Жаңа Конституция қолданыста
Жаңа Конституция қолданыста
4,351
оқылды
Өткен жыл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы соны бет­бұрыстардың кезеңі болды десек, артық болмайды. Бұл өзгерістер еліміздің Ата Заңында да байқалды. 2022 жылғы 5 маусымда респуб­ликалық ре­фе­рендумға шығарылған «Қазақстан Республика­сының Консти­туциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Республи­касының заңы қабылданды. Реформалардың заңды жалғасы Конституциялық өзгерістерге сәйкес бір ғана мерзімге сайлау құқығы бар президент сайлауы енгізілді. Елімізде жаңа консти­туциялық заңға сәйкес 2022 жылдың 20 қарашасында Президент сайлауы өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бастаған конституциялық реформалар мен демократиялық өзгерістер аясында, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу қажеттігін мәлімдеген. Конституциялық заңның 51-бабының 3-тармағында Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Пар­ламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі. 2023 жылғы 19 қаңтарда Мемлекет басшысы «Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау туралы» Жарлыққа қол қойды, кезектен тыс сайлау 2023 жылғы 19 наурызда өтетіні хабарланды. Негізгі заңның 55-бабының 5-тармағына сай Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау Парламент Сенатына жүктеледі. Демек, әзірше заңнамалар жоғары палатада талқыланып, қабылданады. Жаңа конституциялық заң талаптарына сәйкес өңірлік деңгейде де белсенді сайлау науқаны күтіледі. Өткен сайлау нәтижелері бойынша партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы норма іске асырылған болатын. Ал биылғы Мәжіліс және мәслихат сайлауының бірнеше ерекшелігі бар. Мәсе­лен, бір мандат арқылы мажори­тарлық жүйемен сайлануға тиісті талап­тарға сай келетін кез келген Қазақстан азаматының мүмкіндігі бар. Мәжілістегі депутаттық корпустың 30 пайызы, об­лыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызын, ал аудандық, қалалық мәс­лихат депутаттарының 100 пайызы ма­жори­тарлық жүйемен сайлана алады. Саяси партиялар үшін Мәжіліске өту межесі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілген. Бұл көппартиялы Мәжіліс жасақтауға мүм­кіндік береді. Және де сол арқылы партиялар арасындағы бәсекенің де көркі қызбақ. Жоғарғы  құқықтық саты Сонымен қатар Конституциялық Кеңес орнына Конституциялық Сот құрылды. Конституциялық Соттың Жоғары Соттан ерекшелігі, Жоғары Сот – сот жүйе­сінің ең жоғарғы кассациялық сатысы. Демек, төменгі тұрған соттардың істерін қарайды, елдегі сот практикасын қоры­тындылайтын арнайы қаулылар шығарады. Ал Конституциялық Сот – елдің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган. Конституциялық Соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі. Мәселен, Конституциялық Соттың құзыретіне сайлауды өткізудің заңдылығын қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігіне назар аудару, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру кіреді. Сондай-ақ Конституциялық Сотқа Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Парламент депутаттарының кемінде бестен бірі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және ең бастысы еліміздің кез келген азаматы жүгіне алады. Яғни, кез келген азамат қандай да бір нормативтік акт оның Ата Заңда бекітілген бостандықтары мен құқықтарын шектейді деп санаса, Конституциялық Сотқа шағымдана алады. Мұндай құқықтардың ауқымы кең. Конс­титуциялық Соттың шешімі қа­былданған күннен бастап күшіне енеді, шағым келтіруге жатпайды және еліміздің бүкіл аумағында жалпыға міндетті деп саналады. Конституциялық Соттың тағы бір ерекшелігі – жалпы соттар нормативтік-құқықтық актінің тек заңға сәйкестігін қарайды, ал Конституциялық Сот нор­мативтік-құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сенім жүгі салмақты Заңнамаларға енгізілген өзгерістердің ішінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың прокуратура органдарына үлкен сенім артып, «Прокуратура туралы заңды» конституциялық деңгейге көтерді. 2022 жылғы 5 қарашасында Мемлекет басшысы «Прокуратура туралы» Конс­титуциялық Заңына қол қойды. Аталған заң ең алдымен прокуратура органдары қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін белгілейді. Прокурорлармен азаматтардың өтініш­терін қарау тәсілдері өзгерді. Осыған дейін шағымдар уәкілетті орган­дарға қарау үшін жолданып отырса, енді прокурорлар халықтың мәселелерін өздері қарайтын болады. Ол үшін про­курорлар қарайтын шағымдардың тізімі кеңейтілді. Азаматтардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдар әрекетсіздік танытса, прокурорлар ықпал етіп, тиісті шаралар қабылдайды. Заңбұзушылықтарды жоймау адамның өмірі мен денсаулығына нұқсан келтіретін болса, прокурор осындай арыз­дарды қарауға құқылы. Сондай-ақ егер адам физиологиялық ерекшеліктеріне, пси­хикалық ауытқуларға және өзге де жағ­дайларға байланысты өзінің құқығын қорғай алмаса, прокурор арыз-шағымдарды қарай алады. Прокурорлар бизнес мүдделерін қорғау мақсатында жеке кәсіпкерліктің қызметіне мемлекеттік, жергілікті өкілді және ат­қарушы, өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының араласуы туралы арыздарды қарай алады. Бұл ретте прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын ауыстырмайды. Жалпы прокуратура туралы жаңа конс­титуциялық заңның қабылдануы адамның, мемлекеттің және бизнес субъектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін қор­ғауда прокурорлардың құзыреттілігі мен әлеуетін кеңейтетіні сөзсіз. Бас прокурор жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа Конституция нормаларын, халықаралық шарттардың және нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін түсіндіру жөнінде жүгіне алатын болды. Сондай-ақ Бас прокурор Жоғары Сотқа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істер бойынша сот тәжірибесі мәселелері бойынша соттарға түсіндіріп беру туралы ұсыныспен жүгінуге құқылы. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу прокуратура органдарына жүктейтінін мә­лімдеді. Бұл Президенттің прокуратура ор­гандарына деген жоғары сенім білдірге­нін көрсетеді. Және қоғам да осынау тұйық шеңбердегі дау-дамайлы істерді қарауда прокуратураға сенім білдіреді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаптау туралы істерді тергеу прокуратура орган­дарына құзыретіне кірді. Егер бұрын азаптау туралы істерді сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызметі, полицияның өзіндік қауіп­сіздік басқармалары тергеуге құзырлы болса, қазір бұл істерді тек прокурор тергеп-тексереді. Азаптауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды. Рақымшылық, ескіру мерзімі, өкіну және тараптардың татуласу негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жол жоқ. Бұдан бөлек, азаптау фактісі тіркелген органның басшысының да жеке жауапкершілігі қарастырылған. Прокуратура органдары Мемлекет басшысының қойған міндеттерін орындауға кірісіп те кетті.

Ж. БАҚАШБАЕВ, Ұлытау облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі