«Қорған, Омбы облыстарының аумағынан Қостанай аумағына енді. Қазір содан ілгерілей отырып, Қорғалжын қорығына жетті. Қорғалжын ауданы аумағында соңғы 3-4 жылда жанат кездесіп жүр. Әзірге көп емес. Бұлар көктемде жағалауға ұя салатын құстардың жұмыртқасымен қоректеніп, балапандарын жейді, ұясын бұзады. Қорғалжын көлдерін құстардың мекені деп есептесек, жанат көбейіп кетсе, сол құстарға қауіп төндіреді. Қорғалжында дүниежүзі бойынша саны көп қоқиқаздың популяциясы бар. Егер қоқиқаз популяциясын бір үркітіп алсақ, олар қайтіп мына жерге келмей қояды. Үлкен қауіп төніп тұр», – деп дабыл қағады биология ғылымдарының кандидаты Жасқайыр Қарағойшин.Бұған аса қатысты болмауы да мүмкін, бірақ айта кету керек, былтыр Теңіз көліне келген қоқиқаздар саны екі есеге жуық азайып кеткен. Айтпақшы, Жайықтың Каспийге құяр тұсында Ақжайық резерваты орналасқан. Қазір онда жанаттың санын азайтып, реттеу жүргізіліп келеді. Зоология институты Биоценология мен аңшытанушылық зертханасының меңгерушісі Константин Плахов жанаттың санына қатысты нақты мәлімет жоқ екенін атап өтті. Ғалым сырттан әкелінген, не өзі келген түрлерді бақылап отыру керек екенін айтады. Ондатр Ондатр алдымен Ресей табиғатына үйретіліп, жіберілді. Қазақстанға 32-ші жылдан бастап жерсіндірді. Териология ғылымын қалыптастырған Аркадий Слудский деген ғалымның жұмыстары бойынша алғаш Сырдарияға жіберілген. Константин Плаховтың пікірінше, ондатрды жерсіндіру өте сәтті болған.
«Жануарлар ортасын жақсарту мақсатында пайдалы деп саналған жануарлардың кей түрлерін сырттан әкелді. Кей тұста бұл сәтті шықты. Мысалы, ондатрды жерсіндіру өте сәтті болды. Ондатр өзінің қорегі сатысында ешкіммен бәселекеспеді және экологиялық орны бос болды. Терісі үшін әдейі жіберілген аң кейін ауланып, бір жылдары жылына 1 млн тері жиналатын еді», – дейді ол.Зоолог Жасқайыр Қарағойшин де осы пікірді қолдайды.
«Солтүстік Америка жануары болғанына қарамастан, жерсініп абориген жануарлармен тең тіршілік етіп жатыр. Ешқандай зиян келтірмейді. Өзен-көлдердегі қамыс, қоғамен қоректенеді. Балыққа, судағы және жағадағы аңдарға бәсекелес болмайды», – дейді зоолог.Америка күзені Солтүстік Америкада таралған. Алғаш 50-жылдары Алтай тауларына жіберілген. 90 жылдары Ақтөбе және Жетісу облыстарында жабылған фермалардан қашып шығып, жерсінген. Бастапқыда тау өзендерінде таралып, кейін басқа өңірлерде көбейе бастаған. Жартылай суда өмір сүреді. Өйткені азығының көп бөлі-гі – балық. Сонымен қатар ұсақ кеміргіштерді, құстарды жейді.
«Елімізде Еуропа күзені – жергілікті аң. Америка күзені аңдар фермасында өсірілді. Қашып кеткендері бар, ферма жабылғанда босатып жіберілгендері бар, біраз күзен сол маңда тіршілік етіп жатыр. Яғни, еуропалық күзеннен ірі әрі ширақтау. Ортаны жаулап алды. Олар жергілікті экожүйеге қауіп төндіреді. Өте сирек кездесетін Қызыл кітапқа енгізілген Жоңғар Алатауындағы тритон – Жетісу бақатісін жойып жіберуі мүмкін», – деп дабыл қақты Константин Плахов.Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Артем Хроков Жетісу облысында Көксу өзенінің бойында екі жыл америка күзенін зерттеп шыққан. Ғылыми еңбегі аяқталмаса да, жас ғалым өзінің көрген-білгендерін айтып берді.
