Жазылар естеліктер мен туралы...
Мұзбалақ ақынның өлеңдерін білмейтін жан, тебіренбейтін тұлға жоқ шығар. Өйткені оның жүректен шыққан жыр жолдарында өмірдің ағы мен қарасы, кедірі мен бұдыры, қуанышы мен қайғысы қатар өрілген. Оның сырға толы күнделігі де өз-өзін таппай аласұрған ақынның айтары әлі де көп екенін ұқтыра түскендей. Иә, өзі айтқандай, Мұқағали Мақатаев өлгенімен, ол жазған өлең жолдары өміршең. Өкініштісі, лирик ақын өз заманында лайықты бағасын ала алмады. Жақын мен жат та ақын жүрегінің түпкіріне тым кеш үңілгендей...
Ақиық ақынның туған күніне орай Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері ерекше күнді сырлы әуенге, сазға толы әсерлі кешке бөлеу үшін режиссер Әли Бидахметтің «Күнделік» лирикалық кешін өткізді. Талантты қыз-жігіттер көрермендерге ақынның күнделігіндегі терең сырды түрлендіріп беруге тырысты. Ерекше форматта өткен кеш әдеттегі сахналандырылған қойылымдарға қарағанда жұртшылықтың жүрегін шымырлатып, сай-сүйегін босатқандай болды.
Театр ұжымы Мұқағалидың пьесасы негізінде жасалған «Қош, махаббат» спектаклін қою керек болған екен. Алайда спектакльде ойнайтын әртіс сырқаттанып қалғандықтан, ақынның туған күнін атаусыз қалдырмау үшін театр әртістері қысқа уақыт ішінде осындай лирикалық кеш ұйымдастыруды қолға алған. «Ақылдаса келе еркін әрі ашық форматты таңдап, халықпен тікелей сөйлесіп, байланыс орната алатын спектакль ойлап таптық. Әркім өз ойын ортаға салып, жинақтадық. Ары қарай сол бойынша ортақ жүйесін әкеліп ортаға тастадым. Барлығы қолдап, жұп-жұмыр дүние шыққан секілді. Өйткені бүгінгі жұртшылықтың ықыласы ерекше болды. Қойылым кезінде архивтерді ақтардық. Өзінің күнделігі ғана емес, ақынмен тығыз қарым-қатынаста болған сол кездегі мықты тұлғалардың, оның ішінде жары Лашын, Фариза, Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов, Ұлықбек Есдәулет ағамыздың естеліктерін алдық. Күнделіктен келтірілген үзінділер Мұқағалидың таза өзінің қаламынан туған естелік жазбалардан берілді», – дейді театр әртісі, режиссер Әли Бидахмет.
Ақынның жары болу оңай емес. Жары Лашын да жаны мен тәні қатар ауырып, қаламды ғана серік еткен ақыннан бетер қиналды. Бұл туралы ақынның әйелін сомдаған театр әртісі Ажар Шәкіжанова айтып берді. 24 жылдан бері түрлі рөлді сомдап жүргенімен, Лашынның бүгінгі рөлін сомдау әртістің өзіне де салмақты міндет жүктеген көрінеді. Оның айтуынша, көптің ықыласына, махабаттына бөленген адамның жары болу, оның образын алу өте қиын. «Ол туралы көп оқып, ұзақ іздену керек екен. Өміріне барынша жақындасуға тырыстым. Көрерменді алдауға болмайды. Өйткені қазіргі оқырмандардың көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан барынша шынайы жеткізуге тырыстық. Көбі күнделіктен алынған монологтар. Барлығы өмірде болған оқиғалар, ойдан ештеңе алынған жоқ. Барлығын айтуға уақыт шектеулі. Маңызды жерлерін ғана алуға тырыстық. Мұқағалидың өмірі драмаға толы. Қуанышынан гөрі қайғысы көп болған. Жас кезден бастап көп қиыншылық көрген. Ақын мен жарының естеліктерінен байқағаным, Лашын ақыннан бетер жаны ауырған секілді. Бірге уайымдап, бірге қан жұтқан тәрізді. Әрбір өлеңі жазылған сайын өзінің тұла бойынан өткізіп, жарық көргенге дейін жаны жай таппаған. Себебі сол кезде Жазушылар одағы ақынның өлеңдеріне кейде теріс білдіріп, жан-жақтан ши жүгірткен кездерде Лашын да Мұқағалидан артық болмаса, кем қиналмаған. Жарынан жастай айырылған әйелдің де жүрек түкпірінде айтылмай қалған сыры көп екенін ұғасың. Өзі де бір естелігінде «көңіл күйі жақсы болса, еркін сөйлесеміз, ал қабағы қатулы болса, аяқтың ұшымен басып қана қас-қабағына қараймыз» дейтіні бар. Соған қарағанда Лашынның орнында басқа адам болғанда ақынның тағдыры басқаша өрілер ме еді», – дейді Ажар Шәкіжанова. Оның бұл сөзіне дәлел, ақын дүниеден өткеннен кейінгі барлық жинағы әйелінің жинап-теруімен, құрастыруымен жарыққа шыққан. Жаман жар болса, артында қалған мұрасына осыншама жанашыр болар ма еді...
Міне, осындай ақынның рөлін сомдау театр әртісі Ілияс Мұратбекке оңайға соқпапты. «Театрда істеп жатқаныма бір жыл болды. Бұл осы театр қабырғасындағы алғашқы үлкен рөлім. Шынымды айтсам, осындай кісінің рөлін сомдағаныма мақтанамын. Ол кісі туралы халық білмейтін ақпарат өте көп. Естеліктері мен күнделіктерін қатар оқып көз жеткізгенім, Мұқағали мен Фаризаның арасындағы сыйластық аға мен қарындастың махабаттынан аспаған. Бір-біріне арнаған өлеңдері ағасына, қарындасына, қыз болса да сыр ақтаруға тұрарлық, жанын түсінерлік болған соң ақынжандылығы үшін ақтарылған тәрізді. Шын мәнінде, жары Лашын жеңгемізбен шын сүйіп қосылғаны, бір-біріне деген құрметінің ерекше екенін аңғарғандай болдық. Ішім ашитыны, қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалімдер екеуінің арасындағы махаббатты басқаша айтатыны. Соларға көрсеткіміз келеді», – деген Ілияс Мұратбек те ақынға бала кезден еліктеп, өлеңін жаттап өскен екен. «Өзім де өлең жазатын болған соң ақын өміріне үңілу аса қиындық туғызған жоқ, бірақ ақын жанын толық түсіну мүмкін екеніне көз жеткіздім», – дейді ол.
Қойылым аяқталғаннан кейін де ақын өлеңінен арқаланған қалың көрермен туған күн иесінің қаламынан шыққан жыр жолдарын жатқа оқып, лирикалық кештің көрігін қыздыра түсті. Әдемі кештің соңы «Ашық микрофон» форматында жалғасты. Мектеп оқушыларынан бастап ақынның жолын жалғастырған жас ақындарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.