Жат жаттығын жасамай қоймайды
Жат жаттығын жасамай қоймайды
1,276
оқылды
Басқа елден әкелініп, әдейі жерсіндірілген аң түрлері әлемде үлкен экологиялық мәсе­леге айналғанын білеміз. Осы мақаланы әзір­леу барысында, ғалымдармен тілдесу кезінде еліміздегі инвазив аң түрлеріне қатысты түйт­кілді тұстар көп екеніне көз жеткіздік. Оларды зерттеу және мониторинг жасауға жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқаны тағы бар. Сонымен бірге жаңа нарық тұсын­дағы аң шаруашылығы немесе жатжерлік аңдарды қол­да ұстауға қызығушылық секілді жайттар осы мәсе­ленің ауқымын тіптен ұлғайтып жібереді. КСРО-саясаты: Фаунаны байыту немесе жаппай жерсіндіру науқаны Қазақстан 1994 жылы Био­логиялық саналуандық туралы кон­венцияны мақұлдаған. Он­дағы көрсетілген міндеттемелерді орындауы тиіс. Осыған қатысты бірқатар заңнама мен экологиялық қауіпсіздікке қатысты заң актілері қа­былданды. Алайда жатжерлік фауна және флора мәселесі елімізге КСРО ке­зінен «мұраға қалған» мәселе. Әлемде аң түрін басқа өңірде қол­дан жерсіндіруге қатысты көп­теген жайсыз мысал бар. Айталық, Ауст­ра­лиядағы жабайы қоян мен түйе проб­ле­масы. Бір жылдары жергілікті билік түйе­ні атуға рұқсат берді. Сондай-ақ Га­ла­пагос аралдарына қоныстанғандар апар­ған ешкі көбейіп кеткен. Тікұшақпен ба­рып, дүрбілі мылтықпен атқан мер­ген­дер оны әжептәуір азайтты. Қашып құ­тыл­ған соңғы 10 пайыз ешкіні жою жө­ніндегі амал-айланың өзі бір кітапта ай­тып таусылмайтын әңгіме еді. қарсақ Кеңес Одағы кезінде «пайдалы фау­наны байыту» және кәсіптік аң­дардың санын өсіру саясаты бойынша көп­теген аңды одақ құрамына кіретін ел­дердің аумағына қолдан жерсіндіру қар­қынды жүргізілді. 20-80 жылдар ара­лығында Қазақстан табиғатына өте көп бөтен аң үйретіліп, жерсіндірілді. Оның қа­тарында, ондатр, жанаттектес ит, тиін, аме­рика күзені бар. Тіпті, еліміздің шы­ғысындағы аң түрін еліміздің оңтүстігі не­месе батысында көбейтуге де әрекет жа­салған. Бұлғынды, тиінді, қарсақты осы­лай өсірмек болған. Мысалы, тың игеру жылдары сол­түстік өңірлерде терісі үшін аула­натын қарсақ азайып кеткен. Соны Бар­сакелмес аралында өсіріп, санын кө­бейту жоспарланады. Аралға ұстап жет­кізілген қарсақтар онда жерсіндірілген са­рышұнақты жеп тауысады деп жібер­меген. Алайда бес қарсақ тордан қашып кетіп, аралда көбейе бастайды. Оны тек 4-5 жылдан соң ғана толық жойыпты, бар­лығы 77 қарсақ ауланған. Мысалы, 60-жылдары бұл­ғын­ды Тянь-Шань тауындағы орман бел­деуінде және Іле Алатауының шыр­ша­лы ормандарында, Шығыс Қазақстандағы ормандарға өсіру мақсатында жіберген екен.   Жергілікті фаунаға қауіп төндіретін аңдар 2013 жылғы «Позвоночные животные Казахстана» анықтамалығының ғалым Юрий Грачёв әзірлеген сүтқоректілер бө­лімінде елімізге сырттан келген немесе жерсіндірілген 5 аңды атап көрсеткен. Олар: жанаттәрізді ит – Nyctereutes procyonoides, Америка күзені Mustela vison Schreber, ондатр – Ondatra zibethicus, қара егеуқұйрық – Rattus rattus (Linnaeus, 1758) және сұр егеуқұйрық – Rattus norvegicus (Berkenhout, 1769).   