Алматыда тұмауға шалдыққандар саны көбейді 

Алматыда тұмауға шалдыққандар саны көбейді 

Өткен аптада Алматы қаласында ЖРВИ, тұмауға 19 394 адам шалдыққан. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 906,71, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 9,1% пайызға жоғары (5-аптадағы көрсеткіш – 830,46). Өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 1,6 есе жоғары (2022 жылғы 6-аптадағы көрсеткіш – 554,64). Бұл аурудың 70,6%-ы балаларды қамтиды.  Бұл туралы Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары хабарлады.  Департаменттің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталған  2022 жылғы 1 қазаннан 2023 жылғы 8 ақпанға дейін қалада ЖРВИ-ның 395 595 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші  18 494,86 болды. Бұл   өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 22,8%-ға жоғары.

 «Сонымен қатар  оңтүстік мегаполисте басқада тұмауға жатпайтын ЖРВИ-ға шалдыққандар да бар. Атап айтқанда, РС вирусы, риновирус, парагрипп, бокавирус, метапневмовирус, аденовирус және маусымдық коронавирус. Қала бойынша эпидемияға дейінгі маусымда 2022 жылғы қыркүйектен бастап 1 желтоқсанға дейін тұмауға қарсы 224 706 адам егілген. Бұл – қаланың жалпы халқының 10,5 пайызы.  Оның ішінде, жергілікті бюджет қаражатына 210 000 «тәуекел тобындағы» адам (100%), ақылы негізде жеке медициналық орталықтарда жұмыс берушілердің қаражатына барлығы 10 576 адам және өз қаражатына   4 130 адам егілді», – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Мамандар тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі – уақытылы вакцинация алу. Тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырайды. Сондықтан тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын эпидемияға дейінгі маусымда (қазан-қараша айлары) вакцинамен алу керек. Жеке гигиенаны сақтаған абзал.

Алматы