Оқу-ағарту министрлігі төңірегінде тағы да шу шықты. Бұл жолы ішінара емес. Белсенді мұғалімдер әлеуметтік желіде әлдекімдерден қысым көріп жатқанын, жаңа министрге қатысты сыни жазба жариялауға «тыйым» салынғанын айтады. Естеріңізде болса, бұған дейін Анар Қайырбекова өзінің министрлік тарапынан қысым көргенін мәлімдеген-ді. Осылайша, министрлік пен Қайырбекова арасындағы «майдан» біршама уақытқа созылған еді. Жазғыштардың жазасы Иә, Асхат Аймағамбетов министр қызметінен кетіп, орнына Ғани Бейсембаев тағайындалғалы бір айдан асты. Содан бері әлеуметтік желіде жаңа министр турасында жазылып жатқан пікір көп. Мұны Аймағамбетов эффектін қимай жүргендермен байланыстыруға болады. Дегенмен жазба арасында «жазғыштарды құрту керек», «аузын жабу керек» деген сияқты пікір бар. Бұған белсенді мұғалімдер бейжай қарай алмаймыз деп отыр. Орал қаласының белсенді мұғалімі Айнұр Сабыр Facebook-тегі жазбасы үшін облыстық білім басқармасы жиналысқа салып, «министрді сынайтын кімсің?» деген сыңай танытқан. Одан бөлек, Айман Сағидулла да әлеуметтік желіде әлдекімдердің «министрге артық сөз жазудың қажеті жоғын» ескерткенін айтады. Алматы облысындағы мұғалім Сәния Нүсіпәлі де жазбасы арқылы Талғардағы мектептің былығын ашып, сөзін Президентке дейін жеткізген еді.
«Мені облыстық білім басқармасына шақырды. Бардым. Не жиын екенін түсінбедім. Ортаға алып, менен басқа облыстық Білім басқармасы басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Орал қаласы білім бөлімінің басшысы, облыстық кәсіподақ төрағасы, Педагогтердің білімін жетілдіру институтының басшысы, зейнеттегі ардагер мұғалім (бұрынғы директор) қатысты. Облыстық білім басқармасы басшысының қолында менің Facebook-тегі Lesson Study-ға байланысты жазған жазбамның скриншоты бар екен. Маған қойылған негізгі сұрақтар төмендегідей. «Мектеп тренерлеріне неге ақы төленсін деп жаздыңыз? Бұл БҚО-дағы жағдай ма? Бұны Facebook-ке шығарғанша, бізге неге жеке жазбадыңыз? Неге өзіңізден жасы үлкен министрге «...беріңіздер!», «...міндеттеңіздер!» деп бұйрық түрінде жаздыңыз?» деген болды. Сөз арасында «біз осы жазбаңызға байланысты жауап беруіміз керек» дегенді естіп қалдым. Соған қарап, бұл бір жерден келген «аузын жабыңдар» деген тапсырма болар деп топшыладым», – дейді мұғалім.Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі белсенді ұстаздар әлеуметтік желіде бірігіп, бір-бірін қолдай кетті. Жоғарыдағы жазба жарияланған күннен бастап бүгінге дейін Ғани Бейсембаевты тегтеген жазба көп. Министрліктің мәлімдеуінше, жақын арада министр осы турасында ойын жариялайды. Ал министрлік тарапынан мұғалімдерді «сөйлетпеуге» бұйрық берілгені туралы хабар шындыққа жанаспайды. Яғни, «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті шенділердің өзара қысымы болуы мүмкін. Тоқетерін айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мән-жайды толық тексеруден өткізіп жатыр. Оған қоса, осы турасында Өмір Шыныбекұлымен хабарласқанымызда министрлік өкілімен сөйлескенін, жоғары жақ тарапынан ешкімге ешқандай ескерту берілмегені белгілі болғанын атап өтті. Нәтижеге кіріптар мұғалім Түсінгеніміз бойынша, даудың басы мұғалімдердің аттестациядан өту туралы бұйрыққа өзгеріс енгенінен басталған. Мұнда Lesson Study-ді мектеп тренерлері үйретуінен бөлек, курс етіп оқыту жағы да қамтылған деседі. Содан белсенді мұғалімдер бұйрықтың дұрыс еместігін, мектептердегі қағазбастылықтың жаңа түрі екенін жарыса жазды. Сыни пікірдің көп болғаны соншалық, министрлік Lesson Study жайын кейінге қалдыруға шешім қабылдады.