Жанаттектес ит Сібір халықтары оны «маңғыт» дей­ді екен. Қиыр Шығыста тіршілік етеді. Қытайда, Корея түбегінде, Вьетнам­ның солтүстігі мен Жапонияда таралған. 30-жылдары КСРО-ның еуропалық бөлігінде кәсіптік фаунаның қайта жасақ­тау жоспарына сәйкес жанаттектес итті жер­­сіндіру басты іс-шараның бірі сана­ла­тын. Өйткені ол тез көбейеді, тамақ тал­­ғамайды әрі терісі пайдалы. 60-жыл­дар­ға шейін 10 мың жанаттәрізді ит КСРО-ның 76 облысындағы аңшылық шаруа­шылықтарына жеткізілген. 1981 жы­лы шыққан «Қазақстандағы сүт қорек­тілер» деген кітапқа жүгінсек, 400-ге жуық жанаттектес ит 36-37 жылдары Ал­ма­ты облысы аумағында Іле және Жоңғар Ала­тауына және Шығыс Қазақстан об­лы­сы аумағында Оңтүстік Алтай тау­лары­на жіберілген. Алайда олар өсіп-өніп кетпеген. Қазір бұл аң Ресейдің Қазақ­стан­мен шекаралас аудандарында кө­бейіп, бізге келіп жатыр. Еділ жағалауын бойлап, Каспийдің солтүстігіне Жайық жағасына жетті. маңғыт Жанаттәрізді иттің басты жауы – қасқыр. Сондай-ақ оны ит пен сі­леусін де жойып жібереді. Солтүстік өңір­лерде қасқыр жойылып бара жатқан­дықтан, жанаттың тез өсіп кетуі қаупі бар.
«Қорған, Омбы облыстарының аума­ғы­нан Қостанай аумағына енді. Қазір со­дан ілгерілей отырып, Қорғалжын қо­ры­ғына жетті. Қорғалжын ауданы аумағында соң­ғы 3-4 жыл­да жанат кез­десіп жүр. Әзір­ге көп емес. Бұ­лар көктемде жа­ғалауға ұя са­латын құстардың жұ­мыртқасымен қо­ректеніп, бала­пан­дарын жейді, ұя­сын бұзады. Қорғал­жын көлдерін құстар­дың мекені деп есепте­сек, жанат көбейіп кетсе, сол құстарға қауіп төн­ді­реді. Қорғалжында дүние­жүзі бойынша саны көп қоқиқаздың популяциясы бар. Егер қоқиқаз по­пу­ля­ция­сын бір үркітіп алсақ, олар қай­тіп мына жерге келмей қоя­ды. Үлкен қауіп төніп тұр», – деп дабыл қағады биология ғылым­дарының кандидаты Жасқайыр Қарағойшин.
Бұған аса қатысты болмауы да мүм­кін, бірақ айта кету керек, былтыр Теңіз көліне келген қоқиқаздар саны екі есеге жуық азайып кеткен. Айтпақшы, Жайықтың Каспийге құяр тұсында Ақжайық резерваты орналасқан. Қазір онда жанаттың санын азайтып, реттеу жүргізіліп келеді. Зоология институты Биоценология мен аңшытанушылық зертханасының меңгерушісі Константин Плахов жанаттың санына қатысты нақты мәлімет жоқ екенін атап өтті. Ғалым сырт­тан әкелінген, не өзі келген түрлерді ба­қылап отыру керек екенін айтады.   Ондатр Ондатр алдымен Ресей табиғатына үйретіліп, жіберілді. Қазақстанға 32-ші жылдан бастап жерсіндірді. Те­рио­логия ғылымын қалыптастырған Ар­кадий Слудский деген ғалымның жұмыстары бойынша алғаш Сырдарияға жіберілген. Константин Плаховтың пікірінше, он­датрды жерсіндіру өте сәтті болған.
«Жануарлар ортасын жақсарту мақ­сатында пайдалы деп саналған жа­нуар­лардың кей түрлерін сырттан әкелді. Кей тұста бұл сәтті шықты. Мысалы, ондатрды жер­сіндіру өте сәтті болды. Ондатр өзінің қорегі сатысында ешкіммен бәселекеспеді және экологиялық орны бос болды. Терісі үшін әдейі жіберілген аң кейін ауланып, бір жылдары жылына 1 млн тері жина­ла­тын еді», – дейді ол.
ондатр Зоолог Жасқайыр Қарағойшин де осы пікірді қолдайды.
«Солтүстік Америка жануары бол­ға­нына қарамастан, жерсініп абориген жа­нуарлармен тең тіршілік етіп жатыр. Еш­қандай зиян келтірмейді. Өзен-көл­дердегі қамыс, қоғамен қоректенеді. Ба­лық­қа, судағы және жағадағы аңдарға бә­­­­секелес болмайды», – дейді зоолог.
  Америка күзені Солтүстік Америкада таралған. Алғаш 50-жылдары Алтай тауларына жіберіл­ген. 90 жылдары Ақтөбе және Жетісу об­лыстарында жабылған фермалардан қа­шып шығып, жерсінген. Бастапқыда тау өзендерінде таралып, кейін басқа өңір­лерде көбейе бастаған. Жартылай су­да өмір сүреді. Өйткені азығының көп бө­лі-гі – балық. Сонымен қатар ұсақ ке­мір­гіш­терді, құстарды жейді.
«Елімізде Еуропа күзені – жергілікті аң. Америка күзені аңдар фермасында өсі­рілді. Қашып кеткендері бар, ферма жа­былғанда босатып жіберілгендері бар, біраз күзен сол маңда тіршілік етіп жатыр. Яғни, еуропалық күзеннен ірі әрі ши­рақтау. Ортаны жаулап алды. Олар жер­гілікті экожүйеге қауіп төндіреді. Өте си­­рек кездесетін Қызыл кітапқа ен­гі­зіл­ген Жоңғар Алатауындағы тритон – Жетісу бақатісін жойып жіберуі мүм­­кін», – деп дабыл қақты Конс­тан­­тин Плахов.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғы­лыми қызметкері Артем Хроков Же­тісу облысында Көксу өзе­ні­нің бойында екі жыл аме­ри­ка күзенін зерттеп шыққан. Ғылыми еңбегі аяқталмаса да, жас ғалым өзінің көр­ген-білгендерін айтып бер­ді.
Ол алдымен жер­гілікті тұрғын­дар­­ды сөзге тартқан. Аме­­рикалық күзен пай­­да болғалы, өзенде бұ­­рын көп болған азия­­лық кәмшат, сон­­­дай-ақ еуропа­лық күзен жойы­лып кеткен. Тұр­ғын­дар «су қой­ма­­сында құс азайып кетті, ба­­­лық та азай­ды» деп ша­ғым­данған. Алайда Ар­тем Хроков «бұл дә­лел­­­­ден­бе­­­ген нәр­се, теория жүзінде осындай болып шы­­ғуы ықтимал», – деп біржақты жауап­тан бас тартты.
Америка күзені Оның айтуынша, күзен Алматы об­­­лысында фермалардан қашып шы­ғып, табиғатқа таралған. Әрі соңғы 20-30 жылда толық жерсініп үлгерген. Аме­рика күзені солтүстік өңірлерде, Қара­ғанды, Ақмола, Павлодар облыс­тарының көбінің суларында кездеседі. 2022 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жас ғалымдары зерттеуі барысында, Ақмола об­лысының 36 көлінде кездесетіні анық­талған.
«Солтүстіктегі, Батыс өңірлердегі жер­гілікті күзенді ығыстырып жіберді. Бір­­ден емес, популяциядағы ерекше мі­нез-құлқына байланысты біртіндеп тер­риторияны жаулап ала береді. Мұның жырт­қыштығы жергілікті күзенге қа­ра­ғанда басымдау. Бұлар да жа­нат­тәрізді ит секілді құстың жұ­мыртқасы мен бала­пандарымен қо­ректеніп, табиғатқа үлкен зиян кел­тіреді. Ашықса, қыста ауылдағы үй құстарына шабуыл жасайды. Қо­раның есі­гі шала жабылса не ашық терезесі бол­са ішке кіріп, құстардың мойнын бұрап өлтіре береді. Ауылдағы құс­ты қырып ке­тіп жатқаны көптеп тір­кел­ді», – дейді Жасқайыр Қарағойшин.
