Сонымен, осынша дәруменге бай, дәмі болса да, тіл үйіретін тәтті кептірілген жеміс неге нарықта өз деңгейінде орнын ала алмай жүр? Әлде, жарнамасы төмен бе? Біз сонау 90-жылдардан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан, ата-бабасынан қалған кәсіпті жалғастырушы балтакөлдік Ерлан Сабырханов есімді азаматпен осы мәселе төңірегінде сөйлестік. «Шалқар» шаруа қожалығының төрағасы қауын егілген соң қауынқақ міндетті түрде жасалатынын айтады. Себебі қауын піскен уақытта Ресейге жөнелтілерде арнайы көліктерге арту үшін сұрыпталғанда қатты пісіп кеткендері, сабағы түсіп қалғандары қалып қояды екен. «Жалпы, қауын піскеннен кейін 4 этаптан өтеді. Алдымен, Фура жүк көлігіне қаттылары артылады, сәл жұмсақтары, ауыл-аймаққа сатылу үшін ГАЗель көлігіне тиеледі. Оған да жарамайтын жұмсақтарынан қауынқақ істейміз, тіпті шартаққа ілінбейтін езіліп піскендерінен қауынқұрт қайнатамыз», – дейді ол. Демек, қауынқаққа арнайы қауын егілмейді. «Бізге қауын күйінше сатқан тиімді. Қауынқақ көп еңбекті талап етеді. Амал жоқ, жұмсағын кәдеге асырамыз. Негізінен, «Гүлстан», «Жиенбай» атты қауынның тұқымын егемін. «Гүлстан» өте тәтті, қауынқақ та негізінен осы қауыннан жасалады. Қатты қауыннан қақ тілінбейді, яғни ол жұмсақ болып, жайғанда иіліп тұруы тиіс. Қатты ағаштан шартақ құрып, қауынды бір күн алдын кесіп, дәнін алып аударып қоямыз. Шытырлап тұрған қауын ертесіне жұмсайды, оны тіліп шартаққа ілеміз. Дәмін одан сайын арттырып, сырты жалтырап тұру үшін қарбыздың суын қосамыз. Ал жіпке ілінбейтін қауынды асқабақ қосып, бір күн бойы қайнатып қауынқұрт істейміз. Әбден суы сарқылып қоюланғанша қайнатып, ағаштың үстіне төселген сұрып матаға қасықпен құйылып шығады. Мұның да өздігінше дәмі ерекше. Өтімділігі жоғары», – дейді шаруа бізбен әңгімесінде.Қыста тоңдырмайтын қасиеті бар Ауылдағы бос отырған келіншектер науқан кезінде осындай жұмыстар үшін шаруашылықтарға жалданады. «Иә, мұның барлығын ауылдағы 4-5 келіншекке күніне 5000 теңге жобасында ақша беріп дайындатамыз. Қауынқақ 1 аптада кеуіп, дайын болады. Ол жел мен күнді жақсы көреді. 10 келі қауыннан 1 келі қауынқақ шығады», – дейді ол.
