«Жер аманаты»: Жайылымның көлемі ұлғайды
«Жер аманаты»: Жайылымның көлемі ұлғайды
8,663
оқылды
Бүгінде ел аумағында жайы­лым жер мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Кезінде «көкесі» мен «жәкесі» мықтылар мем­лекеттік жер­ді меншіктеп алған. Олар бүгінге дейін сол жерді қыз­ғыштай қорып келді. Ауыл маңын­дағы жайылым жерлер та­рылған, тұрғындар төрт түлігін қай­да жаярын білмей отыр. Аталған түйт­кілдің түйінін тарқатып, тығы­рықтан шығар жолды табу мақ­са­тында былтыр «AMANAT» пар­тия­сының жанынан «Жер аманаты» комис­сиясы құрылған болатын. 208 мың гектар жер қайтарылды «AMANAT» партиясы Жамбыл об­лыс­тық филиалы берген ақпаратқа сүйенсек, «Жер аманаты» комиссия­сының араласуы­мен былтыр өңірде 208 мың гектар жер ауыл тұрғындарының игілігіне қайтарылған екен. – Байзақ ауданындағы бір ғана Түй­мекент ауылдық округінде 17 мың 637,45 гектар жер бар болса, қажеттілік 1 133 гек­тарды құраған. Осы мәселе кезең-кезеңімен шешімін тапты. Түймекент ауылдық округі әкімі аппараты мен «Достық-99» шаруа қожалығы арасында бос жерге мал жаюға рұқсат алу туралы меморандум жасалды. Ол жердің жалпы аумағы 500 гектарды құрады.
– Сондай-ақ «AMANAT» партия­сының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің облысқа жасаған іс-сапарынан кейін жайылым мәселесі жіті бақылауға алы­нып, ауылдағы 801,3 гектар босалқы жердің картасы әзір­леніп, бекітілді. Осы жерлер жергілікті мәс­лихаттың ше­шімімен жайылым жердің қатарына кірді. Нәтижесінде, былтыр 208 мың гектар жер қайта айналымға қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жал­ғасын табады, – дейді «AMANAT» пар­тиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Ауылдағы ағайынның алғысы Өз кезегінде партия пәрменімен мә­се­ленің оңтайлы шешіліп жатқанына бұқара алғысын айтуда.
– Бұрын ауыл маңынан мал жаятын жер таппай қатты қиналатынбыз. Малды бос жіберсең, біреудің бақшасына түсіп, соңы айқай-шуға ұласып жататын. Содан қо­рамыздағы малды әупірімдер жем-шөбін әкеліп, қолда ұстап жүрдік. Енді міне ауылда «Жер аманаты» ко­миссиясы жұмыс жүргізгеннен кейін көп мәселе шешімін таба бастады. Игерусіз жат­қан жерлер мем­лекет меншігіне қайтарылып, өзге шаруа қожалықтармен мәміле жасап, тынысымыз ашылып қалды. Осындай игі бастамаға ұйытқы болып, халықтың жоғын жоқтаған «AMANAT» партиясын және «Жер ама­наты» жобасын жандандырған азамат­тарға алғысымды айтамын, – дейді Түймекент ауылының тұрғыны Мұхтар Сәлімбаев.
Негізі, «Жер аманаты» комиссия­сының араласуынан кейін Түймекент пен Үлгілі ауылдық округтерінің әкім­діктері жалпы ау­даны 3 197 гектар жайы­лым жерді пай­далану бойынша 84 шаруа қожалығымен меморандумға жаса­лыпты. Осылайша, «Жер аманаты» ко­миссиясы жайылым жер­лерді қайтаруға қозғау салып кеткеннен кейін партияның өңірлік филиалы да тұр­ғындармен кез­десіп, бұл бағыттағы жұмыс­тарды күшейткен. Филиалдың төрағасы Дауыл Ынтықбайұлының бастауымен партия мүшелері Жуалы ауданына қарасты Қарасаз бен Нұрлыкент ауылдарында болған. Жергілікті билік пен шаруалар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыс­тарының арқасында аймақта 700 гектар жер ауыл тұрғындарына қайтарылған. Дәл осындай жұмыс Қордай ауданында жүр­гізіліп, өз жемісін берген. «Жер аманаты» комиссиясының жұ­мысын еңбек ардагері Төлеутай Базар­алы­ұлы да жоғары бағалап отыр.
– Кеңес үкіметі кезінде 30 жылға жуық кеңшардың малын бақсам да, жайылымнан таршылық көрмедім. Оған себеп белгіленген тәртіп бойынша төрт түлікті көктемде көк­теуге, жазда жай­лауға, күзде күздеуге, қыста қыстауға шы­­ғаратынбыз. Яғни, малды бір орын­нан екінші орынға ауыстырып, жерді тынықтыратынбыз. Ал қазір малшылар бірден жайлауға, не қыстауға тартады. Малды орта көктеу мен күздеу ұмыт қал­ды. Нәтижесінде, жақындағы жайылым жерді мал тұяғы тоздырып жіберді. Егер малшы­ларға ауылдан қашық аумақтағы жерлерге көктеуге, жайлауға және күз­деуге шығуды міндеттесек, бұл мәселе бір шешімін табар еді, – дейді еңбек ардагері.
Қалай дегенде де, «Жер аманаты» ко­миссиясының Жамбыл жеріндегі жұмы­сының нәтижесі көңіл көншітеді. Оған дәлел, өткен жылы өңірде 208 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайта­рылып отыр. Партия жанынан құрылған комиссия биыл да мемлекетке тағы 200 мың гектар жерді қайтаруды жос­парлауда. Бұл сөз жоқ, көпке үлгі.

Жамбыл облысы