Ғалымның айтуынша, америкалық кү­зен қолдан өсірілгендіктен ұр­пақ­­тарында белгісі қалған, яғни адамнан сес­­кенбейді. Тіпті, балықшының аулаған ба­­лығын шелегінен ала қашатыны да бар екен. Тиін Тағы бір сәтсіз жерсіндіруге қатыс­ты мысал – ол тиіндер. Со­­ғыс­тан кейін­гі жылдары Алма­ты, Шы­ғыс Қазақ­стан, Қара­ған­ды, Ақ­мола, Павлодар, Қос­танай об­лысының аумағына 12 мың­дай телеуіт тиіні жіберілген.
«Қазір олар Алматы саябақ­та­рында жү­гіріп жүр. Біз «неткен әдемі жануар» деп тамсанамыз. Алайда тиінді жібердік, олар­дың азық-қорек мөлшерін есеп­те­медік. Олар да аулау үшін әдейі таратылған. Жейтін азығы аз болған соң тиіндер ағаш­та өрмелеген егеуқұйрықтың біріне ай­нал­ған. Олар қолына түскеннің бәрін жеп жүр. Құстар­дың ұясын бұзады, балапанын, жұ­мырт­қасын жейді. Бұл да үлкен мә­селе», – дейді Константин Плахов.
  Егеуқұйрық Қазір Алматы қаласында егеуқұйрық қаптап кеткен. Өзіміз бала кезден көретін егеуқұйрық та сырттан келген кеміргіш болып шықты. егеуқұйрық
«Олар теміржол арқылы тауар вагон­дарымен келді. Сол кезде Обаға қарсы институт (М.Айқымбаев атындағы аса қауіп­ті инфекциялар ұлттық ғылыми ор­та­лығы–авт.) қала әкімшілігіне жүгінгенде олар егеуқұйрықтарды жою жөніндегі қажетті қаржыны бөлмеді. Қазір қалада егеу­құйрық өте көп. Адамға және жануар­лар үшін қауіпті індеттің таратуы мүмкін», – дейді Константин Плахов. Олар кө­бейіп кетсе, қоймадағы астық, бақша өнімдерін бүлдіреді.
  Майна Қазір оңтүстік өңірлерде қараторғай, тор­ғай, сайрақты мүлдем кезіктірмейсің. Оның орнын инвазив түр – майна құсы (Acridotheres tristis) жаулап алған. Өз­бек­стан арқылы бізге келген майна 60 жыл ішінде Қазақстаның тең жартысына ер­кін таралды. Тіпті, Қарағанды облы­сын­да кездесті деген дерек бар. Құс шаруа­шы­лығы саласындағы өзбекстандық сара­п­шы Ибрагим Салиховтың айтуынша, КСРО Ғылым академиясының шешімімен «майна малдың биті мен бүргесін жояды» деп Өзбекстанға 1950 жылдары Ауғанстан­нан әкелінген. Алайда майна өзінен кіші құстарға шабуыл жасап, азығын жайпап, бау-бақша жемістерін жеп көп көлемде шығын әкелуде. 2003 жылы Өзбекстан май­наны атып жоймақ болған еді, алайда нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Өйткені майна егеуқұйрық секілді саны азайғанда өсімі де тез көбейетін болып шыққан. майна   Инвазив түрлерін зерттеу проблемасы
«Қазір Қазақстанда териология ғы­лымы тұралап тұр. Аңның қандай түр­лері таралды, олардың экожүйеге келтіріп жат­қан зияны жөнінде толық мәліметтер жоқ. Мысалы, біз орталық және солтүстік Қазақстанда кездесетін инвазивті түр­лерді зерттеп көрмек болды. Грантқа қа­ты­сып, қаржысын ұта алмадық. Және біз­ден басқа осы қаржыға ұсыныс бол­мады», – дейді Жасқайыр Қарағойшин.
Өйткені қазір ғылыми орта сырттан келген аңдардың зерттеуде қар­жы­сы жетіспей, қолы байлауда отыр. Қар­­жы бөлінбесе, оны өз бетінше зерт­теу­­дің мүмкін емес. Жұмыс ауқымы өте көп және адам еңбегін, айталық интел­лек­туалдық ресурсты да көп талап етеді.
