Қазақстандықтар 7 адамды құтқарды
Қазақстандықтар 7 адамды құтқарды
868
оқылды
Қазақстан Түркия мен Сириядағы зілзалаға бейжай қараған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 7 ақпанда Түркияға 41 адамнан құралған қазақстандық алғашқы құтқарушылар тобы жіберілді. Кейін 8 ақпанда 60 адамдық екінші топ аттанды. Қазақстандық құтқарушылар содан бері 7 адамды үйінді астынан аман алып шықты. Іздеу құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі ми­нистр­ліктің мәліметіне қарағанда, Қазақ­стан құтқарушылары төрт учаскеде апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп­ті. Қазақстан құтқарушылары құтқарыл­ған адамдарды медицина қызметкер­леріне тапсырған. Қайтыс болған 14 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды. Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы ме­дициналық көмек көрсетіп жатыр. Газиантеп қаласы бірінші эшелонның жұмыс жүргізу ауданы болып белгіленді. Мұнда жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жүргізілуде. Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат толығымен қираған, кинологиялық есептоптар барлау және үйінділердің арасынан адамдарды іздеді. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 4 қаза тапқан әйелдің денесі шығарылды. Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат ішінара қираған, апатты, қирау динамикасы байқалады, тұрақсыз құры­лымдарға байланысты ғимараттардың толық қирау қаупі бар. Ғимараттың 3-қабатына дейін инженерлік техниканы пайдалана отырып, демонтаж жүргізілді, қайтыс болған 5 әйелдің денесі шы­ғарылды. Үшінші топ та алты қабатты ғимарат­та жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат то­лығымен қираған. Барлау және үйінді­лердің арасынан адамдарды іздеп жатыр. Қайтыс болған әйелдің денесі шы­ғарылды. Е­кінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы – Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді. Бұл нысанда қазақ­стан­дық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудиобайланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді. Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккен­дерді эвакуациялау үшін жол ашу жұ­мыс­тарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды – ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Олар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқару­шылар тобы және кинологиялық есеп­топтар жіберілді. Іздеу нысаны – толы­ғымен қираған алты қабатты үй. Ал үйін­дінің көлемі 18 мың текше метрден асады. Құтқарушылардың жұмысы көптеген үйіндіге, тұрақсыз құрылымға байла­нысты күрделене түседі. Қазақстандық құтқарушылар осы нысанда үйіндінің астынан қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақ­стан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.

А.СҰЛТАН