Дүниені дір еткізген дүмпулер
Дүниені дір еткізген дүмпулер
1,384
оқылды
Күні кеше Жер бетінде 1 300-ден астам жер сілкінісі болды дегенге сенесіз бе? Әрине, мұндағы ұсақ дүмпу­лерді арнайы құрылғылар болмаса сіз бен біз сезе қой­маймыз. Есесіне Түркиядағы жер сілкінісі ХХІ ғасырдың өзінде адамзаттың Табиғат-Ананың алдында дәрмен­сіз­дігін дәлелдеді. Әлем тарихындағы соңғы жарты ғасырда болған жой­қын жер сілкіністеріне назар аударсаңыз, бұл апаттың қан­шалықты қауіпті екенін аңғара аласыз.   Таншань, 1976 жыл 28 шілде Тарихтағы ең жойқын апаттың бірі ретінде Қытайдың Хэбэй про­винциясындағы Таншань қала­сын­дағы жер сілкінісін айтуға болады. 1976 жылдың 28 шілдесі күні болған зілзаланың магнитудасы 8,2 балға жетті. Салдарынан 5,3 миллионға жуық үй қирады. Ресми дерекке сүйенсек, Таншаньдағы табиғи апат 242 мың 769 адамның өмірін жал­маған. Әйтсе де, бейресми дереккөз­дері құрбандар санының 655 мың­нан асып кеткенін алға тартады. Оқиға куәгерлері алғашқы дүмпудің өзінен қаладағы ғимараттардың 90 пайызы қирағанын айтады. Тіпті, жер қақ айырылғанда оған жолау­шылар пойызының түсіп кеткені туралы да дерек бар. 2010 жылы Қы­тай режиссері Фэн Сяога Тан­шань оқиғасы негізінде фильм түсірді.   Армения, 1988 жыл 7 желтоқсан Ал 1988 жылдың 7 желтоқсаны Армения тарихында ең қаралы күн ретінде жазылып қалары анық. Се­бебі дәл осы күні жергілікті уақыт бойынша 11.41-де алапат жер сіл­кі­нісі болды. Спитак қаласындағы апат­тың қуаты 10 балға дейін жет­кен-ді. Бірнеше дүркін қайталанған дүмпуден Спитак қаласы жермен-жексен болды. Ленинакан (қазіргі Гюмри), Кировакан (қазіргі Ванад­зор) және Степанаван қалалары да күйреді. Ленинкандағы үйлердің 80 пайызы, ал Кировакандағы құры­лыс­тың тек жартысы үйіндіге айналды. Мамандар Армения аумағының 40 пайызын шайқаған дүмпудің қуатын 1945 жылы Хиросимо қа­ласына тасталған атом бомбасынан 10 есе мықты деп бағалады. Осыдан кейін-ақ Армениядағы жер сілкінісі құрбандарының саны аз болмағанын түсіне беру керек. Ресми дерек бо­йынша, зілзала салдарынан 25 мың адам қаза болып, 140 мың адам мү­гедектердің қатарын толықтырды. Сол сәтте Арменияның басына түскен жағдай одақтас елдердің де ортақ қайғысына айналды. Алып одақтың түкпір-түкпірінен көмек келіп жатты. Құтқару жұмыстарына еріктілердің бөлек 20 мыңнан астам сарбаз бен офицер жұмылдырылды. Құтқару, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде үйінді астынан 4 328 адам шығарылды. Оның ішін­дегі 1 440 адам тірілей құтқарылыпты. Әлемнің өзге елдері де апатқа ұшыраған Армения жұртына көмек қолын созды. Апат аймағына Франциядан, Швейцариядан, Ұлыбритания, Германия мен АҚШ-тан дәрігерлер мен құтқарушылар келді. Әлемнің 111 мемлекеті Арме­нияға қолдау көрсетті. Төтенше жағдайдан кейін Арме­ниямен бірге КСРО-ның өзге ел­дерінде де құтқару қызметтері құ­­ры­лып, жаңадан салынатын нысан­дардың сейсмикалық тұрғыдан берік болуына баса мән беріле бастаған.   Измит,  1999 жыл 17 тамыз Бүгінде зор нәубетті бастан өт­керіп жатқан Түркияда осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын да алапат жер сілкінісі болған екен. Бұл оқиға тарихта Измит жер сілкінісі ретінде қалды. 1999 жыл­дың 17 та­­мызында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 3.02-де 7,6 балдық жойқын зілзала бол­ды. Апат оша­ғы 17 ша­қы­рым терең­дікте ор­налас­қан. Зіл­заланың қуатты бол­ғаны сон­шалық, Мәрмәр те­­­­ңізі ту­лап, цунами 3 метр­­ге де­йін кө­теріліпті. Ресми дерек­көздер Измит қала­сын­дағы жер сілкінісі ке­зінде 17 мың 217 адам қайтыс бо­лып, 43 мың 959 адам жарақат алға­нын хабарлады. Әйтсе де, жұрт арасында зілзала құрбандарының 40 мыңға жуықтаған деген де дерек айтылады. Өйткені түрлі жұқпалы аурудың таралып кетпеуі үшін мә­йіттерді асығыс бір қабірге жерле­ген. Сол жолы апаттан 120 мыңға жуық ғимарат түгелдей қирап, шы­ғынның жалпы көлемі 25 миллиард долларға тең деп баға­ланды. Сейс­мологтар Түркиядағы жер сілкі­нісінің көп болуын елдің «Анадолы жарығында» орналасуы­мен бай­ланыстырады.   