Алматы тұрғындарының қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына деген наразылығы күн санап артып келеді. Оған арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер дәлел болады. Зерттеу кезінде сұратылған респонденттердің 53,9 пайызы қаладағы медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанбайтынын айтқан. Басқармаға 16 маман жетіспейді Алматы қаласы әкімінің 2022 жылғы 16 маусымдағы №48 өкімімен бекітілген штаттық кестеге сәйкес қазір қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің штат саны 34 пайызды құрайды. Алайда басқарманы қажетті кадрлармен қамтамасыз ету көрсеткіші бар болғаны 53 пайызға тең. Қалған 16 мемлекеттік қызметкердің орны әлі күнге дейін бос тұр. Басқармадағы маман тапшылығы бірнеше жылдан бері қалыпты жағдайға айналғандай. Ал бұл олқылық қаланың денсаулық сақтау жүйесіндегі жұмыс сапасының әлсіреу себебінің бірі. Жақында «АМАNАТ» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес осы басқармадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды зерделеу бойынша жұмыс тобын құрып, тексеру жүргізген болатын. Жұмыс тобы Алматы қаласы әкімдігінің сайтында өткен жылы жарияланған Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бос лауазымдары туралы хабарландыруларға талдау жасалған екен.
«Талдау барысында бос орындарға жарияланған хабарландырулар тек санаулы позицияларға қатысты екені анықталды. Мәселен, конкурстық хабарландырулар басқарма басшысы, басшының орынбасары, ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы, әкімшілік, кадрлық және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы, бөлімдердің бас маманы секілді орындарға ғана жарияланған. Ал жоғарыда айтқанымыздай, басқармада 16 маманның орны бос тұр. Өкініштісі, ол мамандарды қызметке алу үшін конкурс та жарияланбаған», – дейді жұмыс тобының мүшесі Гүлмира Әбдікәрімова.Тағы бір қызығы, тексеріс кезінде басқармадағы бос тұрған мамандардың міндетін мекемеге қарасты ұйымдардың қызметкерлері атқарып отырғаны белгілі болды. Олар тіпті мемлекеттік қызметкер болмаса да, түрлі іссапарға жіберіліп отырған. Бұл «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға және Еңбек кодексінің талаптарына сай келмейді. Әйтсе де, тұтас мегаполистің денсаулық сақтау саласына жауапты басқарма басшылығы бұл заңдылықтан хабарсыз сияқты. Өйткені мекеме өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында түрлі мемлекеттік органға мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін осындай 13 адам іссапарға жіберіліпті. Бас дәрігерлік бұйырған «бақ» па? Алматыда медициналық ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялау тәжірибесі де тоқтап тұр. Осыдан барып кейбір емхана, аурухананың бас дәрігерлері бір мекемеде 13 жылға дейін басшылық жасайды.
«Бір тұлғаның бір лауазымда ұзақ уақыт болуы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алғышарты. Соңғы жылдары қаланың денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық саны айтарлықтай өсті. Нормативтік-құқықтық актілерде басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдарының бас дәрігерлерін ротациялау бойынша талаптар жоқ. Ол аздай, тексеру кезінде қаладағы бес бірдей медициналық ұйымның бірінші басшысы зейнеткерлік жасқа жеткен», – дейді жұмыс тобының мүшесі.Жоғарыда айтқан партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің тексеруі кезінде басқармаға қарасты бірнеше медициналық ұйымның веб-сайттарында айтарлықтай кемшіліктер де анықталыпты. Мәселен, мекемедегі бақылау кеңесінің құрамы мен қызметі туралы ақпарат жаңартылмаған. Кейбірінде тіптен ешқандай дерек жоқ. Кейбір медициналық ұйымдардың веб-сайттарында әлдеқашан күші жойылған нормативтік-құқықтық актілерді кездестіруге болады. Сонымен қатар кейбір ақпараттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ. Жедел көмек жылдам жетпейді Тұрғындар арасында жүргізілген бірнеше әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі тұрғындар Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кері байланыс орнатуға да ниетті емес екенін көрсетіп берді. Басқарманың бірыңғай электронды құжат айналымы жүйесінде былтыр барлығы 1 908 кіріс хат тіркелген. Оның 1 785-не жауап қайтарылмаған. Бұл көрсеткіш жалпы хаттың 93,6 пайызын құрайды. Келген құжаттардың басым бөлігі түрлі олқылыққа қатысты қала тұрғындары тарапынан түскен арыз-шағымдардан тұрады. Көбіне бұл мәселелер әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін ғана шешіле бастайтын көрінеді. Мегаполисте жалпы саны 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымы бар. Оның 40-ы мемлекеттік, қалған 33-і жекенің меншігінде. Десе де, қала тұрғындары бас ауырып, балтыры сыздай қалғанда жедел жәрдемнің «жедел» келмейтінін айтады. Бір қызығы, қаладағы барлық МСАК ұйымында шақыруды басқарудың автоматтандырылған ортақ жүйесі (шақыруды қабылдау диспетчерінің жұмыс орны) жоқ.
«Бұл олқылық жедел көмекті шақыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесі жеделділік санатындағы шақыртуды қабылдау мен көмек жіберу кезінде айтарлықтай қиындық туғызады», – дейді Гүлмира Әбдікәрімова.Жұмыс тобының мүшелері шаһарда неврология, офтальмология, эндокринология, травматология, пульмонология салаларында жоспарлы стационарлық көмектің қолжетімді емесін анықтаған. Нақтырақ айтсақ, кейбір тұрақты түрде ем қабылдап тұруы тиіс науқастардың жоспарлы ауруханаға жатуды күту мерзімі 90-нан 150 күнге дейін созылып кетеді екен. Қайткен күнде де, алматылықтар дәрігерлердің дертіне дер кезінде дауа таба алмай жүргеніне қапалы. Ал олардың қызметін ұйымдастырып, бақылап отыратын басқармадағыдай жағдай әлгіндей болғанда мегаполистегі медициналық қызмет сапасының жақсаруы екіталай. Бұл орайда қала әкімдігі бәрін өздеріне қарасты басқарманың жұмысын бір арнаға түсіруден бастағаны жөн секілді.
Алматы қаласы