Бүгінде ел аумағында жайылым жер мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Кезінде «көкесі» мен «жәкесі» мықтылар мемлекеттік жерді меншіктеп алған. Олар бүгінге дейін сол жерді қызғыштай қорып келді. Ауыл маңындағы жайылым жерлер тарылған, тұрғындар төрт түлігін қайда жаярын білмей отыр. Аталған түйткілдің түйінін тарқатып, тығырықтан шығар жолды табу мақсатында былтыр «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын. 208 мың гектар жер қайтарылды «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы берген ақпаратқа сүйенсек, «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен былтыр өңірде 208 мың гектар жер ауыл тұрғындарының игілігіне қайтарылған екен. – Байзақ ауданындағы бір ғана Түймекент ауылдық округінде 17 мың 637,45 гектар жер бар болса, қажеттілік 1 133 гектарды құраған. Осы мәселе кезең-кезеңімен шешімін тапты. Түймекент ауылдық округі әкімі аппараты мен «Достық-99» шаруа қожалығы арасында бос жерге мал жаюға рұқсат алу туралы меморандум жасалды. Ол жердің жалпы аумағы 500 гектарды құрады.
– Сондай-ақ «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің облысқа жасаған іс-сапарынан кейін жайылым мәселесі жіті бақылауға алынып, ауылдағы 801,3 гектар босалқы жердің картасы әзірленіп, бекітілді. Осы жерлер жергілікті мәслихаттың шешімімен жайылым жердің қатарына кірді. Нәтижесінде, былтыр 208 мың гектар жер қайта айналымға қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табады, – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.Ауылдағы ағайынның алғысы Өз кезегінде партия пәрменімен мәселенің оңтайлы шешіліп жатқанына бұқара алғысын айтуда.
– Бұрын ауыл маңынан мал жаятын жер таппай қатты қиналатынбыз. Малды бос жіберсең, біреудің бақшасына түсіп, соңы айқай-шуға ұласып жататын. Содан қорамыздағы малды әупірімдер жем-шөбін әкеліп, қолда ұстап жүрдік. Енді міне ауылда «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс жүргізгеннен кейін көп мәселе шешімін таба бастады. Игерусіз жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, өзге шаруа қожалықтармен мәміле жасап, тынысымыз ашылып қалды. Осындай игі бастамаға ұйытқы болып, халықтың жоғын жоқтаған «AMANAT» партиясын және «Жер аманаты» жобасын жандандырған азаматтарға алғысымды айтамын, – дейді Түймекент ауылының тұрғыны Мұхтар Сәлімбаев.Негізі, «Жер аманаты» комиссиясының араласуынан кейін Түймекент пен Үлгілі ауылдық округтерінің әкімдіктері жалпы ауданы 3 197 гектар жайылым жерді пайдалану бойынша 84 шаруа қожалығымен меморандумға жасалыпты. Осылайша, «Жер аманаты» комиссиясы жайылым жерлерді қайтаруға қозғау салып кеткеннен кейін партияның өңірлік филиалы да тұрғындармен кездесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткен. Филиалдың төрағасы Дауыл Ынтықбайұлының бастауымен партия мүшелері Жуалы ауданына қарасты Қарасаз бен Нұрлыкент ауылдарында болған. Жергілікті билік пен шаруалар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында аймақта 700 гектар жер ауыл тұрғындарына қайтарылған. Дәл осындай жұмыс Қордай ауданында жүргізіліп, өз жемісін берген. «Жер аманаты» комиссиясының жұмысын еңбек ардагері Төлеутай Базаралыұлы да жоғары бағалап отыр.
– Кеңес үкіметі кезінде 30 жылға жуық кеңшардың малын бақсам да, жайылымнан таршылық көрмедім. Оған себеп белгіленген тәртіп бойынша төрт түлікті көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күздеуге, қыста қыстауға шығаратынбыз. Яғни, малды бір орыннан екінші орынға ауыстырып, жерді тынықтыратынбыз. Ал қазір малшылар бірден жайлауға, не қыстауға тартады. Малды орта көктеу мен күздеу ұмыт қалды. Нәтижесінде, жақындағы жайылым жерді мал тұяғы тоздырып жіберді. Егер малшыларға ауылдан қашық аумақтағы жерлерге көктеуге, жайлауға және күздеуге шығуды міндеттесек, бұл мәселе бір шешімін табар еді, – дейді еңбек ардагері.Қалай дегенде де, «Жер аманаты» комиссиясының Жамбыл жеріндегі жұмысының нәтижесі көңіл көншітеді. Оған дәлел, өткен жылы өңірде 208 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Партия жанынан құрылған комиссия биыл да мемлекетке тағы 200 мың гектар жерді қайтаруды жоспарлауда. Бұл сөз жоқ, көпке үлгі.
Жамбыл облысы