымы емес пе? Белгілі бір деңгейге көтеріліп алса, әрі қарай өз күшімен таралымын көбейтіп, табысын тауып жатса, қаламақы беруге мүмкіндік туады. Мемлекеттік тапсырысты да молырақ орындауға болады деген де ой айтылды.
«Қазпошта» бәрі дұрыс болатынына сендірді
Бұл күні баспасөз таралымымен тікелей айналысып отырған «Қазпошта» АҚ өкілдері де дөңгелек үстел басында төбе көрсетті. «Қазпошта» АҚ «Пошталық сервис» филиалының директоры Нұржан Жабаев «Қазпошта» барлық жерде жақсы жұмыс істеп жатыр дей алмаймын. Баспасөз тарату мәселесі бойынша айтқан ойларыңыздың бәрін жазып алдым. Баспасөзге жазылу ерте аяқталатыны, коммуналдық төлемді алып жатқан кезде баспасөзге жазылу жүргізілмейді деген сөздердің бәрін назарда ұстайтын боламыз. Біз оның бәрін автоматтандыруға енгізгенбіз. Алдағы уақытта бәрі дұрыс болады, сіздерді қолдаймыз. Пошталық жинақ жүйесіне өтіп жатыр. Баспасөзге жазылудың бәрін соған өткізудеміз. Бұл жүйе бойынша қай жаққа қанша газет жетті, бәрін есептеп отырады», – деді ол.
Ашықхат мәселені шеше ме?
Жиында қазақ баспасөзінің қазіргі қиын ахуалын айтып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашықхат дайындау жайы сөз болды. Сөйтіп, қазақ басылымдарының жетекшілері ашықхат арқылы бірқатар мәселені шешуге үмітті екенін байқатты. Ашықхатты соңғы жылдары жазылу таралымы әртүрлі себептермен күрт азайған мерзімді басылымдардың қазіргі қиын ахуалын айта келіп, осы тығырықтан шығудың бірнеше жолы ұсынылмақ. Атап айтар болсақ, еліміздегі 11 мыңнан астам кітапхананың әрқайсысы қазақ мерзімді басылымдарының әрқайсысына бір-бірден жазылуын ұйымдастыру, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құру тәрізді ұсыныстар бар. Алайда қазақ баспасөзінің бәсекеге қабілеті, оқырман тартудың тың тәсілдері, нарыққа бейімделудің өзіндік жолдары тәрізді мәселелердің де бар екенін жоққа шығармау керек.
Әрине, басылымдарға мемлекеттің қолдауы керек-ақ. Алайда газет-журналдың да оқырман көңілінен орын табуы маңызды. Оқырман сүйіп оқыса басылым да ғұмырлы болады. Сондықтан қазақ баспасөзінің бүгінгі мәселелері бір ғана ашықхатпен шешіле қоюы екіталай.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