The Qazaq Times басылымы сот залынан тікелей эфир таратты. Cудья Бекмұрат Дүйсенбеков күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, сот залынан ұстауға үкім шығарды.
Сот үкімімен қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға "үтік басып, азаптады" деп айыпталған Айдын Кенжабаев пен Жанбақыт Нұртаза 4 жылға, Сапармұрат Тоқташ 3 жыл 6 ай, Алмас Боқанов пен Ермек Жұмашев 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыпталушылардың барлығына үш жыл құқық қорғау жүйесінде және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, олар шендерінен айырылды.
Бұған дейін Айдын Кенжебаевтан басқасы үйқамақта болған. Үкім оқылғаннан кейін айыпталушылар сот залында қамауға алынды.
Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ. Апелляциялық шағым түсіру үшін 15 күн бар.
Талдықорғанда "азаптау" ісі бойынша бес полиция қызметкері күдікті, 23 адам жәбірленуші деп танылған. Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан. Қазір олардың өліміне қатысты бірқатар іс "күдіктілер анықталмады", "дәлел жеткіліксіз" деген желеумен тоқтатылған.