Ол алдымен жергілікті тұрғындарды сөзге тартқан. Америкалық күзен пайда болғалы, өзенде бұрын көп болған азиялық кәмшат, сондай-ақ еуропалық күзен жойылып кеткен. Тұрғындар «су қоймасында құс азайып кетті, балық та азайды» деп шағымданған. Алайда Артем Хроков «бұл дәлелденбеген нәрсе, теория жүзінде осындай болып шығуы ықтимал», – деп біржақты жауаптан бас тартты.Оның айтуынша, күзен Алматы облысында фермалардан қашып шығып, табиғатқа таралған. Әрі соңғы 20-30 жылда толық жерсініп үлгерген. Америка күзені солтүстік өңірлерде, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарының көбінің суларында кездеседі. 2022 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жас ғалымдары зерттеуі барысында, Ақмола облысының 36 көлінде кездесетіні анықталған.
«Солтүстіктегі, Батыс өңірлердегі жергілікті күзенді ығыстырып жіберді. Бірден емес, популяциядағы ерекше мінез-құлқына байланысты біртіндеп территорияны жаулап ала береді. Мұның жыртқыштығы жергілікті күзенге қарағанда басымдау. Бұлар да жанаттәрізді ит секілді құстың жұмыртқасы мен балапандарымен қоректеніп, табиғатқа үлкен зиян келтіреді. Ашықса, қыста ауылдағы үй құстарына шабуыл жасайды. Қораның есігі шала жабылса не ашық терезесі болса ішке кіріп, құстардың мойнын бұрап өлтіре береді. Ауылдағы құсты қырып кетіп жатқаны көптеп тіркелді», – дейді Жасқайыр Қарағойшин.Ғалымның айтуынша, америкалық күзен қолдан өсірілгендіктен ұрпақтарында белгісі қалған, яғни адамнан сескенбейді. Тіпті, балықшының аулаған балығын шелегінен ала қашатыны да бар екен. Тиін Тағы бір сәтсіз жерсіндіруге қатысты мысал – ол тиіндер. Соғыстан кейінгі жылдары Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай облысының аумағына 12 мыңдай телеуіт тиіні жіберілген.
«Қазір олар Алматы саябақтарында жүгіріп жүр. Біз «неткен әдемі жануар» деп тамсанамыз. Алайда тиінді жібердік, олардың азық-қорек мөлшерін есептемедік. Олар да аулау үшін әдейі таратылған. Жейтін азығы аз болған соң тиіндер ағашта өрмелеген егеуқұйрықтың біріне айналған. Олар қолына түскеннің бәрін жеп жүр. Құстардың ұясын бұзады, балапанын, жұмыртқасын жейді. Бұл да үлкен мәселе», – дейді Константин Плахов.Егеуқұйрық Қазір Алматы қаласында егеуқұйрық қаптап кеткен. Өзіміз бала кезден көретін егеуқұйрық та сырттан келген кеміргіш болып шықты.
«Олар теміржол арқылы тауар вагондарымен келді. Сол кезде Обаға қарсы институт (М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы–авт.) қала әкімшілігіне жүгінгенде олар егеуқұйрықтарды жою жөніндегі қажетті қаржыны бөлмеді. Қазір қалада егеуқұйрық өте көп. Адамға және жануарлар үшін қауіпті індеттің таратуы мүмкін», – дейді Константин Плахов. Олар көбейіп кетсе, қоймадағы астық, бақша өнімдерін бүлдіреді.Майна Қазір оңтүстік өңірлерде қараторғай, торғай, сайрақты мүлдем кезіктірмейсің. Оның орнын инвазив түр – майна құсы (Acridotheres tristis) жаулап алған. Өзбекстан арқылы бізге келген майна 60 жыл ішінде Қазақстаның тең жартысына еркін таралды. Тіпті, Қарағанды облысында кездесті деген дерек бар. Құс шаруашылығы саласындағы өзбекстандық сарапшы Ибрагим Салиховтың айтуынша, КСРО Ғылым академиясының шешімімен «майна малдың биті мен бүргесін жояды» деп Өзбекстанға 1950 жылдары Ауғанстаннан әкелінген. Алайда майна өзінен кіші құстарға шабуыл жасап, азығын жайпап, бау-бақша жемістерін жеп көп көлемде шығын әкелуде. 2003 жылы Өзбекстан майнаны атып жоймақ болған еді, алайда нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Өйткені майна егеуқұйрық секілді саны азайғанда өсімі де тез көбейетін болып шыққан. Инвазив түрлерін зерттеу проблемасы
«Қазір Қазақстанда териология ғылымы тұралап тұр. Аңның қандай түрлері таралды, олардың экожүйеге келтіріп жатқан зияны жөнінде толық мәліметтер жоқ. Мысалы, біз орталық және солтүстік Қазақстанда кездесетін инвазивті түрлерді зерттеп көрмек болды. Грантқа қатысып, қаржысын ұта алмадық. Және бізден басқа осы қаржыға ұсыныс болмады», – дейді Жасқайыр Қарағойшин.Өйткені қазір ғылыми орта сырттан келген аңдардың зерттеуде қаржысы жетіспей, қолы байлауда отыр. Қаржы бөлінбесе, оны өз бетінше зерттеудің мүмкін емес. Жұмыс ауқымы өте көп және адам еңбегін, айталық интеллектуалдық ресурсты да көп талап етеді.
