Елордада Азияның 31 елінен 500-ден астам спортшы бақ сынаған байрақты бәсеке өтті. Жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионатында ел құрамасы екінші орын алды. Қоржынға он екі медаль түсті, тең жартысы – алтын. Біріншілік барысында жаңа есімдер де жарқырай көрінді. Жабық кешендегі ашық айқас
Иә, қатысушылар үшін Азия чемпионатының орны бөлек. 10-12 ақпан аралығында өткен сары құрлық додасының ашылу рәсіміне Азия жеңіл атлетика қауымдастығының Президенті Дахлан әл-Хамад, Премьер-Министр Әлихан Смайылов, еліміздің Жеңіл атлетика федерациясы президенті Даниал Ахметов қатысып, сәттілік тіледі.
Кешкі сессияның алғашқы финалында Қазақстан қоржынына бірінші медаль түсті. Каролин Чепкоеч Кипкируи 3 мың метрге жүгіруде мәреге бірінші келіп, чемпион атанды. Отандасымыздың уақыт көрсеткіші – 9.01.98 секунд. Қытайлық Уга Хэ күміс алса, жапониялық Юма Йамамото үздік үштікті түйіндеді. Осы санат бойынша ерлер арасында 3000 метр қашықтыққа жүгіруден отандасымыз Шэдрак Кимутай Коеч қолаға қол созды. Алтын медаль 7.55.25 нәтижесімен Мухаммад Алгарниге (Катар), күміс жүлде 7.56.41 нәтижесімен Кейта Сатоға (Жапония) бұйырды.
Ал көп уақыт өтпей, 60 метрге жүгіруде Ольга Сафронова күміс жүлде жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 7.32 секундта жүгіріп өтті. Иран спортшысы Фарзане Фасихи 7.28 секунд нәтижесімен қарсылас шақ келтірмесе, индонезиялық Валентин Ванеза 3-орын (7.37 секунд) иеленді. Ерлер арасында 60 метрге жүгіруге келсек, 6.59 секунд нәтижесімен Бангладеш спортшысына алтын медаль бұйырды. Екінші орынды 6.65 секунд нәтижесімен Шак Кам Чинг (Гонконг), үшінші орынды 6.66 секунд нәтижесімен Риота Сузуки (Жапония) жеңді.
400 метр қашықтыққа маманданған отандастарымыз біліктілік анықтау жарыстарында мәре сызығын бірінші болып кесті. Нәтижесінде, Михаил Литвин 46.97 нәтижесімен, Вячеслав Земс 47.32 нәтижесімен чемпионаттың финалына жолдама алды. Ақтық сында Михаил Литвин 46.39 секунд нәтижесімен мәре сызығын екінші болып кесті. Ол Катар спортшысы Амар Исмаил Ибраһимге (46.25 секунд) бірнеше миллисекундқа есе жіберді. Үздік үштікті қытайлық Фан Тианруи (47.30 секунд) қорытындылады.
Әйелдер арасында 400 метрге жүгіруден спортшымыз Элина Михина 54.07 нәтижесімен қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді. Екінші орынды вьетнамдық спортшы Ти Уен (54.67 секунд), үшін орын индонезиялық Шри Мая (54.88) иеленді.
Ал ерлер арасында 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Давид Ефремов топ жарды. Спортшымыз бұл қашықтықты 7.65 секундта жүгіріп өтті. Тайван елінің үміті Чен Куэй-ру күміс жүлдеге ие болса, жапон Сюхей Исикава қоланы қанағат тұтты. Әйелдер арасындағы сынға келсек, дәл осы сайыс бойынша алтын жүлде жапон Масуми Аокиге бұйырды. Үндістандық Джоти Ярраджи күміс медаль алса, Қытай атлеті Джиамин Чен үштік үштікке ілікті.
Ерлер арасында ядро итеруде үндістандық Тажендерпал Сайд Тур 19.49 метр нәтижесімен 1-орын, Каранвир Сайд 19.37 метр нәтижесімен 2-орын алды. Қытайлық Чжен Сиаодон 18.85 метр нәтижесімен үздіктер көшін қорытындылады.
