«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жойылады. Оны «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы алмастырды. Он жыл ішінде осымен үшінші цифрландыру бағдарламасы мерзімінен бұрын тоқтатылмақ. Мұндай кереғарлық, салаға үстірт, салғырт қараушылық мамандардың қатаң сынын туғызды. Жалпы, жаңа жобаның не берері бар? Ол елді «цифрлық» ұшпаққа шығара ма? Қазақстанда жүздеген миллиард теңге шығындалатын бағдарламалар шынында көп емес. Кезінде ғаламат шығынды талап ететін мемлекеттік бағдарламалардың алғашқысы да «Цифрлы Қазақстан» болған еді. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (ЦАРКА) эксперті Сабина Берікова 2021 жылғы қазанда «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жоба қабылданғанын еске салды.
«Ұлттық жоба өзіне бөлінген мерзімнің 20%-ы ғана өткенде жойылғалы тұр. Бұл соңғы 10 жылда мерзімінен бұрын доғарылатын үшінші цифрлық бағдарлама болмақ. Олар жалпы алғанда 17 жыл жүзеге асыруға есептелген еді, алайда бірде бірі ақырғы мақсатына, нысаналы көрсеткіштеріне жете алмады. Мысалы, ең алдымен, 2013-2020 жылдарға арналған «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Ол 2017 жылы жойылды. Сол жылы 2017-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Бірақ 2021 жылы оның да күші тоқтатылды. 2021-2027 жылдарға бағдарланған «Цифрландыру есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы биыл күшін жоятын көрінеді, – деді сарапшы.Себебі Бағдат Мусиннің командасы «Қолжетімді Интернет» байланыс саласындағы пилоттық ұлттық жобаны әзірлеп шықты. Ол Үкімет қаулысымен бекітілмек. Сарапшының бағалауынша, жаңа құжаттың сапасы төмен әрі шикі.
«Шындап келгенде, бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының үшінші бағыты саналатын «Цифрлы Жібек жолының» сәтсіз шыққан компиляциясы ғана. Ол бағдарлама бес бағыттан тұрып еді. Бұл жолы жасалатын шаралар өзара үйлестіріліп, бірыңғай тізбекке тізілмеген. Айталық, Қазақстанға 5G-дің қажеті не? Оны елдің транзиттік әлеуетін арттыру қажеттілігімен және ауылдарда интернеттің жоқтығымен дәйектейді. Бұл проблеммаларды 5G сияқты өте қымбат дүниесіз-ақ шешуге болады. Жаңа құжат жобасында деректерді өңдеу орталықтарының Tier-III стандарты деңгейін енгізу қарастырылған. Ол қандай мақсат пен міндет үшін қажет? Шынында, елімізге Tier емес, Data center, деректер сақтау сыйымдылықтары керек. Әрине, бұл нақты бір Data center-ді сатып алуды негіздеп, ақтап алу үшін жасалғанын да түсінеміз», – деді С.Берікова.Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұстанымынша, транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын құру қажет. Жаңа ұлттық жобада сондай-ақ 2027 жылға қарай мегаполистер аумағының 75 пайызын, облыс орталықтарының 60 пайызын 5G технологиясымен қамту жоспары белгіленбек. Шетелде ғалымдар 5G стандартындағы байланыс жылдамдығын секундына 1 терабайтқа дейін «ұшырды». Бұл жылдамдық, 3 секундта 100 фильмді жүктеп алуға жетеді. Қазақстанға үш жылдан соң мұндай ақылға сыймас ұшқыр интернет не үшін керек болады? Ұлттық жобада оған егжей-тегжейлі жауап жоқ. Бұл технология телемедицинаны бұрын-соңды болмаған биікке көтере алар еді: жоғары білікті дәрігерге астанада отырып, қияндағы ауылда операция жасауына болады. Бірақ 5G байланысы ауылдарға әзір бармайды әрі қашықтан сондай операция жасауға қажетті құрылғылар ауыл түгіл, мегаполистерімізге де жете қойған жоқ.