Бам, 2003 жыл 26 желтоқсан Осыдан 20 жыл бұрын Иран­ның Кер­ман провин­ция­сындағы Бам қаласының тұр­ғындары да тәтті ұйқының құ­шағында жатқан сәтінде үйіндінің астында қалды. 2003 жылдың 26 желтоқсанында болған 6,3 балдық зілзаладан ғимараттарының 90 пайызы саз балшықтан тұрғызылған ескі қаланың астан-кестені шықты. Иран билігі зілзаладан кейін тәулігіне 5 500 апат құрбаны жер­лен­генін хабарлады. Ал жерлеу рә­сімімен айналысқан елдің Қарулы күштерінің өкілдері 3 күннің ішінде 20 мың адамды ақтық сапарға шығарып салғанын мә­лімдеген. Қолда бар деректер бо­йынша, Бамдағы төтенше жағдайда 35 мың адам құрбан болыпты. Апат сал­дарын жоюға шамасы жетпей­тінін білген ел билігі әлемдік қа­уымдас­тықтан көмек сұрады. Өз кезегінде 44 мемлекет Иранға көмек қолын созып, құтқарушылар мен дәрі­герлер жіберді.   Үнді мұхиты, 2004 жыл 26 желтоқсан Ең қызығы, Бамдағы зілзаладан дәл бір жыл (2004 жыл 26 желтоқсан) өткен соң Үнді мұхитында жер сіл­кінісі болды. Рихтер шкаласы бо­йын­ша 9,3 балл деп бағаланған зілзаланың дүмпуін мұхитқа жақын маңдағы 17 мемлекет сезінді. Жер сілкінісінің эпицентрі Үнді мұхи­тында, Суматраның солтүстік-ба­тыс жағалауында, Симеолу аралына жа­қын жерде болған. Мұхиттағы дүмпу қуаттылығын мына бір фак­тіден де байқауға болады. Зілзаладан кейін түсірілген ғарыштық фото­суреттер мен GPS-пен алынған өлшемдер Суматраның оңтүстік-батысында орналасқан кішігірім арал­дар өз орнынан 20 метрге жыл­жығанын көрсетіпті. Бирман пли­тасында орналасқан Суматра ара­лының солтүстік нүктесі де өз ор­ны­нан 36 метрге жылжыған көрінеді. Бірақ жер сілкінісінен гөрі одан кейінгі цунами көптеген адамның өмірін жалмады. Биік толқындар жағалаудың қашықтығына қарай кейбір аралдарға зілзаладан кейінгі 50 минутта жетсе, енді біріне 7 сағат­та барыпты. Осылайша, жер сілкінісі мен цунами 235 мыңға жуық адам­ның өліміне себепші болды. Шри-Ланканың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жағажайлардың бірінде 7-9 метрге дейін көтерілген толқын 1 700 жо­лаушысы бар по­йыз­ды «жұтып» қой­ған. Бұл әлем­дегі теміржол та­рихындағы ең ірі апат ретінде қалды.   Кашмир, 2005 жыл, 8 қазан ХХІ ғасыр басындағы ең ірі зілзаланың қатарына 2005 жылдың 8 қазанында Пәкістанның бақы­лауындағы Кашмир аймағында бол­ған 7,6 балдық жер сілкінісін де жат­қызуға болады. Әрі бұл апатты соң­ғы 1 ғасырдағы оңтүстік Азия­дағы ең қуатты жер сілкінісі деп те атайды. Төтеннен төнген табиғи апаттан 84 мың адам қайтыс болды. Пәкістан мен Үндістанның аймақ­тағы әскери қақтығысы құтқару жұмыстарына кедергі келтіруі апат құрбандарының көбеюіне ықпал еткен көрінеді.   Гайти, 2010 жыл 12 қаңтар 2010 жылдың 12 қаңтарындағы Гайтидегі 7 балдық жер сілкінісі де 300 мыңға жуық адамның өмірін жалмады. Әсіресе, ел астанасы Порт-о-Пренси қатты зардап шегіп, мыңдаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар қирады. Жер сілкінісінен келген материалдық шығын 5,6 миллиард долларға бағаланады.   Жапония, 2011 жыл 11 наурыз Жапонияда 2011 жылдың 11 наурызында адамзат тарихындағы ең қуатты зілзала тіркелді. Күн­шығыс еліндегі жер сілкінісінің қуаты Рихтер шкаласы бойынша 8,9 балға дейін жетті. Биіктігі 10 метр болатын толқын Хонсю аралына дейін, ал 6 метрлік толқын Хоккайдо аралына дейін жеткен. Табиғи апат кезінде 15,9 мың адам қаза тауып, 2,5 мың адам із-түзсіз жоғалды. Қазақстанда да соңғы 30 жыл­дың ішінде ірілі-ұсақты жер сіл­кіністері тіркелді. 1990 жылдың мау­сымында Шығыс Қазақстан облысында 8 бал-дық «Зайсан сілкінісі» болды. Апат салдарынан 8 874 үй қирап, 36 мың адам баспанасыз қалды. Ресми дерекке сүйенсек, оқиғадан кейін бір ғана сәби шетінеген. Ал 2003 жыл­дың 23 мамырындағы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы жер сілкінісінде 3 адам қаза болды. Қуаты 6,5-7 балл деп бағаланған зілзала салдарынан аудандағы 16 жалпы білім беретін мектеп, 12 емдеу мекемесі, 23 әкімдік ғимараты және 7 502 үй қирады.