Жыл сайын 2 тоннаға жуық қауынқақ өндіретін шаруа өнімнің қысты күні жақсы өтетінін айтады. Қыста адамның бойын жылытып тұратын қасиеті бар бұл өнім жаздыкүні сатылмайды. Егер жазға қалса, қарайып кетуі мүмкін. Сол үшін алда-жалда қыста сатылмай қалса, тоңазытқышта сақтауға болады. Бірақ сатылмай қалып кеткен кезі болмапты. Алматы, Кентау және Түркістан қаласында алатындар бар. Жыл сайын қара күзде көтерме бағасында алып кетеді. Бұл кәсіпке әбден машықтанған. Қауын пісіп жетілгенше, оның өзіндік ауыртпашылықтары бар. Табыс әр жылда әртүрлі болады. Табиғаттың тосын мінездері де әсер етпей қоймайды. Орта есеппен жыл сайын осы кәсіптен 3-4, кейде 5-6 миллион теңгеге дейін табыс табады екен. «Қасымда серігім бар, екеуміздің техникамыз бір. Жұмысшы жалдаймыз. Жалпы, 10-15 гектар жерге егін салсам, оның 3 гектары – өзімдікі. Қалғанын жалға аламын. Қауыннан бөлек, тары, аз ғана жоңышқа егемін. Балтакөлдіктер негізінен осы қауын мен тарыны егіп нәпақа табады. Атамнан келе жатқан кәсіп болған соң шыға алмаймыз. Жылда келесі жылы болып қалар деген үмітпен жүре береді екенсің. Тәуекелге бет буамыз. Әйтпесе, жұмысы да шығыны да көп, пісіп-жетілем дегенше көп күтімді қажет ететін өте нәзік бақша өнімі – бұл. Кейде пайдасы болмай да қалады. Бірақ өзің ұнатқан істен ләззат аласың», – дейді Ерлан Қожамбердіұлы.Айтпақшы, шаруа қауынқақты кейде қауынның дәнін алып қалу үшін де істейтінін айтады. Себебі 1 келі дән 10-15 мың теңге көлемінде болады екен. Өзі пайдаланатын дәннен артылғанын сатумен де айналысады. Ал қабығы малға беріледі. Демек, ешқандай қалдық жоқ. Қауынды өңдеуге қолдау білдірілмек Ал Балтакөл ауыл округінің әкімі Сейітхан Ателов ауыл халқының табысын арттыру мақсатында құрылған «Ауыл аманаты» бағдарламасына Балтакөл ауылы пилоттық жоба ретінде еніп отырғанын айтады. Ауыл округі жобада ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзіне айналып отырған тары мен қауынды өңдеуі бойынша қорғамақ. Демек, диқандар қауынды өңдеп қауынқақ өндіру бойынша жобаға қатысып, 7 жыл мерзімге берілетін 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізе алады. Осындай қолдаулардан кейін қауынқақ өнімі нарыққа молынан шығатын шығар деген үміттеміз. Былтыр ауылда 825 гектар жерге қауын егіліп, 60 тоннаға дейін қауынқақ өндірілген. Иә, сонымен елімізде кептірілген қауын әлі күнге дейін арнайы қорапшаға салынып, үлкен желілік дүкендерге шыққан жоқ. Шүкір, құртты әупірімдеп жүріп, нарыққа шығардық. Бүгінде құрт шығаратын бірнеше өндріс орындары жұмыс істеп тұр. Үлкен сұранысқа ие. Ал қауынқақ әзірге жетім баланың күйін кешуде. Ғаламтордан қауынқақ туралы іздеп көрдік. Алдымыздан сол баяғы өзбекстандықтар өндірген қауынқақ шыға берді. Ал Ресей және өзге де мемлекеттерде кептірілген жемістің қатарынан көрініп жүрген қауынқақтардың бағасы өте қымбат. Бізде де бірен-саран заттаңбасы қойылған кептірілген қауын сатушылар бар екен. Jazdyn_dami атауымен Шымкенттен шығып жатқан қауынқақтың таралым аумағы аса үлкен емес. Осынау кәсіпкерлікті биыл ғана қолға алған өндіруші еліміздің солтүстік аумағы бұл өнімді біле бермейтінін айтады. Қауынқақты бұрыннан тұтынып жүргендер жақсы алады екен. Дегенмен түбегейлі кірісіп жұмыс істесе, еліміздің барлық аумағына жіберуге болады. Ол үшін алдымен халықты оның дәмін сездіріп біраз үйрету керек. Ендеше, биыл алғаш рет осынау жобаға қатысқалы отырған балтакөлдіктердің «Балтакөл қауынқағы» брендіне қол жеткізетін күні алыс емес шығар...
Түркістан облысы