Денсаулық сақтау ісін дендеген «дерт»
Денсаулық сақтау ісін дендеген «дерт»
© коллаж: Әсел Балтақызы
756
оқылды
Алматы тұрғындарының қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масына деген наразылығы күн санап артып келеді. Оған арнайы жүргізіл­ген әлеуметтік зерттеулер дәлел болады. Зерттеу кезінде сұратылған рес­понденттердің 53,9 пайызы қа­ла­дағы медициналық қызметтің са­пасы мен қолжетімділігіне қана­ғат­танбайтынын айтқан. Басқармаға 16 маман жетіспейді Алматы қаласы әкімінің 2022 жылғы 16 маусымдағы №48 өкімімен бекітілген штат­­тық кестеге сәйкес қазір қалалық Қо­ғамдық денсаулық сақтау басқар­ма­сын­да мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің штат саны 34 пайызды құрайды. Алайда бас­қарманы қажетті кадрлармен қамта­ма­сыз ету көрсеткіші бар болғаны 53 пайызға тең. Қалған 16 мемлекеттік қызметкердің ор­н­ы әлі күнге дейін бос тұр. Басқармадағы ма­ман тапшылығы бірнеше жылдан бері қа­лыпты жағдайға айналғандай. Ал бұл ол­­­қылық қаланың денсаулық сақтау ­жүйе­сіндегі жұмыс сапасының әлсіреу себебінің бірі. Жақында «АМАNАТ» партиясы Алма­ты қалалық филиалы жанындағы Cыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қо­ғамдық кеңес осы басқармадағы сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойын­ша жүргізіліп жатқан жұмыстарды зерделеу бойынша жұмыс тобын құрып, тексеру жүргізген болатын. Жұмыс тобы Алматы қаласы әкімді­гі­нің сайтында өткен жылы жа­рия­­ланған Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масының бос лауазымдары туралы ха­­­барландыруларға талдау жасалған екен.
«Талдау барысында бос орындарға жа­­рияланған хабарландырулар тек са­нау­лы позицияларға қатысты екені анық­тал­ды. Мәселен, конкурстық хабар­лан­дыру­лар басқарма басшысы, басшының орын­басары, ана мен бала денсаулығын қор­ғау бөлімінің басшысы, әкімшілік, кадр­лық және құқықтық жұмыс бөлімінің бас­шы­сы, бөлімдердің бас маманы секілді орын­дарға ғана жарияланған. Ал жоғарыда айт­қанымыздай, басқармада 16 маманның орны бос тұр. Өкініштісі, ол мамандарды қыз­метке алу үшін конкурс та жариялан­ба­ған», – дейді жұмыс тобының мүшесі Гүлмира Әбдікәрімова.
Тағы бір қызығы, тексеріс кезінде бас­қармадағы бос тұрған мамандардың мін­де­тін мекемеге қарасты ұйымдардың қыз­­­­­­­­­­меткерлері атқарып отырғаны белгілі бол­ды. Олар тіпті мемлекеттік қызметкер бол­маса да, түрлі іссапарға жіберіліп отыр­ған. Бұл «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заңға және Еңбек кодексінің талап­тары­на сай келмейді. Әйтсе де, тұтас ме­га­полистің денсаулық сақтау саласына жауап­ты басқарма басшылығы бұл заңды­лық­тан хабарсыз сияқты. Өйткені мекеме өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралы­ғын­да түрлі мемлекеттік органға мемле­кет­тік қызметте жұмыс істемейтін осындай 13 адам іссапарға жіберіліпті. Бас дәрігерлік бұйырған «бақ» па? Алматыда медициналық ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялау тәжіри­бесі де тоқтап тұр. Осыдан барып кейбір ем­хана, аурухананың бас дәрігерлері бір ме­кемеде 13 жылға дейін басшылық жа­сай­ды.