«Біз өз тарапымыздан инзваик түрлерді зерттеуге қатысты бағдарлама ұсына аламыз. Алайда мемлекет тарапынан қаржыландыру жоқ. Ғалымдар мәселенің мән-жайын түсініп отыр, ал шешім қабылдауы тиіс ғылыми жұмыстарды бағалайтын комиссиялар оны басқаша көреді. Мысал келтірейін, егеуқұйрық пайда болған кезде оны зерттеу және жағдайды бақылау керектігі ұсынылды. Қазір кеш, өйткені егеуқұйрық көбейіп кетті», – дейді Константин Плахов.Ғалымдар жаратылысты, табиғатты зерттейтін ғылымға көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін айтуда.
«Қаржыландыру жоқ. Былтыр институт осы тақырыпты зерттеу үшін кезекті жолы өтінім бердік. Осындай нәрселер үздіксіз зерттеліп, мониторинг жасалып отыруы керек. Қазір ғылымды, ғылыми жобаны қаржыландыру саясаты өзгерді. Тұрақты қаржыландыру жоқ. Жоба ұсынсаң үш жылға ғана қаржыландырады. Сирек кездесетін аң түрлерін бақылау, инвазивті қауіпті саналатын аң түрлеріне мониторинг жүргізуге бөлінетін қаржы тұрақты, үздіксіз болуы тиіс. Осы бағдарламалар нәтижесі бойынша мемлекеттік деңгейде шешім қабылданады», – дейді Константин Плахов.Ғалымның айтуынша, қауіпті түрлерді бақылау үздіксіз жүргізілуі тиіс. Қазір мемлекетіміз ғылымды қаржыландыру тетігін базалық емес етіп енгізді. Ғалымдардың зерттеу объектісін өз бетімен анықтауына мүмкіндік қалдырмаған. Ол жаратылысты, табиғатты зерттейтін ғылымға көзқарасты түбегей-лі өзгерту қажет деп санайды.
«Өйткені 3 жыл мерзімде табиғи циклді ешкім зерттеп шыға алмайды. Табиғи цикл 11-12 жылға созылады. Шығыс халықтарында 12 жылдық күнтізбенің болуы жайдан жай емес. Бұрын бюджет тұрақты бөлінетін, мекемеміз ол қаржы-ны қажеттілігіне қарай экспедицияға, зертханалық зерттеуге өз бетімен жұмсай алатын. Ең бастысы – мемлекетке қажетті нәтижеге қол жеткізу. Ғылымның бәрі қолданбалы, фундаменталды емес қой. Ақылға сыйымды болуы тиіс. Қазір ғылыми-зерттеу фундаменталды деп саналады. Мен айтқан нәрселер – бұл қолданбалы ғылым», – дейді Константин Плахов.Ол кісінің айтуынша, қандай түрді әкелуге болады деген шешім қабылдайды. Егер өзімізде тура осыған ұқсас аң түрі болса, оны әкелудің қажеті жоқ. Балқаш көліне жайын, көксерке, жерах секілді жыртқыш балықтарды жіберу қате болды. Ал көлде тұрқы аналардан шағын Балқаш алабұғасы болды. Ақ амур мен дөңмаңдайды жіберген дұрыс еді. Осы тұста теңдікті сақтау маңызды. Ол жүре қабылдайтын бағдарлама емес. Біз тілдескен ғалымдар жергілікті экожүйені қорғау үшін шешімдер керек екенін айтуда. Зерттеулерді көбейтіп, мәселенің толық ауқымын анықтауға қажетті қаржы басты орында тұр. Бұл тұста ғалымдардың да жауапкершілігі бар екені анық. Өйткені кез келген аңды әкеліп, еркіндікке жібере салуға болмайды. Сондықтан оны табиғатқа үйрету бағдарламасы бүге-шігесінен дейін ойластырылған, зерттелген болуы тиіс.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