Әйелдер арасындағы бессайыс қорытындысы бойынша өзбекстандық Екатерина Воронина 862 ұпаймен 1-орын, үндістандық спортшы 2-орын, ал жапондық Юки Ямашаки 846 ұпаймен 3-орын иеленді.
Ал жарыстың екінші Ақбаян Нұрмамет 1500 метрге жүгіруден қола жүлде жеңді. Оның көрсеткіші – 4.21.31. 1-орынды вьетнамдық Нгуен Тхи Оан 4.15.55 нәтижесімен, 2-орынды жапондық Юме Гото 4.19.29 нәтижесімен жеңіп алды.
Ерлер арасында үш қарғып секіруден қытайлық Фан Яо Кинг 17.20 метр нәтижесімен топ жарды. Үндістандық Правин Чизравел 16.98 нәтижесімен 2-орын, кореялық Ю Гюмин 16.73 метр нәтижесімен 3-орын алды.
Әйелдер арасында сырықпен секіруден жапониялық спортшы Маю Насу 4 метр биіктікті еңсеріп, чемпион атанды. Ал үндістандық спортшы мүмкіндік санынан ғана есе жіберіп, 4 метр көрсеткішпен екінші орынға тұрақтады. Рози Мина Паулраж (Үндістан) 3.90 нәтижесімен үшінші орын алды.
Әйелдер құрамасы эстафетада (4+400 м) жеңіске жетті.
Аделина Земс, Александра Залюбовская, Кристина Кондрашева мен Элина Михина мәреге бірінші келді (3:44.21 секунд).
Эстафетадан ерлер командасы да Азия чемпионы атанды.
Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс және Михаил Литвин 3:09.15 нәтижесімен ел қоржынына кезекті медаль әкеліп, сонымен қатар ұлттық құрама рекордын жаңартты. Екінші орынды 3:09.26 нәтижесімен Катар команадасы иеленсе, үшінші орынды 3:34.45 нәтижесімен Тәжікстан құрамасы еншіледі.
Азия чемпионатында әйелдер арасында биіктікке секіруден барлық жүлделі орындарды Қазақстан спортшылары иеленді.
1.89 м үздік биіктікті Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова еңсерді. Овчинникова тек мүмкіндік сананын ғана есе жіберді. Үшінші орынды 1.84 нәтижесімен Елизавеета Матвеева иеленді. Желаяқтарымыз да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Осылайша, жеңіл атлеттердің жетістігі Қазақстанға есеп қорытындысы бойынша 2-орын биігінен көрінуге мүмкіндік берді. 1-орында Жапония құрамасы, ал Катар командасы үздік үштікті түйіндеді.
Келесі меже – Тегеран
Qazaqstan спорт кешенінде өткен Азия чемпионаты жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Қуантарлығы, ұл-қызын ертіп әкелген ата-ана көп. Одан бөлек, отандастарымызды қолдауға келген зейнеткерлер де бар.
«Мен спортшыларымыз бен жанкүйерлерімізді лайықты нәтижемен құттықтаймын. Дәл осындай жарқын жеңістер жас спортшылар үшін керемет мотивация әрі елімізде жеңіл атлетиканың дұрыс бағытта келе жатқанының көрсеткіші деп білемін. Келесі Азия чемпионаты Тегеранда өтеді. Иран біріншілігінде спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетуін тілейміз», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Жоғарыда 69 жеңіл атлет ел намысын қорғаған сында құрама 12 жүлде алғанын жаздық. Ал Федерация президенті Даниал Ахметов спортшылардың тоғыз медаль алатынына сенімді екенін айтқан еді. Спортшылар күткен нәтижені артығымен орындап, кезекті бәсекеге дайындықты бастап кеткен.
«Мансабымдағы алғашқы Азия чемпионатында бақ сынадым. Эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әр елдің үздік спортшылары жиналды. Тәжірибелі спортшылармен күш сынасу мен үшін өте қызық болды. Барлығына қолдауы үшін, маған деген сенімі үшін рахмет! Әрине, мені әрқашан демеп, үмітін үзбегені үшін жаттықтырушыма алғыс айтқым келеді. Біз жаттығуды ары қарай жалғастырамыз. Еліміздің көк туы бұдан да биікте желбірегенін қалаймыз», – деді Ақбаян Нұрмамет.