«5G технологиясын енгізу жоғары деректер жылдамдығын әрі төмен кідірісті қамтамасыз етеді және пайдаланушылардың, құрылғылардың және қызметтердің көбірек санын қолдайды. Сондай-ақ технологияның бұл түрі мемлекет пен бизнес үшін заттар интернетін, Ақылды қалалар мен сервистерді дамыту үшін анағұрлым жоғары тиімділікке ие. Бұл елдегі цифрландыру қарқынын айтарлықтай жеделдетеді», – деп қысқаша ғана дәйектеді Цифрлық даму министрлігі.ADSL технологиясынан арылатын болдық Сарапшылар құжаттың өзге де нысаналы көрсеткіштерін сынады. Жаңа ұлттық жобаның мақсаты ретінде 2027 жылға дейін халық пен бизнестің, әрбір абоненттің интернет желісіне 100 Мбит/секунд жоғары жылдамдықпен қол жеткізуін қамтамасыз ету белгіленген. Бұл орындалса, Қазақстанның өркендеуіне серпін берілмек. Соған жету үшін 5G желісін дамыту жоспарланған. Бірақ 5G-дің жылдамдығы ұлттық жоба межесінен кем дегенде 200 есе көп: 20 гигабайт/секунд (1 терабайтқа дейін барады). Мұндай шектен тыс, басы артық көрсеткішке ұмтылудағы мақсат не? Ел қаржысын босқа, желге шашу болмай ма? Мамандардың айтуынша, жаңа ұлттық жобадағы 100 Мбит/секунд көрсеткішіне жету үшін қолданыстағы 4G стандарты да жеткілікті. Өйткені 4G 1 гигабайт/секундқа дейінгі дерек беру жылдамдығын қамтамасыз ете алады. Неге онда соған әлі күнге қол жеткізілмеді? Пайдакүнемдікке салынған қазақстандық байланыс операторлары базалық стансаларын көптеп құруға инвестиция салғысы келмейді. Салса, көп ақталмайтынын біледі. «Атамекен» палатасының Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Болат Башеевтің айтуынша, қазір кейбір оператор 5G-ді енгізуге қарсы шығуда, өйткені олардың LTE жабдықтарына салған инвестициялары да өтелген жоқ. Өйткені Қазақстанда халықтың тығыздығы төмен, абоненттер сонша көп емес. Бұған қоса, 5G-дің бір ерекшелігі сол, оның жоғары жылдамдығына базалық стансалардың тығыз орналасуы арқылы қол жеткізіледі. Ал бұл тағы да көп ақша төгуді талап етеді. IT сарапшы Сабина Берікованың байламынша, жаңа бағдарламадағы 100 Мб/с межесін басшылыққа алсақ, онда 5G түгіл, 4G-дің әлеуеті алдағы 5 жылда түгесілмейді. Оның аясында республиканың келесі технологиялық серпіліс жасауына әлеует қалады. [caption id="attachment_240412" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Сарапшылар ұлттық жобадан тағы бір қайшылықты тапты. Оның жобасын әзірлеген Б.Мусин командасы 4G байланыс стандарты аясында 5 Мб/с жылдамдығына қол жеткізілгенімен мақтанады, соны қызметінің бір жетістігі деп көрсетті. «Халықтың интернетке қолжетімділік сапасына қанағаттанбауы мәселесін шешу үшін байланыс қызметтері сапасының көрсеткіштері бекітілді: оған сәйкес, 3G-де сапаның ең төменгі параметрлері – 1 Мбит/с, 4G-де – 5 Мбит/с» деп масаттана жазады. Бірақ артынша ADSL модемдік технологиясын одан екі есе көп, 10 Мб/с жылдамдығы үшін аяусыз сынады және одан тезірек құтылуды ұсынады: «ADSL технологиясы дауысты және деректерді 10 Мбит/сек жылдамдықпен ғана қарапайым «мыс» телефон арналары арқылы бір уақытта жіберуге мүмкіндік береді. Бұл абоненттердің қазіргі қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты ADSL (мыс сымдар бойынша) технологиясын интернетке кеңжолақты қолжетімділік технологияларына ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады» делінген жаңа ұлттық жобада. Телефон сымдары арқылы интернетке шығу технологиялары ескіргені жасырын емес, бірақ оны жою неге соқтыратыны жете бағамдалмаған. Біраз елді мекенде сымды интернетке балама да жоқ, олардағы тұрғындардың жағдайы не болады? Бұл сауалға жауап ізделмеген. Қазақстанда 6 290 ауылдық елді мекеннің 4 664-і тіркелген (фиксированный), сымды интернетке қосылған, соның ішінде 2 063 ауыл ADSL технологиясы арқасында ғаламторға шығып отыр. Тек 2 601 ауыл ғана оптика арқылы қосылған. Тіпті, моноқалалардың күні соған қараған. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде ауылдық жерлерде, шағын қалаларда және қала маңында негізінен мыс сымдар арқылы АDSL технологиясы қолданылады: оның үлесі 35%-дан асады. Ірі қалаларда ADSL-ді абоненттердің 25%-ы пайдаланады. «Импортты» интернет тәуелділіктен құтқара ма? Сарапшылар Мусин командасының 5G-ден басқа өршіл мақсаттар қоя алмағанына, батылдық танытпағанына таң. Мысалы, Қазақстан бүгінде Ресей арқылы келетін 6 Тб/с арнасы арқылы жаһандық интернетке қосылған. Елімізде қазірдің өзінде 16 миллионнан астам абонент бар. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін смартфонға шұқшиған заманда ғаламтор сүзетіндер саны тек өсе береді. Осы 16 миллионға бөлгенде 50 Кб/с қана шығады. Телекоммуникация операторлары кэштеу технологиялары арқасында тығырықтан шығып жүр. Салада тапшылықтың құлағы қылтиды. Озық әлемнен оқшауланған Ресей де болашақта, кез келген уақытта интернетті шектеп тастауы ықтимал. Цифрлық даму министрлігі көршіге тәуелділіктен құтылу үшін Каспий түбінен «интернет өткізетін» магистраль салынатынын атап өтті.
«Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп төсеу жөнінде екіжақты үкіметаралық келісім жасалды. Жоба трафиктің Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзербайжанға дейін және ары қарай Еуропаға (Грузия – Қара теңіз – Болгария – Словакия арқылы Германияға) шығуын көздейді. Каспий теңізінің түбіндегі кабелдің ұзындығы шамамен 380-400 шақырымды құрайды. Деректер берудің жобалық сыйымдылығы кемінде 4-6 терабит/с. Сондай-ақ транзиттік трафикті өткізу кезінде кідірістерді азайту үшін Қазақстан аумағы бойынша Шығыстан Батысқа қарай ұлттық гипермагистраль салу қажет делінген «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасында.Мамандар өткізу қабілеті 4-6 Тб/с қана болатын Транскаспий ғаламтор магистралінің жобасы басталмай жатып, ескіріп қалғанына назар аудартады. Себебі тіпті РФ арқылы өтетін 6 Тб/с арнасы Қазақстанның тақиясына тар келе бастады. Сонымен бірге Қазақстан Орталық Азия елдерінің қолын интернетке өз аумағы арқылы жеткізіп отыр. Ендеше Қазақстан технологиялық революцияның жаңа дәуіріне өту, тапшылықтың алдын алу үшін бұдан да ауқымды жобаны – Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға талшықты-оптикалық байланыстың алып магистралін төсеу мега-жобасын қолға алғаны жөн. Сонда Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан республикамыз Шығыс пен Батыс арасындағы ең кемі 2,5 миллиардтан астам абонент арасындағы транзитті өзі арқылы өткізе алады. Әйтпесе, бесжылдық бағдарламаның ірі жобасы ретінде ұсынылған «Транскаспий магистраліндегі» 4-6 Тб/с өткізу қабілеті 32 оптика талшығынан тұрады: ақпараты ғарыштық жылдамдықпен жарысқан заманда мұны салмақты деу әбестік. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын іске асыру үшін 5 жылда 1 трлн 114 млрд 726 млн теңге жұмсау көзделген. Оның ауқымды бөлігі, 531 млрд 988 млн теңгесі – республикалық бюджеттен арна тартады. Тағы 582 млрд 737,6 млн теңгесі – бюджеттен тыс қаражат, жеке инвестициялар есебінен тартылмақ. Ұлан-ғайыр соманы шығындау нәтижесінде 2027 жылы барлық абонент кең жолақты интернетке қол жеткізуі тиіс. Бес жыл ішінде ауылдардың 90%-ына талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілмек. Нәтижесінде, ауылда интернетті пайдаланушылардың үлесі 97%-ға жетпек. Қазақстан 2027 жылы ADSL технологияларынан бас тартып, жоғары жылдамдықты өзге технологияларға 100% ауысады. Халықтың жаңа технологиялар игілігін көруіне биліктің қам жасағаны қуантады. Дегенмен «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейді қазақ даналығы. Олай болса, ел Үкіметі Қазақстанның цифрландырылу келешегін айқындайтын жаңа ұлттық жобаны әлі де пысықтай түссе жөн.