«Естеріңізде болса, Astana MediaWeek форумында біз медиаиндустрияны зерттеумен, журналистика және коммуникация саласындағы мамандардың біліктілігін арттырумен жүйелі түрде айналысатын орталық ашамыз деген едік. Енді, міне соның орайы бүгін келіп отыр. MediaLab орталығы медиа тұтыну паттерндерін ғылыми тұрғыда зерттеуді, журналистердің, әсіресе аймақтағы журналистердің біліктілігін арттыруды, салалық журналистиканы жетілдіруді, баспасөз хатшыларының кәсіби дағдыларын дамытуды көздейді» деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.Орталық еліміздің әр аймағындағы университеттерде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге де әдістемелік қолдау көрсетпек. Бұл орайда министр әлемдегі журналистика мектептерінің озық деген оқу бағдарламаларын «Ашық силлабус» жобасы аясында Қазақстанға әкеліп, үздік кітаптар мен оқулықтарды қазақ тіліне аудару жоспарланғанын жеткізді. Ал Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек ведомствода қолға алынған жобаларға тоқталып, олар жайында халыққа кеңінен ақпарат таратуда БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға ниетті екеніне тоқталды. Кездесуде сондай-ақ медиа мамандықтар үшін оқулықтар даярлау, басып шығаруды, «Болашақ» бағдарламасымен журналистерді оқытуды ұйымдастыру мәселесі де сөз болды.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