«Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары таяу күндері дәл координаттар арқылы әрбір нақты нүктеде өлшеу жүргізіп, тереңдіктерді көрсетіп отырғаны жөн. Бұл сағалық кеңістіктің жай-күйін егжей-тегжейлі зерделеуге қажет болады. Нақты деректер өзеннің теңіз құяр сағасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылады. Мұндай дерек көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларды дайындау кезінде ескеріледі», – дейді Қайрат Нұртаев.Шын мәнінде, судың тартылуы Жайыққа ғана қатысты проблема емес. Қазір Еуропа елдерінің көбі құрғақшылықтан зардап шегіп отыр.
«Жауын-шашынның болмауы немесе аз түсуі сияқты мәселелерге антропогендік жағдайлар әсер етіп өзен-су, көлдердің тартылып, құрғақшылық жайлады. Біріккен Ұлттар Ұйымының жақында жасаған мәлімдемесіне сәйкес, құрғақшылық Африка континентінде көбірек байқалып отыр. Бұл тізімде Италия да бар. Құрғақшылық өзен-көлмен бірге, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де кері әсер етеді», – дейді эколог ғалым Қарлығаш Ещанова.Сол себепті ғалым, Жайықтың мәселесін шешуде түп тереңдету жұмыстарын қарқынды жүргізумен бірге, қоқыспен күреске де бел шеше кірісу керектігін алға тартады. «Рас, Атырау облысының Ресеймен шекарадағы Құрманғазы ауданында каналдардың түбі қазылып жатыр. 2021 жылы 243,5 шақырым каналдың түбін тереңдетуге тапсырыс берілгенін білеміз. Ресей Федерациясымен шекарадағы Қиғаш өзеніне келетін судың көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында тереңдету жұмыстары жалғасуда. Бірақ өзенді тұрмыстық қалдықпен ластау жағынан алдына жан салмай келе жатқан аймақтардың көш басында Атырау тұрғанын да ескеру керек. Атырау қаласының өзінен тәулігіне 300 тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Осыдан біраз жыл бұрын Чарльз Мур есімді кеме капитанының Тынық мұхитында көшіп жүрген үлкен «қоқыс аралын» анықтағанын ескерсек, бұл жеңіл қарайтын дүние емес. Осы деректі зерттеген ғалымдар «қоқыс аралының» суға батпайтын түрлі пластмасса құтылары мен қалдықтар үйіндісінен тұратынын анықтады.
Осындай «ерекше» қалдықтардың Жайықтың су жүретін арналарын бітеп жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, Жайықтың тартылуына Үкіметті, иә әкімдікті кінәлап отырғаннан ештеңе өзгермейді. Жайықты ғана емес, жалпы өзен, су қорын сақтауға әр адам үлес қосуы керек», – дейді ғалым Қарлығаш Ещанова.Ғалым ол үшін қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру керегін айтады. Өзеннің қос жағалауында облыстың орталығы, екі аудан, барлығы 30-ға жуық елді мекен орналасқан. Жайықтың сағасы тарылып, өзен арнасы бұрынғыша толмағандықтан жағадағы орманның да күйі кетеді. Мамандардың айтуынша, Жайықтағы судың тартыла бастауы алғаш 2006 жылы байқалған. Тіпті, сол жағдайдан кейін Қазақстан мен Ресейдің арасында Жайықты сақтап қалуға байланысты хаттама да жасақталыпты. Бірақ одан Жайықтың жағдайы жақсарып кетпеді. Атырау облысы әкімдігінен Жайықтың жағдайын жақсартуға байланысты қандай шаралар қолға алынатынын сұрадық. Әкімдік Үкіметтің резервтік қорынан Жайық және Қиғаш өзендерінің сағалық су түбін тереңдету жұмыстарына 18 миллиард теңге бөлуге ұсыныс бергенін хабарлады. Балықтардың негізгі бөлігінің уылдырық шашатын табиғи орны саналатын Жайық және Қиғаш өзендеріне балықтар кіре алмай, мекендейтін орындарын ауыстырып, Каспий теңізінің жағалауындағы басқа елдерге қарай миграциялау жолдарын өзгертуі әбден мүмкін. Сондықтан осы аталған жерлерге жедел түрде түп тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Өзен мен теңіз арасының үзілуі, су құрамындағы оттегінің азаюы балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.
Атырау облысы