«Аттестацияның соңғы өзгерісіне Lesson Study-ді әкеліп қосқан. Бұл қағазбастылыққа төте жол. Мұғалімдерді мектепке қондырудың амалы ма? Ол шыға салысымен «осы тәсілді үйретемін» деген ақылы курстар қарша борады. Министрлік өкілі «бұл жоба әзірге тоқтай тұрады, 2024 жылы енгізіледі» дейді. Қол қойылған, бекіген дүниені тоқтататын олар кім? Біржола алып тастап қайта тіркеуден өткізсін. Жалпы, «Педагог қызметкерлерді аттестаттау» қағидасы көпшіліктің талқысына түсуі керек. Бюрократиялық кедергілер жойылуы қажет! Қолдарынан келмей ме, орындарын босатқаны дұрыс! Білім сапасы төмен бе? Оқушылар білімді игере алмай жатыр ма? Бірден «мұғалім кінәлі» деп шығады», – дейді белсенді мұғалім Мейіржан Темірбек.Жалпы, педагогтерді аттестациялау қағидасы 2016 жылдан бері 11 рет өзгеріске ұшырады. Педагогтерді аттестациялау №83 бұйрық негізінде реттеледі. Мұғалімнің кейінге қалдырды деп отырғаны – Lesson Study әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру курсы. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мәліметі бойынша, мектеп директорлары мұғалімдерді Lesson Study әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтуге және іс-тәжірибеде инновациялық Action research әдістерін қолдануға мәжбүр етпеуі керек. Заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес, 2023 жылдан бастап мұғалімдер үш жылда бір рет кесте бойынша тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Курс сертификаттары аттестациялау кезінде ескеріледі. Сондықтан Lesson Study әдістемесіне сәйкес, жеке біліктілікті арттыру курстарының қосымша сертификаттары және аттестациядан өткен кезде Action Research әдісін қолдану талап етілмейді. Дегенмен мұғалімдер «көрінген таудың алыстығы» жоғын ескеріп, жаңа өзгеріске қазірден дайын болу керегін айтады. Жоғарыдағы курстың бұйрыққа енгізілетінін ести сала әлеуметтік желіде «курс үйретемін бағасы 3500-4000 мың теңге» дейтін хабарландыру көбейген. Айман Сағидулла айтқандай, бұл да бір бизнес түріне айналып кетуі бек мүмкін. Оның үстіне, бір ғана Түркістан облысында 100-ден астам мектеп директорының орны бос тұр. Мейіржан Темірбектің айтуынша, мұғалімдер қағазбастылықтан әлі айырылған жоқ. Мектеп директорларының орны босап жатқанына да дәл осы жағдай себеп болуы мүмкін.
Белсенді мұғалімдердің білім саласына қатысты арыз-шағымы мұнымен бітпейді. Тізе берсек, салада күрмеуі қиын мәселе көп. Жергілікті деңгейде шеше алмағаннан, жоғарыға сөзін жеткізу үшін әлеуметтік желіні пайдаланатыны айқын. Сондықтан олар министрліктің белсенді мұғалімдерді тыңдап, Аймағамбетов сияқты жиын жасағанын қалайды. Естеріңізде болса, экс-министр «Педагог мәртебесі туралы» заңды белсенді педагогтермен бірлесе талқылаған. «Ойымызды Facebook-ке жазамыз. Басқа амал жоқ. Сіз министр болғалы кімнің кері пікіріне жауап бердіңіз? Қанша мәселе айтылды? Қайсысына жауап бердіңіз? Туды жатқа білетін алты жасар баламен кездескеніңізден басқасын көрмедік. Бұл мәселені облыстық басқарма басшылары ардагерлермен бірге шеше алмайды», – дейді Айнұр Сабыр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