«Бір тұлғаның бір лауазымда ұзақ уақыт болуы – сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерінің алғышарты. Соңғы жылдары қа­ланың денсаулық сақтау жүйесінде сы­байлас жемқорлық сипатындағы құқық­бұзу­шылық саны айтарлықтай өсті. Нор­мативтік-құқықтық актілерде басқар­ма­ның ведомстволық бағынысты ұйымдары­ның бас дәрігерлерін ротациялау бойынша та­лаптар жоқ. Ол аздай, тексеру кезінде қаладағы бес бір­дей медициналық ұйымның бірінші басшысы зейнеткерлік жасқа жеткен», – дейді жұмыс тобының мүшесі.
Жоғарыда айтқан партия филиалы жа­нындағы қоғамдық кеңестің тексеруі ке­зінде басқармаға қарасты бірнеше меди­циналық ұйымның веб-сайттарында ай­тар­лықтай кемшіліктер де анықталыпты. Мәселен, мекемедегі бақылау кеңесінің құра­мы мен қызметі туралы ақпарат жаңар­тылмаған. Кейбірінде тіптен ешқан­дай дерек жоқ. Кейбір медициналық ұйым­дардың веб-сайттарында әлдеқашан күші жойылған нормативтік-құқықтық актілерді кездестіруге болады. Сонымен қатар кейбір ақпараттардың мем­лекеттік тілдегі нұсқасы жоқ. Жедел көмек жылдам жетпейді Тұрғындар арасында жүргізілген бір­не­ше әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі тұрғындар Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кері байланыс орнатуға да ниетті емес екенін көрсетіп берді. Бас­қар­маның бірыңғай электронды құжат ай­налымы жүйесінде былтыр барлығы 1 908 кіріс хат тіркелген. Оның 1 785-не жауап қайтарылмаған. Бұл көрсеткіш жал­пы хаттың 93,6 пайызын құрайды. Келген құжаттардың басым бөлігі түрлі олқылыққа қатысты қала тұрғындары тарапынан түс­кен арыз-шағымдардан тұрады. Көбіне бұл мәселелер әлеуметтік желілерде жария­лан­ғаннан кейін ғана шешіле бастайтын көрінеді. Мегаполисте жалпы саны 73 медици­на­лық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымы бар. Оның 40-ы мемлекет­тік, қал­ған 33-і жекенің меншігінде. Десе де, қала тұрғындары бас ауырып, балтыры сыз­дай қал­ғанда жедел жәрдемнің «жедел» кел­мей­тінін айтады. Бір қызығы, қаладағы бар­лық МСАК ұйымында шақыруды бас­қару­дың автоматтандырылған ортақ жүйе­сі (шақыруды қабылдау диспетчерінің жұмыс орны) жоқ.
«Бұл олқылық жедел көмекті ша­қыру­ды басқарудың автоматтандырылған жүйе­сі жеделділік санатындағы шақырту­ды қабылдау мен көмек жіберу кезінде айтарлықтай қиындық туғызады», – дейді Гүлмира Әбдікәрімова.
Жұмыс тобының мүшелері шаһарда нев­рология, офтальмология, эндок­ри­но­ло­гия, травматология, пульмонология са­ла­ларында жоспарлы стационарлық кө­мектің қолжетімді емесін анықтаған. Нақ­тырақ айтсақ, кейбір тұрақты түрде ем қа­былдап тұруы тиіс науқастардың жос­пар­лы ауруханаға жатуды күту мерзімі 90-нан 150 күнге дейін созылып кетеді екен. Қайткен күнде де, алматылықтар дә­рі­герлердің дертіне дер кезінде дауа таба алмай жүргеніне қапалы. Ал олардың қыз­метін ұйымдастырып, бақылап отыратын бас­қармадағыдай жағдай әлгіндей бол­ған­да мегаполистегі медициналық қызмет са­пасының жақсаруы екіталай. Бұл орайда қала әкімдігі бәрін өздеріне қарасты бас­қарманың жұмысын бір арнаға түсіруден бастағаны жөн секілді.

Алматы қаласы