«Біз өз тарапымыздан инзваик түр­лер­ді зерттеуге қатысты бағдарлама ұсы­на ала­­мыз. Алайда мемлекет тарапынан қар­­­­жыландыру жоқ. Ғалымдар мәселенің мән-жайын түсініп отыр, ал шешім қа­былдауы тиіс ғылыми жұ­мыстарды ба­ға­лай­тын комиссия­лар оны бас­қаша көреді. Мы­сал кел­ті­рейін, егеуқұйрық пайда бол­ған кезде оны зерттеу және жағдайды ба­қылау керектігі ұсы­нылды. Қазір кеш, өйт­кені егеуқұйрық кө­­бейіп кетті», – дей­ді Константин Пла­хов.
Ғалымдар жаратылысты, табиғатты зерттейтін ғылымға көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін айтуда.
«Қаржыландыру жоқ. Былтыр институт осы тақырыпты зерт­теу үшін кезекті жолы өтінім бердік. Осын­дай нәрселер үздіксіз зерттеліп, мо­ни­то­ринг жасалып оты­руы керек. Қазір ғы­лымды, ғылыми жобаны қаржы­лан­дыру саясаты өз­герді. Тұрақты қар­жыландыру жоқ. Жоба ұсын­саң үш жылға ға­на қаржылан­ды­ра­­ды. Сирек кез­десетін аң түрле­рін бақылау, инва­зивті қауіпті сана­ла­тын аң түрлеріне мониторинг жүр­гізу­ге бөлінетін қаржы тұ­рақты, үздіксіз болуы тиіс. Осы бағдарламалар нәтижесі бойынша мемле­кеттік деңгейде шешім қабыл­данады», – дейді Константин Пла­хов.
аң. Ғалымның айтуынша, қауіпті түр­лерді бақылау үздіксіз жүргі­зілуі тиіс. Қазір мемлекетіміз ғылымды қар­жы­ландыру тетігін базалық емес етіп ен­г­ізді. Ғалымдардың зерттеу объектісін өз бетімен анықтауына мүмкіндік қал­дырмаған. Ол жаратылысты, табиғатты зерттейтін ғылымға көзқарасты түбегей-лі өзгерту қажет деп санайды.
«Өйткені 3 жыл мерзімде табиғи цикл­ді ешкім зерттеп шыға алмайды. Табиғи цикл 11-12 жылға созылады. Шығыс ха­лық­тарында 12 жылдық күнтізбенің болуы жайдан жай емес. Бұрын бюджет тұрақты бөлінетін, мекемеміз ол қаржы-ны қа­жеттілігіне қарай экспедицияға, зерт­ха­налық зерттеуге өз бетімен жұмсай ала­тын. Ең бастысы – мемлекетке қажетті нә­тижеге қол жеткізу. Ғылымның бәрі қол­данбалы, фундаменталды емес қой. Ақылға сыйымды болуы тиіс. Қазір ғы­лы­ми-зерттеу фундаменталды деп са­на­лады. Мен айтқан нәрселер – бұл қолдан­ба­лы ғылым», – дейді Константин Плахов.
Ол кісінің айтуынша, қандай түрді әкелуге болады деген шешім қа­был­дайды. Егер өзімізде тура осыған ұқсас аң түрі болса, оны әкелудің қажеті жоқ. Балқаш көліне жайын, көксерке, же­рах секілді жыртқыш балықтарды жі­беру қате болды. Ал көлде тұрқы ана­лардан шағын Балқаш алабұғасы болды. Ақ амур мен дөңмаңдайды жіберген дұ­рыс еді. Осы тұста теңдікті сақтау маңыз­ды. Ол жүре қабылдайтын бағдарлама емес. Біз тілдескен ғалымдар жергілікті экожүйені қорғау үшін шешімдер ке­рек екенін айтуда. Зерттеулерді көбей­тіп, мәселенің толық ауқымын анықтауға қажетті қаржы басты орында тұр. Бұл тұс­та ғалымдардың да жауапкершілігі бар екені анық. Өйткені кез келген аңды әке­ліп, еркіндікке жібере салуға болмайды. Сон­дықтан оны табиғатқа үйрету бағ­дарламасы бүге-шігесінен дейін ойлас­тырылған, зерттелген болуы тиіс.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