Бразилиялық журналист Уилсон Балдини боксшы Геннадий Головкин бұдан былай IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы емес екенін хабарлады.
Балдини Twitter парақшасында GGG белбеуден өз еркімен бас тартқанын мәлімдеді. Бұл ендігіде рейтингте бірінші орында тұрған бразилиялық Эскива Фалькао вакантты титул үшін өзге үміткермен жұдырықтасуы ықтимал екенін білдіреді. IBF рейтингінде екінші орында – аустралиялық Майкл Зерафа, үшінші орында – неміс боксшысы Винченцо Гуальтиери тұр.
Жалпы, Головкиннің IBF титулынан айырылғаны туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ. Десе де, әлеуметтік желіде осыған ұқсас хабарлама көп. Айта кетерлігі, Геннадийдің еншісінде WBA Super және IBO-ның қосалқы титулы бар. Оның WBA желісіндегі міндетті қарсыласы – әлем чемпионы, кубалық Эрисланди Лара.